Тұлға

Қателік жалғаспасын десек…

Бұл мақалада Аман ЖАНҒОЖИН ағамыз қазақ тілінің болашағы туралы ой толғап, латын әліпбиіне алмастыруда абай болу туралы ескертеді. Себебі, ардагер журналистің айтуынша, бұрынғы әліпбиден кирилл әрпіне көшіріліп басылып жатқан кітаптарда адам нанғысыз қателер кетіп жатыр. Ал, әлі тумаған, толғақтағы латын әліпбиіне көшкенде күніміз не болар екен деген уайым журналистің жанын жегідей жейді…

РЕДАКЦИЯДАН.

Латын әліпбиінің түйткіл тұстары

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы халық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Елбасы жаңа әліпбиді бекітті, латын әліпбиі негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері де жарыққа шықты. Сонда да, әліпби төңірегіндегі әңгіме толастар емес…

Бірден атап өтейін, латын әліпбиіне көшуді халық негізінен жылы қабылдап, қолдады. Мұны өркениетті қоғамға ілесудің жолы, қазақ тілін өркендетудің болашағы деп бағалады. Әліпби нұсқалары баспасөз беттерінде, басқа да ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, ғылыми басылымдарда қызу талқыланды. Мамандар өткен ғасырдың 30-жылдарында қолданыста болған латын әліпбиін, кейбір шетелдік тәжірибелерді пайдаландық деп жатты. Әліпби ауыстыру бір әріптің орнына екіншісін қоя салу емес екен. Әсіресе, қазақ дыбыстарының табиғатын аша білетін әріптерді әліпбиде қолдану қажет болды. Оның проблемалары талқылау барысында айқындалды. Ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері, тіпті, қарапайым халық бейжай қала алмады. Естеріңізде болар, тіпті, Елбасы бекіткен, қазақтың төл дыбыстарын қос әріппен, яғни, диграфпен белгілеуге негізделген әліпбидің алғашқы нұсқасынан бас тартуға тура келді. «Бір дыбыс – бір әріп» деген қағида ұсталуы қажет болды. Содан, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 жарлығына сәйкес бекітілген жаңа акутты әліпби қолданысқа енгізіле бастады.

Мұндағы басты ерекшелік қазақтың төл дыбыстарын ажырату үшін латын әріптеріне, ғылыми тілмен айтқанда, диактрикалық дыбыс таңбаларының қойылуы болып табылады. Бұл нұсқаны қабылдап, оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сабақтар жүргізіп, ел арасында жаңа әліпбиге үйрету, кеңінен қолданысқа енгізу жұмыстарын бастап та кеткен еді.

Алайда, жаңа жазу үлгілерін пайдалана бастаған шақта оның да қолайсыздық туғызған сәттері кездесе бастады. Өткенде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде ғалым, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық топтың мүшесі Мархаба Тұрсынова жазғанындай, олар «й мен у-дың халықаралық қолданыстағы нұсқасының (і, u) болмауы, ш мен чның диграфпен берілуі, ы мен у-дың акутпен ғана ажыратылуы, і мен й-дің бас әрпінің бірдей болуы, тағы басқасына қатысты пікірлер мен ұсыныстар болды».

Батыс елдерінде кеңінен қолданылатын U әрпінің бізде акутпен берілуін көпшілік қабылдай алмай отыр. Бұл жөнінде осы жолдар авторы да ертеректе шыққан бір мақаласында сөз еткен («Сөзіміз сақау, өзіміз мақау болып қалмайық», «Арқа ақшамы», 14 желтоқсан 2017 жыл). Әрине, бұл жерде ғалымдар 30-жылдардағы нұсқаны пайдаланған. Латын әліпбиі кеңінен қолданылып, ағылшын тілі үстемдік құрып тұрған шақта бұл шешімді өзгертуіміз қажет шығар. Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысы бойынша қолданыстағы әліпбиді жетілдіру жұмыстары жүргізіп жатқаны белгілі, сондықтан у, ұ, ү дыбыстарын таңбалауды қайта қарау қажет. Үшеуі кирилл жазуында ұқсас таңбаланса, жаңа әліпбиде де сол принцип сақталғаны жөн.

Дегенмен, сол 30-жылдардың тәжірибесінен латынның «с» әрпін қазақшада «ш» дыбысы ретінде қолдану қалыс қалған деп ойлаймыз. Біздің жаңа әліпбиімізде латынның «с» әрпі екі нұсқада да жоқ (әріп үнемдейміз деген принциппен), алайда, екінші нұсқада жоғарыда айтылғандай ол «ч» дыбысын белгілеу үшін «сh» диграфының сыңары ретінде пайдаланынады. Сондықтан, латынның «с» әрпін қолданысқа «ш» ретінде пайдалансақ дейміз. Ал, осы әріпке акунт қолдана отырып, «ч» дыбысын шығарар едік (футболдан әлемнің вице-чемпионы Хорватия ойыншыларының кеудешелері қалай жазылғанын қараңыздар). Мұнымен біз екі диграфтан да арыламыз және тағы бір тиімді жері «сс» әріптері «щ» дыбысын берер еді. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелер» құжатының 3 параграфында ащы, тұщы, кеще сөздерінде екі sh әрпі қатар жазылады (ashshy, tushshy, keshshe) делінеді. Бұл дегеніміз, бір дыбысты төрт әріптен белгілейміз деген сөз?! Шетелдік кірме сөздер емес, қазақтың төл сөздерін.

Сондай-ақ, і мен й-дің бас әріптерінің бірдей таңбалануы да орынды наразылық тудырып отыр. Мысалы, ІNI, INELIK, KIIM деген сөздер бас әріппен жазылғанда қайсы қай дыбыс екенінен шатасуға болады.

Тағы бір пікір. Біздің жаңа қазақлатын әліпбиімізде латынның Ww әріпі жоқ. Бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ, біз шетелдік терминдерде, сөздіктерде олардың сөздерінен, осы әріптен қашып құтыла алмаймыз. Біздің әліпбиімізде бұл әріптің болмауы ыңғайсыз сияқты. Тіпті болмаса, жоғарыдағы Қазақ тілі емлесінің ережелеріндегі 98 параграфта айтылғандай, ағылшын тіліндегі түпнұсқада Ww әрпімен басталатын әлемдік терминдер болып кеткен WhatsApp, wikipedia, web-site сөздерін бұрмаламай сол күйінде жазу үшін керек емес пе?! Латынның 26 әрпін қазақ тіліндегі 32 дыбысты таңбалауға барынша пайдалану қажет. Әрине, латын әліпбиі үйреншікті 42 әріптен тұратын кириллицадай болмайды. 107 параграфтан тұратын Емле ережесі көрсетіп тұрғандай, оны енгізуде де қиыншылықтар бар екен. Бірақ, бір ғасыр уақыт ішінде осымен төртінші рет әліпби қабылдап отырған қазақ халқы бұл жаңалықты да игеріп аларына шүбә келтірмейміз. Не көрмеген халықпыз, бұған да көндігерміз.

Бір сөзбен айтқанда, қазақтың жаңа латын әліпбиін әлі де жетілдіре түсу керек. Латын жазуы біз қазақтар жаңа әліпби жасап, қырық пышақ болып жатқанымызда ешкімнің бекітуінсіз-ақ әлемге кеңінен тарап барады. Біз оның халықаралық қолданыстағы нұсқасынан онша ауытқымауымыз керек (мысалы, ағылшын тілінде ZH диграфы «ж» дыбысын білдіреді, мұның өзі қазір жарнамаларда кеңінен қолданылып жүр, сондықтан халықты әбден шатастыратыны сөзсіз).

Сауатсыз кітаптар, салғырт ғалымдар

Тағы бір проблема – енгізілгеніне 80, мүмкін 100 жыл болатын кирилл әрпімен терілген рухани құндылықтарымызды келер ұрпаққа қалай жеткіземіз? Біздің ұрпақ бұрынғы араб, кейінгі төте жазуды оқи алмайды. Тіпті, 30-жылдарғы латын әліпбиін қотарғанда өрескел қате жібергенінен талай мысал келтірер едім. Соның бір-екеуін ғана атап өтейін. Белгілі ғалым, әдебиетші, доктор, профессор Тұрсынбек Кәкішев ағамыз Саттар Ерубаевтың еңбектерін тұңғыш рет латыннан кириллицаға ғылыми айналысқа түсірген азамат. Бірақ, сол кісі келтірген Саттар шығармашылығы туралы мақалалар мен энциклопедияларда ол аударған И.Эренбургтің Испаниядан жазған «В горах Астурии» деген мақаласы түпнұсқада «Asturьja taularьnda» деп жазылса да «Австрия тауларында» болып кеткен. Астурия қайда, Австрия қайда? Ешбір редактор мен корректордың ойына кіріпшықпаған. Ал, сол С.Ерубаевтан кандидаттық диссертация қорғаған Г.Сұлтанбаева деген жас ғалым біздің «Қарағанды пролетариаты» газетінен (Саттар 1934-35 жж. Қарағандыда қызмет еткен) Саттардың бір жаңа өлеңін тауып алып, диссертациясы мен «Саттар – публицист» (2000 ж.) деген монографиясында жариялайды. Бірақ, түсінбеген екі сөз бүкіл еңбегін зая кетіріп отыр.

«Қайғылы күн, қайғылы шам жағылды,

Шахтыларда қара жалау тағылды.

Күміс аспан, алтын жұлдыз тұнжырап,

Әуе бұлттан қара кебін жамылды» деген қайран Саттардың шумақтарындағы «sam» деген сөзді «маги», «kymіs» деген сөзді «күллі» деп жазып, бүлдіріп жіберіпті.

Мұны келтіріп отырған себебіміз, ертең біз шығарған газет, журнал, кітаптар келер ұрпаққа қай күйінде жетеді? «Компьютербас» қазіргі ұрпақ («Орталық Қазақстанның» марқұм болып кеткен редакторы Мағауия Сембаевтың тауып айтқан теңеуі) жазғандарымызды осылай талдап, талқылап жатса бір сәрі. Әйтпесе, жіберген қателеріміз бен олқылықтарымыз ғасырдан ғасырға жалғаса бере ме?

Басқа материалдар

Back to top button