Президент спортшыларға сенім артты
Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады аз уақыттан соң. 4 ақпан күні басталатын төртжылдық додасына әлем елдері тас-түйін дайын отыр. Ақ Олимпиадада бақ сынайтын біздің ұлттық құрама спорттың 8 түрінен жолдама жеңіп алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ел намысын қорғайтын өрендерді қабылдап, ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті.
«Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін», – деп жігерлендірді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Олимпиадада еліміздің туын алып шығатын спортшыларға көк байрағымызды ресми түрде табыстады. Көк туды шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова ұстап шығады.
Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қатысты, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.
Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар деуге де болады. 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржынында. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.
Қасымхан ҒАЛЫМ.