Zhas Project жаңа бастамаға жол ашты
Қазақстанда жастар корпусын дамыту жобасын Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы қолға алған еді. Оның ішіндегі Zhas Project жобасы елімізде нағыз брендке айналды. Бұл жобаның нәтижесін негізге алып, биыл жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрететін курстар енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш ЕРҒАЛИЕВ айтты.
– Осы 5 жыл ішінде Zhas Project елімізде нағыз брендке айналды. Мұнда жастар өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруды үйренді, бұл тұтас қоғамымызға оң ықпалын тигізеді. Аталған жобаға 10 мыңға жуық жас қатысты және 9 мыңы оқуды табысты аяқтады. 4 жыл ішінде екі мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, оның 20%-ы ауылдық жерлерде болса, 20%-ы білім беру мақсатында болды. Жобалардың 10%-ы мәдениетті дамытуға, қалғаны әлеуметтік салаға арналды. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде тілдік курстар, компьютерлік клубтар іске қосылды, ет және сүт өндірісі, тамақ өнеркәсібі құрылды, сұлулық салондары, тігін салондары да ашылды. Мұның бәрі жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға және бизнесін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берді, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол бұл жобалар қоғамдастыққа, жергілікті жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік органдарға да оң әсерін тигізгенін айтып өтті.
Zhas Project мемлекеттің кейбір стратегиялық міндеттерін шешу үшін бірнеше тапсырмаларды орындады. Әсіресе, жастарды волонтерлік қызметке қатысуына, қоғамдастықтың өмірі үшін жауапкершілікке және мектепті аяқтап, мамандық таңдау кезінде дұрыс шешім қабылдауға әсер етті. Атап айтқанда, жоба барысында NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаулықтар, жастарды дамыту индексі, волонтерлік қызметті дамыту стратегиясы, кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және басқа да құжаттар әзірленді.
– Биыл біз жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрететін курстарды енгізіп жатырмыз. Жоба аясында әзірленген бағдарламаларды қарастырып жатырмыз. Осы жылдар ішінде жоба мемлекеттік жастар саясатының қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, оның дамуына, жастармен жұмыс істеуде жаңа тәсілдер мен шаралардың пайда болуына ықпал етті, – деді Қуаныш Ерғалиев.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.