Қауқарсыз қарт кімге пана болады?
«Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында». Бұл ұстанымды бұрынғылар бекер айтпаcа керек-ті. Бейқамдық қапы қалдырмасына кім кепіл? Елдің амандығы, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі қашан да өзекті. Адамға қауіп аң мен құстан емес, өзі тектес екі аяқтыдан төнуде. Адам адамға бауыр, туыс, дос дегенімізбен кісі аласы ішінде. Күнделікті көк сандықтан көретініміз де құқық бұзушылық. Әсіресе, елді алаңдататын жайттардың бірі өскелең ұрпақтың, атап айтқанда, білім ордаларының қауіпсіздігі. Жалпы, білім беру мекемелеріндегі білім сапасы, материалдық-техникалық базасымен қатар ондағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 7 228 мектеп болса, оның жартысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам мектеп қана мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Ал қалғандарында ескі әдіс – күзетші мен вахтер ғана күзетеді.
– Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында арнайы күзет енгізілді. Бүгінгі таңда күзет компанияларымен оқушылар саны 500-ден астам 282 білім беру ұйымдарында келісімшарт жасалған. Оқу орындарының барлығында дабыл түймелері мен ескерту жүйелері бар. 265 білім беру ұйымы турникетпен жабдықталған. Бүгінгі таңда облыс мектептеріне 19837 бейнебақылау камерасы орнатылса, оның белгіленген талаптарға сай келетін 26.5 пайызы ішкі істер органдарының орталық ұйымдарына тіркелген, – депті облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің есепті баяндамасында.
Облыстағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанынан хабардар болғанымызбен, күзет мәселесінде олқылықтар жоқ емес. Былтыр Қазан қаласындағы мектептегі оқиғадан кейін балалардың қауіпсіздігіне қатысты қабылданған шаралар аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланған. Күн тәртібінде балаларға қарсы қылмыстың алдын алу және аймақтағы бала қауіпсіздігі мәселесі жіті қаралған болатын. Осы кездесуде «Қазандағы қайғылы оқиға балалар мен білім беру нысандарының қылмыстан қорғалмағандығын көрсетті. Жағдайды жақсарту үшін барлық жүйелермен бірігіп, әрекет етудің мәні зор. Ол жүйелер – полиция, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, қамқоршылық және қорғаншылық ұйымдары, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, әкімдіктер. Басты мақсат – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау», – деп атап өтті облыс әкімі.
Осы мақсатта білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушылардың кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірледі. Алайда, көзіміз көріп жүрген қала мектептерінің көбінде күзетте орта жастан асқан немесе зейнет жасындағы адамдар. Қолында қару түгілі байланыс аппараты жоқ үлкендердің айбары үстіндегі «Күзет» деп жазылған арнайы киімі ғана. Тіпті, алпысты алқымдаған ата мен апа да күзетте отырады. Кезінде бар күш-жігерін еңбекпен еңсерген қарттар бүгінде қайраты кеміп, күші азайған қауқарсыз тұста кімге қорған болады деген сұрақ еріксіз мазалайды. Мүмкін бірі, балаларыма көмек болсын десе, енді бірі еңбекпен есейіп, біте қайнасып кеткеннен кейін қол қусырып үйде отыра алмады ма екен деген ойға қаласың. Әйтпесе, тепсе темір үзетін дәурен бастан көшкелі қашан бұл кісілерден.
– Алатын азғантай зейнетақыма демеу болсын деп отырмын. Мазасыз ештеңесі жоқ. Кірген-шыққанға қарап күн бойғы уақытыңды өткізесің. Айлығы 60 мың. Үйде бос отырғанда не істеймін?! Бір мезгіл болса да көңілім бөлінеді, – деді Рабиға апай.
Есек дәмемен «қаруыңыз бар ма?» деп сұрап қалдым. Апам алдымен күліп алды. «Жоқ, айналайын. Оны кім береді маған? Берген күннің өзінде қолдана алмаймын. Әйтсе де бір жөні болар» деп, ойланып қалды. Рас-ау, қартайған адамның қолына тапанша ұстата салмайды ғой. Тек арзан жұмыс күші ретінде қызмет көрсетіп отыр, апамыз. Жалпы, кез келген білім беру орындарының есігінің күзетінде егде адамдарды жиі кездестіреміз. Себебі, жалақысы төмен күзет қызметіне жастар аттап баспайды. Зейнет жасына жете алмай, немесе зейнетақысына үстеме болсын деп жүргендер үшін күзетшілік күнкөріс көзі. Айлығына қарап «қадірсіз» мамандық десек те, азғантай ақшаны талғажу етіп отырғандар қаншама. Осы орайда, облыстық білім басқармасына хабарласып, былтырғы жылы облыс әкімімен болған кеңесте қаралған «аймақтағы бала қауіпсіздігі» мәселесі, білім беру мекемелеріндегі күзет жайлы сұраған едік.
– Қаңтардан білім басқармасы конкурс жариялады. Соған сәйкес, бірыңғай техникалық ерекшеліктерді әзірлеп, күзетшілікке алынатын адам ер-азамат болуы тиіс және зейнет жасында болмауы керектігін көрсеттік. Бірақ, конкурс өтпеді. Еңбек кодексі бойынша біз жоғарыдағы ерекшелікті жаза алмайды екенбіз. Күзет қызметін ұсынатын фирмалармен келіссөз жүргізгенде, олардың қызмет көрсетуге жіберген адамдарының жасы сай еместігін, әрі қауіпсіздік құрал-жабдықтарының жоқ екендігін айтқан болатынбыз. Қазір конкурсты қайта жарияладық, жоғарыдағы міндеттемені алып тастадық. Мемлекеттік мекеме болғандықтан заңдылықты сақтай отырып, осылай істеуімізге тура келді – дейді материалдық-техникалық база бөлімінің басшысы Серікбол Дауылбайұлы.
Мемлекеттік басқарушы органдарды арнайы полиция қызметі күзетеді. Дұрыс-ақ. Алайда, айдың күннің аманында, білім ордаларында орын алатын жайсыз жайттар жеткілікті. Өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алу тетігін жетілдірмесе, бейнебақылау мен турникеттер бала қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. «Былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өледінің» кері. Заң алдында барлығымыз жауаптымыз. Бірақ, таразы басында баланың қауіпсіздігі. Соны ұмытпайық…
Сағыныш ӘБІЛ.