Тасжол қашан ашылады?
Қарағанды – Балқаш бағытындағы тақтайдай тасжолда жыл соңында жүйткиміз деп тақиямызды төбеге ертерек атып қойыппыз. Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, тақияны аспанға атуға әлі ерте. Бақандай бір-екі жыл бар көрінеді. Яғни, жол келесі жылы пайдалануға беріледі. Ал, толық аяқталуы одан әрі, 2022 жылға жоспарланған. «Жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын келесі жылы аяқтап, 2022 жылы толықтай пайдалануға береміз», – деген еді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан ӘЛІП БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Демек, жыл соңында «жолымыз ашылады» дегеніміз әзірге «дәме» ғана…
Жыл басында аймақ басшысы һәм «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы тасжолдың желтоқсанда мәреге жететінін жария еткен-ді. Мұны естіп алған жұрт та содан бері елеңдеуде. Алайда, әлемді шарлаған індеттің салдары бұл жоспарларға кедергі келтірді. Жер қарая жұмысқа шығуы тиіс жол жөндеушілер, індет кесірінен белгіленген уақыттан кеш шықты. Тиісті мамандар дер кезінде жете алмады. Уақыт туғызған осындай қиындықтар жұмысқа тұсау болғаны мәлім.
Негізі, ресми құжаттарда жолды жаңғырту 2022-2023 жылға дейін жоспарланған. Жоба бойынша абаттандыруды аяқтау мерзімі – 2023 жыл, ал, көлік жүрісіне тапсырылуы – 2022-2023 жыл деп белгіленген екен. Бүгінгі таңда құзырлы орындар мен мердігерлер келесі жылы көлік жүрісін және абаттандыруды қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме алған. Бұл туралы облыс басшылығы да баспасөз мәслихатында мәлім еткен-ді.
Жалпы, қайта жаңғыртудағы Қарағанды – Балқаш тасжолының ұзындығы 360 шақырымнан астам. Бұл жол бұған дейін екі жолақты еді. Енді, алдағы уақытта төрт жолаққа кеңейтіледі. Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Алматыға жалғасатын тасжолдың І-б техникалық санатында екенін айта кеткен жөн.
Компания өкілдерінің деректеріне үңілсек, тасжол ашылғанда ондағы тиімділіктер тағатсыздана күткен төзімнің өтеуіндей болмақ. Мәселен, мұндағы ең бірінші тиімділік – жолаушылар уақытын үнемдейтіндігі. Экономикалық тұрғыдан алғанда аймақтың көліктік-логистикалық әлеуетінің артуы. Бұған қоса, қөлікпен тасымалданатын жүк айналымы, халықаралық тасымалы да қарқын алады деп күтілуде. Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш тасжолын қайта жаңғырту Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей Федерациясына шығу мүмкіндігін молайтады», – дейді компания.
Құрылыс жобасындағы 28 көпір мен жол өткелдері, 377 су өткізу құбыры жол қадірін одан әрі асырады. Жол бойына төселетін төсемдердің саны рельефтерге байланысты 3-тен 20-ға дейін жетеді.
Қарағанды – Балқаш автожолын қайта жаңғырту жобасын құрамында CITIC Construction Co Ltd «ҚазГерСтрой» БК «ЖШС және «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ бар Қазақстан-Қытай консорциумы жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 243 млрд. теңге. 2019 жылы бұл сомадан 24,4 млрд. теңге, 2020 жылы – 140 млрд.теңге бөлінген.
Не десек те, тасжол бұқараға келесі жылы бұйырмақшы. Оған дейін қырқына шыдаған жолаушыларға қырық біріне шыдау керек болып тұр. Ол шыдамның өтеуі – сапалы төрт жолақты жол…
Қызғалдақ АЙТЖАН.