«Қызыл аймақ» қатары артты
«Қызыл аймақтағы» Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Қостанай облыстары қатарына Ақмола облысы қосылды. Ал, Батыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта». Дүйсенбі күні COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысын өткізген Премьер-Министр Асқар МАМИН коронавируспен ауырғандар саны республиканың барлық аймақтарында артып келе жатқанын алға тартты.
Үкімет басшысы тиісті министрліктер мен әкімдіктерге медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтау және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімшелерін толық жабдықтауды тапсырды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне бір апта мерзімде дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету мақсатында коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттеу тәртібін өзгерту тапсырылды. Қазіргі таңда республика бойынша коронавирус өсімі 1,07%-ды құрайды. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 0,17%.
24 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 720 жаңа жағдай тіркелгенін айта кету керек. Барлығы 127 580 адам COVID-19 жұқтырған. Біздің облыста 18 адам анықталып, барлығы 10 990-ды құрады. Бұдан бөлек, республика бойынша 207 адамда коронавирусты пневмония анықталып отыр. Соңғы мәліметтерді қосқанда ел аумағында 1 тамыздан бері 41 427 адам коронавирусты пневмониямен ауырған. Одан 30 207 адам жазылып шықса, 432 адамның өмірін жалмады.
Коронавирус инфекциясының адам ағзасына қалай әсер ететіндігін болжап білу қиын. Қауіп тудыратын да тұсы – осы. Дәрігерлер вирустың адам ағзасында «ұйықтап жатқан» ауруларын қоздырып, оларға «күш» береді. Вирустың әсеріне адамның өз аурулары қосылып, науқастың жағдайын нашарлатады. Оның үстіне ғалымдар қазір әлемде коронавирус инфекциясының агрессивті мутацияланған түрлерінің пайда болғанын айтуда. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ғалымдары да коронавирус мутацияларын зерттеп жатқандығын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, Қазақстанда бар Sars-CoV-2 штамының бірқатар мутацияланған түрлері анықталған. Бірқатары шетелдерден әкелінген болса, жартысы қазақстандықтар арасында жүріп өзгерген. Алайда, бізде анықталған жаңа генетикалық өзгерістер патогенді, яғни, қауіпті емес көрінеді.
Қалай болғанда да коронавирус инфекциясы әлі де зерттеліп біткен жоқ, ол туралы әркім әртүрлі айтады. Бірақ, бір анығы, көпшілік арасында бетперде тағу, қолды антибактериялық өнімдермен тазалап жүру – қорғанудың ең қолжетімді әрі тиімді әдісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам орта есеппен бетін минутына 3-5 рет ұстайды екен. Оны өзі байқамай да қалуы мүмкін. Сондықтан, бетперде бір жағынан байқаусызда бетін, аузы немесе мұрнын ұстаудан қорғайды. Қорғанышты арттырып, сақтанып жүрсек, сау жүреміз, жақындарымыз да аман болады.
Дәрігерлер коронавирус инфекциясының негізгі белгілері саналатын дене қызуының көтерілуі, жөтел, бұлшықеттердің ауруы, содан кейін жүрек айну мен құсу белгілері байқалса, дәрігерге баруға кеңес береді.
Жансая ОМАРБЕК.