Өнерде шекара жоқ
С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ дарама театрында М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясы премьерасының алдында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан НЕЛДІБАЕВ, «Парасат» орденінің иегері Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат КЕМАЛОВ, қойылым режиссері Гүлназ БАЛПЕИСОВА, жарық суретшісі Нарек ТУМАНЯН, театрдың көркемдік жетекшісі Айдын АБЗАЛБЕКҰЛЫ және театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Тәңірберген ЕМБЕРГЕНОВ және БАҚ өкілдері қатысты.
Сурет театрдың баспасөз қызметінен
Алдымен Ерлан Нелдібаев мырза сонау Ресейден Арқа жеріне ат басын бұрып, 3 айға жуық өз тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізіп, классикалық туынды «Қаракөз» трагедиясын Қарағанды жұртшылығына ұсынғалы отырған талантты әрі талапты режиссер Гүлназ Балпеисоваға қарағандылықтардың атынан шексіз алғыс айтты. Алдағы уақыттағы жұмысына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.
Өз кезегінде аға буын өкілдері Рымбала Кенжебалақызы мен Қайрат Кемалов та Гүлназ Тілекқызының шеберлік сынып өткізгендегі өз ерекшелігіне, алғырлығына тоқталып, алғыс білдірді. «Қаракөз» драмасының театр сахнасында қойылу тарихынан сыр шертіп, онда қанша уақыт өтсе де, маңызын жоймайтын өзекті мәселелер көтерілгенін алға тартты.
Аймақ журналистері көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алып, спектакльдің мән-жайымен жіті танысты.
– Қазақ театр өнері үздіксіз даму үстінде. Уақытпен бірге түлеп, жаңарып әр дәуірге сай өз мүмкіндіктері пайда болуда. Соның бір жарқын көрінісі – Гүлназ Тілекқызының Сәкен театрына келіп, өз білгенін жас әртістерге үйретуі, іргелі қойылымды сахналауы. Мәселен, осыдан біршама жылдар бұрын Сәкен театрының өз ғимараты болған жоқ. Қазір оған қол жеткізіп, еркін шығармашылықпен айналысудамыз. Еліміздің басқа аймақтарына, шет елдерге гастрольдерге шығуға мүмкіндігіміз бар. Соңғы жылдары мәдениет саласына жіті көңіл бөлінуде. Жас әртістерге пәтер кілттері де беріліп келеді. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы, – деді Айдын Абзалбекұлы.
Гүлназ Тілекқызына да бірқатар сұрақтар қойылды. Солардың ішіндегі «Қазақтың Гүлназдай талантты қызы еліне оралып, қазақ театр өнерін дамытуға үлесін неге қоспасқа?» деген сұраққа ондай ойы жоқ екендігін айтты.
– Мен бала күнімнен еркін ойлауға үйренген адаммын. Оған мені үйреткен – анам. Өзі бүгін менің жұмысымды көру үшін арнайы ұшып келді. Қазақстанмен шектеліп қалу ойымда жоқ. Мен қазір – Қарағандыдамын. Ертең – Ресейдемін. Арғы күні Еуропада жүруім мүмкін. Өйткені, шынайы өнерде шекара жоқ. Сондықтан, әлемнің бар жауһарын бойыма жиып, қазақтың атын әлемге мәшһүр еткім келеді. Басқаша айтсам, Ұлы Даланың пайдалы әрі еркін самалы болу – арманым. Болашақта қазақ әдебиетінің озық үлгісі «Көшпенділерді» Ресейдің үлкен сахналарында қою ойымда бар. Қазір 33-темін. Бұл шамамен 40-қа қарай жүзеге асып қалар. Өйткені, бұл оңай шаруа емес, – деді Гүлназ Балпеисова.
Бұдан бөлек, премьераға еліміздің түпкір-түпкірінен театртанушылар, театр сыншылары және режиссерлар мен әртістер келіп, баспасөз мәслихатына да қатысқанын атап өту керек.
Жәлел ШАЛҚАР.