Жаңалықтар

Киелі орын – ұлттық құндылық

Елімізде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сынды тың жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қазақ жері тарих және мәдениет ескерткіштеріне бай. Кесенелер, ежелгі қалалар орындары, қоныс мекендер өздерінде өткен ғасырлардың құпияларын сақтап келеді. Қазіргі таңда ғалымдар, кең жұртшылық тарапынан аса маңызды саналатын табиғи мұраның ескерткіштері, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ортағасырлық қалалар мен Қазақ хандығының астаналары, табыну орындары саналатын діни және зияраттық нысандар, тарихи тұлғалар мен тарихи және саяси оқиғалармен байланысты киелі жерлерді өз ішіне алған Қазақстанның 100 киелі орынының тізімі анықталды.

Сурет автордан

Біздің Орталығымызда «Қазақстан жолы» атты еліміздің барлық аймақтары мен аса маңызды киелі жерлері шоғырланған картаны тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл карта Орталығымызға келушілерді ерекше қызықтыратындығын да айта кетейік. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 14 облыс және 3 республикалық маңызы бар қаладан құралған әкімшілік аймақтарға бөлінген. Соған орай, карта бетінде көрсетіліп, әрбір облыс туралы үш тілдегі ақпарат, сонымен бірге маңызды та рихи оқиғалар, тарихи орындардың суреттері тачскринде берілген.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Осыған орай, Орталығымызда аталмыш жоба аясында түрлі іс-шараларды да жиі өткізіп отырамыз. Мәселен соның бірі – өткен жылы Қарағанды облысындағы облыстық өлкетану мұражайы мен Қарағанды мемлекеттік мәдени мұраларды қорғау инспекциясының бірлесіп «Сарыарқадағы киелі жерлер» деген тақырыпта көрмені ұйымдастыруымыз болды. Сондай-ақ, «Ескерткіштер Егемен елдігіміздің басты белгісі» атты тақырыппен қаладағы мектеп оқушыларымен тарихи-мәдени орындарға саяхаттап, ескерткіштермен таныстыру мақсатында квест-ойыны өткізілді. Ғалымдардың айтуынша, киелі орындардың тарихын білу – еліміздегі әрбір азаматтың парызы. Соған сәйкес, квест-ойындарын ұйымдастырудағы да басты мақсатымыз – оқушыларға пән оқулықтарынан тыс Қазақстанның киелі орындары мен тарихи маңызы бар ескерткіштері туралы тағылымды ойлармен нақты мәліметтер беру болды. Өйткені, біздің елдің осындай ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оларға құрметпен қарау жас ұрпақтың міндеті деп білеміз.

Құрманшәді ОРАЗЫМБЕТОВ, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button