Тілектес ДОСАЕВ: “Қазыналы Қаражалдың келешегі келісті”
Әлемді әлекке салған індеттің салдарынан ел экономикасының қиын жағдайда қалуына қарамастан, 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспары қабылданғаны белгілі. Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстанның көшбасшылығын күшейтуді және әлемдік экономикадағы өз орнын нығайтуды көздеген бағдарламаны жүзеге асыруда қазыналы Қаражал белсенділік көрсетіп келеді. Ең бастысы – сындарлы сәтте өнеркәсіптік сектордың ырғақты жұмысы арқасында экономиканың іркілісі мен жұмыс орнының қысқаруына жол берілмеді. Тоғыз айда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 33 200 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 162,8%-ға артты. Кен өндіру мен өңдеу саласында соны серпіліс байқалды: онда былтырғыға қарағанда күрделі қаржының екі есе артық игерілуі – соның дәлелі. Кейінгі кезде аймақ кәсіпорындарында инвестициялық белсенділік байқалады. Биыл жылдық жоспар жеті айда орындалып, негізгі капиталға 24,7 млрд. теңге жеке қаражат салынды. Әкімшілік жағынан Қаражалға қарайтын ауылдық елді мекендерде шаруашылық ойдағыдай дамып келеді. Биыл тоғыз айда мүйізді ірі қара – 14 990 басқа (112,1%), қой мен ешкі – 14 960 басқа (106,2%), жылқы 6 551 басқа (118,5%) жетті. 5 090 құс (100,9%) өсірілді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығында 3 210,2 млн. теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылдың тоғыз айындағыдан 100,9%-ға артық. Таяуда Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВҚА бірқатар сауал қоюдың сәті түскен еді.
– Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсем, Қаражал тоғыз айда көңілге қонымды әлеуметтік–экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізген екен. Қай жағынан алып қарасақ та, ілгерілеу көрініп тұр. Күрделі кезеңде қиындықты қалай еңсердіңіздер?
– Жалпы, қол жеткен жетістік пен кеткен кемшілікті қоғамда қалыптасқан қандайда бір жағдаймен байланыстыру – салыстырмалы өлшем деп ойлаймын. Егер ұзақ мерзімдік байыпты бағдарлама болса, түбі табысқа жетесің. Өзім Қаражалдың келешегі келісті екеніне күмәнсіз сенемін. Сөзімді дәйектеу үшін сәл әріден бастайын. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың тығырығынан шығу үшін аймақтың нақты экономикалық секторында елдің Индустрияландыру картасы аясында ауқымды екі жобаны қолға алып, жүйелі жалғастырдық. Оның бірі – Жәйрем кен байыту комбинатындағы соңғы әлемдік стандартпен қорғасын-мырыш концентратын шығаратын, құны 145 млрд. теңгелік байыту фабрикасының құрылысы. Бұл жоба сәтті аяқталып, кәсіпорынды қатарға қосу салтанатына таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Екіншісі – «KARAZHALOPERATING» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің барит кенін өңдейтін өндірістік кешені. Мұнда 2016 жылдан бері 16,8 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Енді «INDJAZ» ЖШС «Үлкен Қытай» кен орнында темір және марганец кенін өңдейтін кәсіпорынды пайдалануға бергелі отыр. Бұған тартылған инвестиция шамамен 4 млрд. теңге. Қазір қатарға қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Үш кен ұнтақтау қондырғысы, кең көзді елек, магнитті айырғыш, конвейер, тағы басқа жабдықтар орнатылған. Қала экономикасын өркендетудегі резервтің бірі – орта және шағын бизнесті дамыту. Пандемия кезінде өзіне негізгі соққыны қабылдағанның бірі – осы сала. Абырой болғанда, негізгі келеңсіз экономикалық зардапты еңсеру мақсатында ел Үкіметі төлем мерзімін созу, жеңілдік жағдайында несиені қайта рәсімдеу бағытында пәрменді шара қабылдады. Осының арқасында біздің қала үшін қол жеткен басты нәтиже – аймақтық жалпы өнімдегі және жұмыспен қамтудағы оның үлесінің артуы: 55 жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 120 млн. теңгеге жуық қаржылай көмек көрсетілді, жұмыссыздар қатары 1162 адамға кеміді. Бүгінде 65 заңды тұлға, 601 жеке кәсіпкер, 106 шаруа қожалығы осы салада жұмысын жүргізіп жатыр.
– Тілектес Темірбекұлы, енді әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітсек…
– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында қаржылық дербестікпен қамтамасыз ету барлық аймақтағы басты мәселенің бірі екенін қадап айтқаны белгілі. Былтыр шағын және орта бизнестен түскен корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Өткен тоғыз айда қалалық бюджетке жоспарланған 2186,4 млн. теңге орнына 2488,1 млн. теңге қаражат түсті. Бұл кейбір мәселені жергілікті жерде оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Аймақ табысының ырғақты өсімінен түскен қаражаттың басым бөлігі абаттандыру жобаларын жүзеге асыруға, инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуге жұмсалады. Біздің басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы тұрғыда тұрғындардың табысын көбейту бағытында нақты қадамдар жасалды. Жалақыны өсіру, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау және инфляциялық үдерісті тежеу нақты қаржылай табыстың өсуіне оң ықпал етті. Алғашқы тоқсанда орташа айлық жалақы 234 772 теңге болса, ол бірінші жарты жылдықта 242 900 теңгеге жетті. Әлеуметтік әлсіз топтарға қаржыландырудың барлық көзінен атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік әлеуметтік көмек, үйде қызмет көрсетуді қажет ететіндерге әлеуметтік жәрдем, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары, сондай-ақ, жергілікті өкілетті органдардың шешімімен өтемақы төлеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Биыл осы мақсатқа тоғыз айда 246,8 млн. теңге бюджеттік қаржы жұмсалды, бұл – былтырғыдан 44,7 млн. теңгеге артық. Ерекше сұранысты қажет ететін 500-ден астам адамға 24 млн. теңгеден астам әлеуметтік жәрдем жасалды. Үкімет бес жыл көлемінде барлық қала мен ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді басым бағыттағы міндет ретінде алға қойғаны мәлім. Былтыр қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 55 тұрғын үйі бар Ақтай ықшам ауданында сумен жабдықтау желісінің құрылысы, қалада екі жүзден астам үйді орталықтандырылған сумен жабдықтау көзіне қосу жұмысы басталды. Осы шаруа тиянақталғанда қала тұрғындары толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Біз үшін бүгінгі күннің өткір мәселесі – Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі кәріз жүйесінің әбден тозығы жеткендігі. Оны қайта құру үшін қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Дене шынықтыру мен спорт – денсаулық кепілі екені баршаға белгілі. Сондықтан, ересектер мен балалардың жаппай спортпен айналысуына қажетті барлық жағдайды тудыру үшін саланың аймақтағы инфрақұрылымын дамытуды көздеп отырмыз. Бұқаралық денешынықтыру мен спорттық-сауықтыру жұмысын жандандыру мақсатында қалада салынатын жабық жүзу бассейнінің жобалық-сметалық құжатын жасауды жеке қаражатымыз есебінен биыл аяқтаймыз. Сонымен қатар, биыл Қаражалдағы Кеншілер стадионын қайта құру жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз.
– Адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты ғой…
– Оныңыз рас. Қазір аймақта мемлекеттік тұрғын қорынан баспана алудың кезегінде 425 адам тұр. Әлеуметтік маңызы зор бұл мәселе ешқашан назардан тыс қалған емес, әл-қадірімізше жұмыс жүргізудеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жәйрем кентінің Металлургтер көшесіндегі 85 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Негізі жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 7 171 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – былтырғыдан бестен бір есе көп. Қаражал қаласындағы 25-орамда 104 және 25 пәтерлік екі үйді қайта қалпына келтіру, сәтін салса, осы жылдың соңына дейін бітеді. Мұның сыртында келесі жылы Тәуелсіздік көшесіндегі №12 үйді қайта қалпына келтіруді қолға аламыз. Жалпы қала мен кентте азып-тозып, қаңырап бос қалған баспана баршылық. Қиыншылық кезінен қалған «естелік» қой. Енді тұрмыс түзелгесін есімізді жиып, соларды елдің игілігіне жаратып жатқан жайымыз бар. Ал, таза қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ сегіз үйді (2-еуі – Қаражалда, 6-ы – Жәйремде) бұзудың жобалық-сметалық құжатын жасауды таяуда қолға аламыз. Әңгіме құрылысқа қарай ойысқан соң жол жөндеу жөнінде де қысқаша айта кетсем деймін. Қаражалда қалалық бюджеттің есебінен он көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Жалпы бұл мақсатқа биыл 590,8 млн. теңге бөлінді. Оның 262,4 млн. теңгесі Жәйрем кентіне тиесілі. Қала мен кентте 13 көшеге орташа жөндеу жүргізуге дайындық жұмысы жүргізілуде. Қаражал мен Атасу арасындағы облыстық дәрежедегі жолдың 28 шақырымын.
қалпына келтіру одан әрі жалғасуда. Облыс әкімдігі, «Қазмырыш» ЖШС және «Жәйремнің болашағы» қоғамдық қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандум аясында облыстық бюджет есебінен Жәйремде екі көшеге орташа жөндеу жүргізіледі.
– Әңгімемізді білім беру және денсаулық сақтау саласымен тәмамдасақ…
– COVID-19 білім беру тәсіліне де өзгеріс енгізді. Былтырғы оқу жылында карантиндік шектеу салдарынан мектептің 3 000 оқушысы мен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің 100 студенті қашықтан оқыту форматына көшті. Соған қарамастан, биыл мектеп бітірген 145 түлектің 8-і «Алтын белгі», 8-і қызыл аттестат алды, 30 бала жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Үстіміздегі оқу жылы дәстүрлі оқыту тәсілімен басталды. Мектептердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі ұдайы бақылауда. Қазір барлығы дерлік жетілдірілген кабинеттермен, жартысы робототехника зертханаларымен жабдықталған. Былтыр екі мектепте стадион салынды. Барлық мектеп бейнебақылауға алынған. Биыл екі мектепке (№№3,7) күрделі жөндеу жүргізіледі. Бүгінде мектептерді толық кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің мүмкіндігі қарастырылуда. Ал, денсаулық сақтау саласы бұрыннан бәсекелестік пен қауіпсіздіктің маңызды факторы саналады. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық жетістік бар. Ең бастысы, биыл ана мен бала өліміне жол берілген жоқ. Жалпы адам шығыны 8,9% кеміді. Дәрігерлер қатары 12,3% көбейді. Аймақты білікті медициналық мамандармен қамтамасыз ету жақсарып келеді. Соңғы төрт жылда 15 дәрігер келді. Жәйрем кен байыту комбинатымен арадағы меморандумға сәйкес олардың жалақысына үстеме төленеді, пәтермен қамтамасыз етілді. Аймақтағы медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жүргізілуде. Биыл «Өркен» ЖШС меморандум аясында 10 млн. теңгеге медициналық жабдықтар алып берді. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы 74 медициналық құрал-жабдық алуға 55 млн. теңге қаржы бөлді. Былтыр қалалық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу қолға алынды. Медицина қызметкерлеріне беру үшін Ленин көшесіндегі 10-шы үй қайта қалпына келтірілуде.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.
ҚАРАЖАЛ қаласы.