Аяусыз тағдырдың баянсыз кейпі
Қарағанды руханияты бай екені анық қой, алайда, сурет, бейнелеу өнері мұнша бай деп ойламаппын. Мұндағы облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорында ҚарЛаг-та қамауда болған суретшілердің мың екі жүз туындысы сақтаулы екен.
Бір мың екі жүз картина! Зұлмат жылдардың сұрқай сықпытының баяны ма, көлеңкесі ме?.. Қайғысы ма, қасіреті ме? Жоқ, жер ауып келген өнер иесінің үміт көлеңкесі ме, үзілген күдері ме? Алла сақтасын, әрине. Бірақ, сол зұлмат заманның табиғатын тану үшін, білу үшін керек туындылар.
Мұнда (ҚарЛаг) қандай суретшілер отырған және?! Қуанышты емес, өкінішті жағдай, әрине. Бірақ, ұрпақ білуі тиіс. Кеңес заманы Суретшілер одағының негізін қалаған және училищелерін ашқан Александр Григориев тұтқында болған. Ол осында қамалған атақты биофизик Александр Чижевскийдің портретін салып кетіпті. Тұтқындалған суретшілердің тірі қалғандарының көбі осы Қарағандыда тұрақтап қалған.
Биыл әлгі мың екі жүз картина арасынан тек автопортреттер мен портреттерді ғана алып шығыпты виртуалды көрмеге. Қуғын-сүргінге ұшыраған қылқалам иелерінің қолынан шыққан суреттерде жарқыраған Күн де азап көрген адамның жанары іспетті нұрсыз. Камерада бірге отырған достарын салған дені. Портреттердің бәріне ортақ бір белгі – күңгірттік. Бір де бір жарқын бояудың, ия сәуленің көрініс бермеуі. Бір-бірін қайталағандай сұрғылт бейнелерден күдер үзген көңіл табын аңдау қиын емес. Ашық бояу, ашық түске не жетсін?! Аспанымызды бұлт торламасын деп тілейік!
Жәнібек ӘЛИМАН.