«Біз кітаппыз, оқылатын жалғасы бар…» Қарағандыға белгілі ақын Мұхтар Шаханов келді
«Мұхтар ШАХАНОВ келеді» дегенді естіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін бетке алдық. Жақындап қалғанда есік алдында студенттер сап түзеп, ақынды күтіп тұрды. Бұдан артық бақ бола ма, шайыр үшін?
Осы сәт Мұхаңның «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын кештеу алғаны миға сап ете қалды. Бірақ, мынадай поэзия кешінің алдында оны ойламауға тырыстық. Халық ағылып келіп жатты. Біз де орын алып үлгергіміз келіп, студенттер сарайына ұмтылдық. Мұндай аншлагты бұрын-соңды көрмеппін, өз басым. Ине шаншар орын жоқ. Бір орынды әзер тауып, жайғастық. Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар ағамыз кіріп келгенде, халық орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті. Осылайша, рух жоқшысы, ҚарУ-дың ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВТІҢ тікелей бастамасымен ұйымдастырылып, облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВТЫҢ қатысуымен өткен «Біз кітаппыз, оқылатын жалғасы бар…» атты әдеби-сазды кеш басталды да кетті.
Кіреберісте ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сахнадағы экранда М.Шахановтың көзтартар суреті мен ол туралы шетелдік атақты ғалымдардың пікірі көзге ұрып тұрды.
ҚарУ-дың студенттері «Мені неге Мұхтар қойған?» шығармасынан үзінді оқып, «Жарқын» би ансамблі сүйемелдеуімен «Ақ бантик» әні орындалды.
Кешті ақынның поэмаларын жатқа айтатын, сөзге шешен азамат Айтуған Ырысалды жүргізді. Сөз басында ақынның шығармашылығы мен әдебиеттегі орны һәм жеткен жетістіктері тілге тиек етілді.
Саналы ғұмырын ұлтына арнаған, жан тәнімен елін, жерін сүйген, адал қызметімен үлкен-кішіге де үлгі болған Мұхтар ағамыз азаматтық поэзиясымен қатар, махаббат тақырыбында да қалам тербеген. Сан жүректің мұзын еріткен «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» сынды бірегей әндерін алты шекті гитарасымен Алаштың аяулы әншісі Сейіл Аяғанов шырқады.
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме!» деп ақынның өзі жырлағандай, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері Ершат Қонақбаев пен Арайлым Жүкенова «Жұбайлар жыры» әнін тамылжытса, ҚарУ-дың қызметкері Қамбар Таласбек, «Тасада өскен гүл» әнін орындап, М.Шаханов туындыларының жалпыхалықтық сипат алғанын дәлелдеді.
Ал, жастардың сүйіктісіне айналған «Қарқаралы тобы», «Арқалықтың ақ таңын» әуелетсе, «Махаббат майданы» туындысын Сәлдет Шаймұрат шырқады. «Ғашық болу келсе кімнің қолынан, әлем соған сенеді» – демекші, махаббатты сақтау үшін адалдық пен тазалық ерлік, өрлік және үлкен жүрек керек. Осы бір сипаттарды Мақпал Ершора жатқа оқыған ақынның «Ғайша» жырынан аңғардық.
Ұлы адамдардың достығы да, ұлы болады. Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар аға рухтас, сырлас, адал дос болған.
Екі елдің бауырластығындай болған достықтың құрметіне «Кәусар» тобы қырғыздың «Таң сыры» әнін орындады.
«Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек, десек те, Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте» – деп басталатын Төлеген Айбергеновтің сағыныш жайлы өлеңін Мұхтар ағамызға арналғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Ал, бақыттың сипатын ақын мүлдем өзгеше өреді. «БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене, Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?» деп басталатын айтулы жырын залда отырған «Шабыт» ақындар клубының мүшелері кезек-кезек оқыды. Халық та қосылып отырды. «Сарын» ансамблі ақынның әндерінен попурри орындағанда қосыла шырқамаған жан қалмады.
– Мұхаңның әр өлеңі мен әр әніне халық қосылып отырды. Бұрын-соңды мұндай аншлаг болмаған. Бұл – Мұхтар ағамыздың ақындық қуаты мен азаматтық тұлғасына берілген халықтың бағасы. Әндерін тыңдап, жас кезіміз еске түсті. Бір жасап қалдық, – деді ақын Қойлыбай Асанов.
Кештің қыза түскен тұсында сахнаға ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Орынбасарұлы шығып, ақын жырларынан үзінді оқи жөнелді. Тіпті, «Ғашықтық ғаламаты» туындысының орысша нұсқасын да шебер оқып шықты. Осыдан-ақ, кештің қандай әсерлі өткенін аңғаруға болады.
Нұрлан Орынбасарұлы сөз сөйлеп, шақыруды қабыл алып, студенттердің тілегін орындап, алтын уақытын бөліп, арнайы келген Мұхаңа алғысын жаудырды. Алып ақынды сахна төріне шақырып, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен ақынға Қарағанды университетінің Құрметті профессоры атағын тапсырды.
– Мен қазақтың ең нашар ақындарының бірімін. Кезінде менің атымды атауға тыйым салынған. Соған қарамай өмір бойы шындық үшін күресіп келе жатырмын. Осында Лесәу (Сәуле) деген бастығым отыр. Лесәу бас болып, 60 сериялы деректі фильм жасалды. Соның барлығында басымды кесіп алса да, тек шындықты айтыппын. «Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай», Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?», Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай, Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай» деп бұл туралы жыр да жазғам. Кезінде Гитлерден «Жаулап алған жеріңізге қандай саясат қолданасыз?» дегенде, «Ертеден кешке дейін жеңіл музыка қосып, ойлануға кітап оқуға мұрша бермеу керек. Өйткені, адам неғұрлым рухани өресі таяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді» деп жауап беріпті. Сол саясат қазір барлық мемлекетте жүріп тұр. Қазір қай телеарнаны басып қалсаңыз да Ырбикүлдер мен Жырбибайлар ән салып тұрады. Қарағанды халқының көңіл-ниетіне ризамын. Нұрлан бауырым нағыз азамат екен. Студенттерді жеңіл әуеннен арзан дүниеден алшақтатып, осындай рухани кештерді көптеп өткізіп жатыр. Өлеңдерім «бар-жоғы» 200- ден астам елдің тіліне аударылған. Халықаралық деңгейде «бар болғаны» 7737 сыйлық алыппын. Кейіннен алған Түркі әлемінің ең жоғарғы сыйлығын қосқанда 7738 болды, – деп жұртты бір күлдірді Мұхтар Шаханов.
«Туфли жалағыштар» туралы тебірене өлең оқып, «Осында отырған әр адамның жұлдызы тек шындық биігінде жарқырасын!» деп бата берді.
Айтулы кеш студенттердің Мұхтар ағамыздың «Рух пен тіл» әнін шырқаумен мәресіне жетті. Халық тік тұрып, ақынын құрметпен шығарып салды. Оқырмандарымен естелікке суретке түсіп, қолтаңба берді.
Қандай атақ Мұхаңа кеш берілсе де, ол халқының шынайы бағасын алды, үнемі халқымен бірге болды. Солай бола бермек…
Жәлел ШАЛҚАР.