Облыс әкімі

Қызмет сапалы болуы тиіс Автопарктерге талап күшейді

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағанды мен Теміртау автопарктерінен жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуды талап етті. «Қызмет көрсету деңгейі жоғарылағаннан кейін ғана субсидияларды ұлғайтуды шешуге болады», – деді аймақ басшысы онлайн-кеңесте.

– Жолаушылар тасымалы сапасына қатысты шағымдар өте көп. Ол туралы халық әлеуметтік желілерде жазып жатыр. Тәртіпті қадағалау туралы өтініштер түседі. Онда тұрғындар автобустардың жетіспеуіне, кестенің сақталмауына, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігіне, санитарлық талаптардың бұзылуына шағымданады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Қарағандыдағы ең ірі тасымалдаушы № 3 автопарк өкілі мұны жоққа шығармады. Оған түрткі болған проблемаларын да жайып салды.

– Қызмет көрсету мәдениетінің қандай екенін білеміз. Күн сайын, ай сайын бізге де елуге жуық шағым түседі. Ақтап отырғаным жоқ. Барынша шағым түсуін азайту керек, – деді № 3 автопарк директоры Артур Григорян.

Ол кәсіпорынның проблемасының қатарында маршруттарда жүргізушілердің жетіспеушілігі де бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, көбісі жоғары ақы төленетін орындарға барады. Бұған қоса, пандемия жолаушылар легінің азаюына әкеп соқты. Амортизацияға шығындар өсті. Мемлекеттен бөлінетін субсидия жетіспейді. Жүргізушілердің жетіспеушілігі және субсидияларды ұлғайту қажеттілігі туралы Қарағанды мен Теміртаудың басқа тасымалдаушылары да айтты.

– Біз субсидияларды көбейтеміз. Алайда, сіздер сапалы қызмет көрсетіңіздер және автобустарды жаңарту бойынша міндеттемелер алыңыздар! – деп талап қойды Жеңіс Қасымбек. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы Қарағандыда отандық өндірістің 40 жаңа автобусы іске қосылды, Теміртауда – 20, Жезқазғанда – 20, Саранда – 11. Кеңесте электрондық төлем жүйесін енгізу туралы да айтылды. Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 160 мыңға жуық ONAY! картасы сатылғанын хабарлады. Оларды сататын 93 нүкте жұмыс істейді. Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлем бүгінде айналымның төрттен бір бөлігін құрайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button