Қоғам

Әділеттің айнасы – алқабилер

Қазақ халқы ежелден аузы дуалы ақсақалдың сөзіне тоқтап, байсалды шешімге келіп, байыпты қадам басқан. Соның жалғасындай қалалық Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесі бүгінде белсенді жұмыс жасап, бірқатар маңызды мәселелерді шешуде ауқымды жұмыс атқаруда.

Қоғамның дамуына елеулі үлес қосып, әр салада еселі еңбек еткен, өмірлік тәжірибесі бар Саят Оспанов, Әлиасқар Әбеуов, Серік Жекеев, Әміржан Анзабеков, Зәуре Арынова, Түсіп Искаков, Ақан Жақсылықов кеңестің қызметіне жүгінгендердің мәселесін ушықтырмай, дер кезінде шешіп, білімбіліктілік көрсетіп келеді. «Елдестірмек – елшіден» демекші, екі тарап арасында бітімгерлік жасауда. Үлкен дауды ушықтырмай, ақылға салады.

– «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда татулық керек. Ынтымақты елде ырыс көп, бірлігі бекем елдің берекесі мол болады. Осы орайда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық сана мен болмысты жандандыру үшін, медиация институтын дамыту, билер соты институтын қайта жаңғырту жүзеге асырылуда. Азаматтық, қоғамдық бірліктің қағидаты негізінде қазақстандық бірегейлікті жетілдіру мақсатында құрылған болатынбыз. Осы уақытқа дейін билер кеңесі 49 отырыс өткізіп, аудандық сотқа түскен 21 әкімшілікқұқық бұзу ісін, 25 азаматтық неке бұзу ісін және 3 дау-дамай қарады. Әр істі мұқият талқылап, тиісті қаулы қабылдап, аудандық сотқа жолдады.

– Қаралған әкімшілік істің 20-сы нәтижелі бітімге келсе, 25 азаматтық істің 90%, яғни, 23 отбасы ажырасудан аман қалды. 61 баланы жетімдіктен арашалап, толыққанды отбасында өсуіне үлес қостық. Бұл – кеңес мүшелерінің пайым-парасатының нәтижесі. «Қариясы бардың – қазынасы бар» деп тегін айтпаса керек, – дейді кеңес хатшысы Ақан Жақсылықов.

Бұл – талапкер мен жауапкердің өтініш, арызын тыңдай отырып, саралап, ой қорытып, сөзін сүйектен өткізіп, адалдықты, адамдықты екі тараптың жүрегіне жеткізудің жемісі. 

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button