DIGITAL KAZAKHSTAN

Жаңа сервис жұмысты жеңілдетеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Электрондық жеке іс» жаңа сервисін іске қосты. Бұл жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қызметкер жұмысқа кірер алдында құжаттарды тек электронды түрде толтырады.

«Жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерден еңбек кітапшасын, жеке парақ пен өмірбаянды жазбаша тапсыруды талап етеді. Азаматтардың бұған наразылық білдіруі орынды. Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында.

Енгізілген сервистің арқасында әлеуетті қызметкердің түйіндемесі қаралады және оны одан әрі ресімдеу кезінде жұмыс беруші қызметкердің жеке ісін электрондық форматта алу үшін Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) сұрау салады.

Жұмыс беруші Еңбек кодексінде сипатталған шарттар шеңберінде жеке куәлік деректерін, фотосурет, білімі және отбасы мүшелері туралы ақпарат, вакцинация, ЕШЕБЖ-дан жұмыс тәжірибесі туралы ақпаратты сұратуға құқылы. Бұдан басқа, жеке бас анықтамаларын электронды түрде ала алады.

Бұл ретте жұмыскерге смс арқылы немесе Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) порталындағы жеке кабинетке хабарлама жіберіледі. Оң жауап алғаннан кейін, ЕШЕБЖ жеке іске қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның негізінде жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау және онымен еңбек шартын жасасу туралы шешім қабылдайды. Осы жерде электрондық еңбек шартының жобасын жасауға болады.

ЕШЕБЖ-де қызметкердің сауалы 7 күн ішінде қаралады. Келісім ақпарат сұраған ұйымдағы барлық жұмыс мерзіміне жарамды болады. Егер келісім жасалмаса немесе бұзылса, автоматты түрде заңсыз болып есептеледі.

«Электрондық жеке іс» сервисі еңбек шарттарын жасасу кезінде қағаз құжаттарды ұсынудан бас тарту арқылы жұмысқа орналасуды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжаттарды қолдан жасау тәуекелін болдырмайды.

Қазіргі уақытта жұмыс берушілер сервисті Электронды еңбек биржасы немесе кәсіпорындағы кадрлық есептің ақпараттық жүйелері арқылы пайдалана алады. Бұдан әрі бұл функционал әзірленіп жатқан еңбек ресурстары порталында қолжетімді болады.

Қызметкердің жеке ісін ұсыну сервисі шеңберінде ЕШЕБЖ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен біріктірілген.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button