Жауынгерлік рух жаңғырып…
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың соңғы оғы атылғаннан бері 75 жыл өтіпті. Ұлы Жеңіс күнін есімізден шығармайтынымыз секілді, соғыс қасіреті де, майдан өтінде қан кешкен жауынгерлердің есімдері де ешқашан ұмытылмайды. Ата-әкелеріміздің қаһармандығы мен тылда бел жазбай тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан әже-аналарымыздың төзімділігі – қайсарлықтың үлгісі. Олардың ерлігі мен еңбегі бүгінгі жастардың рухын оятып, жүрегіне жігер дарытары сөзсіз.
Менің әкем Тұяқбай Қазанғапұлы Табылдин 1918 жылы қазіргі Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылдық округі аумағындағы Ақбай-Қызылбай өңірінде өмірге келген. Соғыс басталардан біршама уақыт бұрын, яғни, 1940 жылдың қазан айында Қарқаралы қаласының әскери комиссариаты арқылы Кеңес әскері қатарына шақырылыпты. Міндетті борышын өтеп жүрген жерінен шиеленіскен шайқастардың ортасына түскен. Сол кезде 22 жасқа енді ғана аяқ басқан әкем өзінің қаруластары секілді қас дұшпанның қаhарынан сескенбей, намысын ту ете білген.
Жауынгерлер ғана емес, тыл еңбеккерлері де жанкешті күй кешкен кезеңде Отан, туған жер, туған ел ұғымдарының бәсі анағұрлым биіктеп, патриоттық сезімнің буырқана түскені күмәнсіз еді.
Қазақстандық жауынгерлер тұтас майдан шептерінде болып, басқыншылардың табаны тиген аймақтарды азат етуге қатысқанын білеміз. Менің әкем Белоруссия майданына қарасты 49-дивизия құрамындағы өздігінен жүретін техникамен жабдықталған полктің 1196-бөлімшесіне түседі.1943 жылы Орынбор қаласындағы Жоғарғы танк училищесінде оқып оралғаннан кейін танк экипажының командирі болып тағайындалады. Ұрыс даласында ауыр жараланып, 1944-1946 жылдар аралығында әскери госпитальде емделеді. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан әкем «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Одан бөлек, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» және «Әскери еңбегі үшін» медальдарын алған. Соғыстан кейін «І дәрежелі Отан соғысы» (1985 ж.) орденін, «СССР Қарулы Күштеріне – 60 жыл» (1978 ж.) медалін және «Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков» (1995 ж.) медалін омырауына қадады. Аталған наградалардан тысқары, басқа да марапаттары баршылық.
Әкем соғыстан елге аман оралып, түрлі салада жұмыс істеді. Елдің дамуына өз үлес қосты. 1947-1949 жылдары Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика факультетінде оқыды. Оны тәмамдаған соң Қарағанды қаласында шығатын «Комсомолец Караганды» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарды. 1949-1950 жылдары Шет аудандық газетінің редакторы болып, 1954-1958 жылдар аралығында облыстық партия комитетінде қызмет атқарды. Одан кейін, яғни, 60-шы жылдары Қарқаралы аудандық партия комитетінде жұмыс істеді. 1965-1968 жылдары – Нұркен Әбдіров атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы. Ал, 1971-1973 жылдар кезеңінде Қырғызия ауылдық кеңесінің төрағасы болды. 1975 жылы Қарқаралы мұнай базасының директоры қызметін атқарды.
Қ.Аманжолов ауылдық округі орталық саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тізімінде менің әкемнің де аты-жөні жазылған. Теңдесі жоқ Жеңіске жету жолында кеудесін оққа төсеген батыр ардагердің ұрпағы болғаным үшін кеудемді қуаныш сезімі кернейді.
Ұлы Жеңіс күні мерекесін алыс болашақта да сан буынның өкілдері зор мақтанышпен атап өтіп, баhадүр бабаларының ерлігіне бас иері күмәнсіз. Олардың санасына өткен шақтың өнегесі ұялап, ерлікке, қырағылыққа баулитыны, өз Отанын қорғауға дайын болуға үндеп тұрары анық.
Сондықтан да, бұл тарих жастардың жадында болуы – шарт!
Айнагүл ТАБЫЛДИНА.