Біздің сұхбат

Ернат НАУРЫЗ: “Ел үмітін ақтау – парызым”

Ернат НАУРЫЗ бен Темірлан ОЛЖАБАЙ құрған дуэттің тұсауы әлем жұртын өнерімен аузына қаратып, талантымен тәнті еткен Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ «Бастау» концертінде кесілген еді. Осылайша, жас домбырашылардың тобы да «Бастау» деген атпен көпке танылды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, бүгінде көк туымызды желбіретіп, мәртебемізді биіктетіп жүрген дуэттің мүшесі Ернат НАУРЫЗ мысты шаһардың тумасы. Жақында ғана мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының «Халық шығармашылығы» номинациясында жеңімпаз атанған Ернатпен әңгімелескен едік…

Ернат, әңгімемізді ұлттық аспабымыз домбыраға деген қызығушылығыңыздың қалай оянғанынан бастасақ.

Отбасымда ән-күйге жақын адамдар мүлде аз. Математикаға құмар жандардың ортасында өстім. Ата-анамның достарының ішінде Қайрат Әбеуов деген ағамыз бар. Ол кісі жүрген жері сауық пен сайранға толып, көңілді кешке ұласатын еді. Қайрат аға үйімізге келісімен халық әндерін төгілтетін. Сонда мен мұқият тыңдап отыратын болуым керек. Бұл қасиетімді байқаған ол да маған бес-алты халық әнін үйретті. Өзімше ыңылдап орындап жүретінмін. Мектеп жасына келгенде Қайрат ағам ата-анама халық әндерін орындауға қабілетім барын айтып, домбыраны меңгерту қажеттігін айтты. Сонымен, әкем Нұрберген мені қаладағы балалар өнер мектебіне ертіп барып, Бибігүл Төлегенова есімді ұстазға тапсырады. Өнерге деген махаббатымның ашылуына себепкер болған ол кісіге алғысым шексіз. Қос ішекті аспапта жеті нотаны төгілтіп, қасиетті сазды сызылта ойнаудың жолын үйреткен ұстазымның жетекшілігімен алғаш қатысқан байқауым – «Ұлытау үні» фестивалі еді. Алғашқы жылы қатысып жүлдесіз қайттым. Араға екі жыл салып, аса ықтияттылықпен дайындалып, І орынды еншіледім. Келер жылы Бас жүлдені қанжығаладым. Одан әрі «Ақ көгершіннен» бастап, барлық республикалық өнер додасына қатысып, бағымды сынап, түрлі орындарды иеленіп жүрдім.

Аз уақыт ішінде «Бастау» дуэті халықаралық деңгейдегі түрлі жетістіктерге жетті. Сол жайында тарқатып айтсаңыз…

Өнер университетінің ұжымымен арнайы өнер күндерінің аясында бірнеше мәрте Түркияға бардық. Ол жерде ұлт аспаптарының байқауына қатысып жүріп, әріптестермен Голливудта халық аспаптарының халықаралық сайысы өтетінін естідік. Сөйтіп, біз де осы сында бағымызды сынап көруге бел будық. Виза алу, қаржылық мәселелерге университет тарапынан қолдау көрсетілді. Сенім артқан жанашыр жандарымыз бен жанкүйерлеріміздің үмітін ақтап, Бас жүлде иелендік. Биыл тағы бір байқауда топ жардық. «GOLDEN TIME TALENT» халықаралық фестивалінің гранд-финалында Вивальдидің «Жыл мезгілдері» («Жаз») топтамасын орындап, бейнебаян ретінде жібердік. Жазбаны ұлыбританиялық кәсіби мамандар түсірді. «Bridge TV» телеарнасы ұйымдастырған музыканттар байқауында да «Аспапта ойнайтын үздік дуэт» номинациясы бізге бұйырды. Мұнда халық әндері мен күйлерінен попури орындап, нәтижесінде Бас жүлде иегері атандық. Бұл – тек біздің ғана емес, ұлттық өнердің, қазақ халқының жеңісі еді.

Жақында Елбасы стипендиясының иегері атандыңыз. Мемлекеттік марапат иеленуіңіз шабытыңызға шабыт қосқан болар.

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожа, Ақұштап Бақтыгереева, Асанәлі Әшімов сынды аға-әпкелерімізбен бірге аталған стипендияға ие болу үлкен мәртебе. Ол 12 ай 55 АЕК көлемінде беріліп тұрады. Мұнда негізгі нәрсе – ақша емес, жүктелер міндет пен сенім ғой. Өнерімізді бағалап, болашағымыздан үміт күткен еліміз бар да, қазағым бар да – мәртебем қашанда биікте. Сенімге селкеу түсірмей, бұдан әлі де елімнің атын әлемге паш етіп, еңбектене беремін.

Сүбелі әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button