Облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан ФАЙЗУЛЛИН: «Қылмыс деңгейі едәуір төмендеді»

Облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан ФАЙЗУЛЛИН «Facebook» желісіндегі парақшасын қазақша жүргізеді. Әлеуметтік желідегі ашықтыққа аса мән беретін бірден бір ықпалды тұлға. Төл мерекелері қарсаңында аймақтың бас полицейі Ерлан ЖҰМАСЕЙІТҰЛЫН әңгімеге тартқан едік. Сұхбат берушіміз қарағандылық полицейлердің қарқынды еңбек етуінің арқасында қылмыстың едәуір азайғанын айтады. Дегенмен, есірткі саудасы, интернет алаяқтығының белең алып тұрғанын да алға тартты…

Ерлан Жұмасейітұлы, жақында ғана алған генерал-майор шеніңізбен шын жүректен құттықтаймыз…

Үлкен рақмет. Иә, Отан қорғаушылар күні қарсаңында жаңа шенімізді Мемлекет басшысының қолынан алу мәртебесі бұйырды. Елге сіңірген еңбектің еленгені жақсы. Қандай да бір жетістікке жетіп, биікке шықсақ халықтың арқасы деп білеміз. Сенім білдірген жандарға алғаусыз алғыс айтамын.

Әлеуметтік желідегі парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе? Жаңалықтарды қазақша бөлісіп отырасыз парақшаңызда…

Әрине. Әлеуметтік желідегі ашықтық аса маңызды. Біз халықты қорғайтын, халыққа көмек қолын созатын органбыз. Әлеуметтік желіні өзім жүргізіп, шолу жасап отырамын үнемі. Барынша қазақша жүргіземін. Мемлекеттік тілімізді қадір тұтуымыз керек.

Бәрекелді. Әңгіме ауанын жұмысқа қарай бұрсақ. Жыл басынан бергі уақытқа дейінгі қылмыс деңгейі жайлы айта өтсеңіз…
– Осы кезеңде облыстың жергілікті полиция бөлімшелерімен 4693 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 15,4 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмысты тіркеу 13,2 пайызға азайды. Ұрлық 36,1 пайызға, қарақшылық 28,6 пайызға төмендеді.
Қарағандылық полицейлер көбіне қандай қылмыспен бетпе-бет келеді?
– Бөтеннің мүлкін ұрлау белең алып барады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың 38 пайызы ұрыларға тиесілі. Бірақ, жүйелі жұмыс нәтижесінде 20,7 пайызға азайғанын да алға тартпақпын. Әсіресе, пәтерге ұрлыққа түсу, ұялы телефон, мал ұрлығы жиі тіркеледі. Сондай-ақ, мен интернеттегі алаяқтыққа тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі 11,9 пайызға төмендеді. Мамыр айында Қарағандыда, Теміртауда, Алматыда полицейлер 50 млн. теңгеден астам шығын келтірген банк мекемесі қызметкерлерінің екі тобын ұстады. Біздің азаматтарымызды алаяқтарға қырағылық танытуға әлі де шақырамын.

Есірткі есті тандырып тұр. Сіздердің тараптарыңыздан күрес қалай жүріп жатыр?

– Иә, оныңыз рас. Есірткі бизнесі белең алып тұр. Дегенмен, күрес қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болады. Былтыр 235 есірткіге байланысты құқықбұзушылық тіркелген еді. Биыл полиция қызметкерлері 169 құқық бұзушылықты анықтады. 180 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Айтпақшы, жақында ғана облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысының үш тұрғынын ұстады. Олардан 198 келі марихуана тәркіленді. Жедел іс-шаралар барысында Алматы мен Таразда осы топтан тағы үш адам ұсталды. Сонымен қатар, біз синтетикалық препараттарға ерекше назар аударамыз. Биыл трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты қатысушысы, біреуі – 15 жылға, қалғандары – 16 жылға сотталды. Олар ел аумағында синтетикалық есірткілерді дайындаумен және сатумен айналысқан. Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларында және Ақмола облысында 5 есірткі зертханасы жойылып, 24 келіге дейін зат және 3 тоннадан астам прекурсорлар алынды. Осындай есірткі әзірлейтін ірі ошақтарды жою басты міндет бізге.

Жол-көлік оқиғаларына да тоқтала кетсеңіз…

– Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 11,2 пайызға төмендеді. Бұл біздің «Жол», «Назар аударыңыз, балалар!» атты профилактикалық іс-шараларымыздың жемісі деп ойлаймыз. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Онымен қоса, бейнебақылаудың да көмегі көп болып тұр. Дегенмен, әрі қарай жұмыс жүргізе береміз.

– Құқықбұзушылықтың дені азайғанын айттыңыз. Соларға нақты тоқтала кетесіз бе?

– Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің 34,5 пайызға төмендегені байқалады. Оның ішінде көшелерде – 20,5 пайыз. Бұдан басқа, есірткі күйінде жасалған қылмыстар – 84,6 пайызға және мас күйде жасалған қылмыстар – 30,6%-ға аз болғанын атап өту қажет. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс 22 пайызға, ал атыс қаруын қолдану қылмысы 60 пайызға төмендеді. Меніңше, бұл жаман көрсеткіш емес.

– Төл мерекелеріңіз қарсаңында өз әріптестеріңізге, ардагерлеріңізге тілек жолдаймын десеңіз, мархабат…

– Ардагерлерімізге, барлық әріптестерімізге зор денсаулық, амандық және жаңа кәсіби табыстар тілеймін!

Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз. Еңбектеріңізге жеміс тілейміз…

Әңгімелескен Қасымхан ҒАЛЫМ.