«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»
…Балалықтың бал дәмін татар шағында оттың ортасына тап болып, әкеден – бір, шешеден екі айырылған жеткіншек сот залында тордың ар жағында отырған әжесін көргенде жүрегі езіліп сала берді. Тергеу жүрген бірнеше айдан бері айналасынан арқасынан қағып, жылы сөз айтатын бір адам таппай жаны қиналғаны есіне түсіп, ышқынған дауысы шыққан. Бірақ, көзінен жас шыққан жоқ. Әжесінің ыстық құшағына көміліп, келмеске кеткен анасының иісін сезгісі келді ме екен, алға қарай ұмытыла берген. Жолын қарауыл кес-кестеді. Жиен немересіне созған қолы ауаны ғана қармаған әйел де шарасыздықтан бүгіле берген. Сот соңғы сәтте екеуіне тек алыстан тіл қатысуға ғана рұқсат етті. Заң солай. Бұл жат ағымға еріп, Сирия асқан қызы мен күйеу баласы хабарсыз кеткен соң, олардың сорлы болған екі жетімегін алып қайту үшін сол жаққа аттанып, кейіннен өзі де лаңкестер қатарынан табылған бір ғана әйелдің тағдыры. Өкінді. Бармағын тістеді. Кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Бірақ, бәрі кеш. Әйтеуір екі немересі аман, туған жерінде. Шүкіршілік еткені – осы.Жалпы, мамандар діни экстремизм 2001 жылғы екінші шешен соғысы кезінде басталғанын айтады. Сол кезде Атырау арқылы Қазақстанға кірген лаңкестер мен дінді уағыздаушылар онсыз да діни сауаты төмен халықтың арасында арандатушылық тудырып, күн сайын қатарлары арта түсті. Бүгінде экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандар қазақстандық тұтқындардың жалпы санынан аз. Бірақ, бұл арқаны кеңге салып, болмаса қол қусырып отыру керек дегенді білдірмесе керек.
Павлодар облысының конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықова қазақстандықтардың діни сауаттылығы өте төмендігін әрі діндарлық пен діни білім деңгейінің арасында алшақтық бар екенін айтады.
Елімізде діндарлар саны көп болғанымен, олар діни тұрғыдан – надан. Бұл өкінішке орай олардың осал тұстары және кез келген жағдайда манипуляцияға ұшырауға бейім. Әзірге бұл мәселе шешімін таппағандықтан, бүгінгі таңда өзекті, – дейді Гүлназ Мақсұтқызы. Салдарынан, жасы болсын, жасамысы болсын, түрлі жат ағымға еруге әкеліп, арты өкінішке ұрындыратын жағдайлар жиі кездеседі.
Негізі, елімізде Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы арқылы оралғандарды оңалту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, олар жазасын өтеп шыққаннан кейін де қоғамға бейімделіп кетулері үшін теологтар, психологтармен кездесуден бөлек, «Ақниет» қоғамдық қоры түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар өткізеді.
Жалпы, елімізде экстремистік және террористік қылмыс үшін сотталғандарға арналған арнайы жазасын өтеу мекемесі жоқ. Яғни, бейресми түрде «жасыл» аталғандар өзгелермен бір камерада отырады. Ал, АҚШ-та осындай тұтқындар өзгелерді өз сеніміне кіргізу әрекеті өте жоғары деп есептеледі. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, әр төртінші тұтқын камерада отырып, өз сенімін өзгерткен.
Бұл пікірмен Сенат депутаты, Қазақстан Бас прокурорының бұрынғы орынбасары Андрей Лукин де келіскен болатын. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 1930-1970 жылдарында салынған барак түріндегі түзету мекемелерінде тәрбие жұмыстарын жүргізу мүлдем мүмкін емес.
Гүлназ РАЗДЫҚОВА, Павлодар облысының конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы:
“Біздегі түрмелердің барлығы барак түрінде. Яғни, ол жерде 100 адамға дейін отыруы мүмкін. Әрине, араларында әңгіме туындап, өз идеологияларын басқа тұтқындарға насихаттаулары мүмкін. Адам түрмеге түскенде психологиялық дағдарысқа ұшырайтындықтан, экстремистік идеологияны қабылдауға бейім тұрады. Бірақ, кейінгі үш жылда теологтар тұтқындар арасында экстремистік идеологияның таралмауы үшін жұмыс жасап жатыр. Жұмыстар нәтижесін беруде.
Бірақ, маман экстремистік және террористік қылмыс үшін сотталғандарды жеке камерада ұстау дұрыс емес деген ойда. Оларды толық оқшаулау келешекте қоғамға бейімделулеріне әсері болмақ. Бас бостандығынан айыру мекемесі түріндегі шағын қоғамда олар әлеуметтенеді. Түрмеге түскен соң экстремистік идеясын толық тоқтатқан жағдайлар да болғанын айтады маман.
«Оларды оқшаулау арқылы қоғамның қорқатынын, тіпті, не істеу керектігін білмейтіндігін көрсетеді. Сондықтан, қылмыстық-атқару жүйесіне енгізілген оңалту бағдарламасы өз нәтижесін көрсетіп келеді. Өз тәжірибемде экстремистік және террористік қылмыс үшін сотталғандар жазасын өтеп шыққан соң қайтадан қылмысқа барған кез болған емес. Тіпті, мерзімінен бұрын шыққандары да бар», – дейді маман.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ». Адам болған соң сүрініп кету, болмаса шалыс басу кез келгенге тән. Бастысы – өкінішке ұрындырмай, дер шағында ақылға келіп, дұрыс жолға түсу. Экстремистік қылмыс жасап, жазалы болғандарды да жалғыз қалдырып, «қарабет» қылып жатқан қоғам да, мемлекет те жоқ. Оған түрлі оңалту бағдарламалары куә. Бірақ, шашынан тартып, өз-өзін батпақтан шығарған барон Мюнхаузеннің әрекеті мүмкін болмаса да, тырысып көру керек-ақ.
Салтанат ІЛИЯШ.