Дәрігерге кім көмектеседі?
Адам болған соң ауырмай тұрмайды. Ондайда ем алу үшін дәрігерге бару қалыпты нәрсе. Алайда, сол дәрігердің көмегіне мұқтаж болуы мүмкін екеніне қарамастан, оларды балағаттап, қол жұмсайтындар көбейді. Елде мұғалімдер мәртебесі сияқты дәрігерлердің де мәртебесін айқындайтын кез келді. Қоғамның қит етсе, дәрігерді кінәлай шығатыны жасырын емес қазір. Оның орынды-орынсызы бар. Сондықтан, бас салып, барлық кінәні медициналық қызметкерлерге арта салған қаншалықты дұрыс?
Құқықтық қорғау қажет «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы бүгінгі таңда дәрігерлердің арнайы мәртебесі жоқ екенін алға тартады. Республикалық қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облысындағы филиалы төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев біздің аймақта да дәрігерлерге қарсы әрекеттердің орын алатынын айтты.
– Соңғы жылдары біздің кәсіподақ медициналық қызметкерлерге қатысты төрт жағдайда заңнамалық көмек көрсетті. Оның бәрінде біз медициналық қызметкердің мүддесін қорғауға тырыстық. Бірақ, біздің медициналық қызметкерлеріміздің барлығы бірдей мұндай жағдай болса да, айтпайды, істі әрі қарай – сотқа дейін жеткізуден қашады. Мәселен, №4 емхананың дәрігеріне қабылдауға келген әйел мен оның ересек ұлы боқауыз сөздер айтқан. Тіпті, орындықпен ұрмақ болған. Медбикелер болмағанда, ұрар ма еді. Біз ол кісіге «өз ар-намысыңызды қорғаңыз, біз көмектесеміз» деп әрең көндірдік. Біздің дәрігерлерде «болары болды, бояуы сіңді» деген пікір қалыптасқан. Ауылдық жерлердегі мамандар өз құқықтарын қорғаудан тіптен қашады. Дәрігер де осы елдің азаматы. Ол да заң алдында құқықтарының қорғалуына құқылы, – дейді Сұлтан Медеубаев.
Әуеліде дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылданатын болған. Кейін бұл мәселелер заңда емес, кодексте қамтылады делінді. Дегенмен, қабылданған кодексте бұл мәселе тыс қалған. Qmed ұлттық медицина палатасының президенті Әкім Тұрсұн солай дейді.
– Медицина саласы қызметкерлерінің құқығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі негізінде қорғалады. Былтыр бұл кодекске қосымша біраз нәрсе енгізілді. Сол заңнамада дәрігерлер статусы және олардың өзін қорғауы туралы нақты жазылуы керек еді. Өкінішке қарай, өте аз қамтылды. Қаншама үкіметтік емес ұйым, медициналық қауымдастық дәрігерлер мәртебесін заң жүзінде бекітуді айтты, бірақ біраз нәрсе толықтырусыз қалды. Екінші жағынан дәрігерлер конфликтіге көп бармайды, медиадан көріне бермейді. Мысалы, мұғалімдер мәртебесі туралы заң шықпай тұрғанда қоғам педагогтарға қатысты нақты бір статусты талап етті. Біріншіден, елімізде мұғалім көп. Екіншіден, олардың бәрі қоғамда болсын, әлеуметтік желіде болсын салыстырмалы түрде белсенді. Қандай да бір мұғалімге заңға қайшы келетіндей әрекет жасалса, елдегі барлық мұғалім көтеріледі. Соның арқасында «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң шығарылып, онда білім саласының қызметкерлерінің статусы айқындалды. Дәрігерлердің спецификасы басқа. Олар мұндай оқиғаларды айта бермейді, – дейді Әкім Тұрсұн.
Жансая ОМАРБЕК.