Облыс әкімі

Шешімін күткен мәселе бар

Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК облыстық басқармалар мен департамент басшылары қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізді. Онда өткен жылдың қорытындысы мен осы жылғы жоспар талқыланды.

Жиында білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өткен жылы ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген жас педагогтарға 24 қызметтік пәтер бөлінгенін айтты. Бүгінгі таңда Абай ауданында, сондай-ақ, Приозёрск және Жезқазған қалаларында жас мамандарға арналған тұрғын үйлер берілмек. Сондай-ақ, ЖОО түлектері тұрғын үйді жалға алу, коммуналдық қызметтер үшін өтемақыға және үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақыға үміттене алады.

– Аудан мен қала әкімдеріне «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша аудандарға баратын жас мамандар үшін баспана санын анықтауды тапсырамын. Басқа жолмен біз жас мамандарды ауыл мектептеріне тарта алмаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек. Сондай-ақ, өңір басшысы педагог кадрлардың кәсібилігін және олардың әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды.

– Әлеуметтік желілерде жекеменшік балабақша қызметкерлері тарапынан балаларға дөрекі қарым-қатынас туралы жарияланымдар тарап жатыр. Білім басқармасы шағын бизнесті тексере алмайды, мүмкіндігі шектеулі. Алайда, ондай мекемелердің басшыларына қызметкерлердің психологиялық жай-күйін, тамақтануын, өрт қауіпсіздігін бақылау үшін әсер ету тетіктерін табу керек. Олар өз мекемелерінің беделі үшін мүдделі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында жұмысқа мыңнан астам адам қабылданды, оның ішінде 432 жас маман бар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне 200 түлек жіберілді. Өңірде педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету бойынша кешенді бағдарлама әзірленуде. Ол мамандарды жұмысқа орналастыруға ғана емес, оларды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге де бағытталған. Сонымен қатар, медициналық саланы дамытудың проблемалары мен әлеуеті, Қарағанды облысының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды. Облыс әкімі әлеуметтік желілердегі тұрғындардың стационарлардағы жағдай, тамақтану сапасы мен медициналық қызметкерлердің қарым-қатынасын сынға алған хабарламаларына назар аударды.

– Пандемия кезінде алдыңғы қатардағы дәрігерлер үлкен жұмыс жүргізуде, ал медицина қызметкерлері проблемаларды көрмейді немесе көздерін жұмған. Сіздер тұрғындардың жазғанын оқымайсыздар деген пікір бар. Бұл мәселеде тәртіп орнатыңыздар, мердігерлермен жұмыс істеңіздер, мониторинг, талдау, пациенттерге сауалнама жүргізіңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек.

Денсаулық сақтау басқармасының басшыы Гамаль Тоқсамбаев бұл мәселені мойындап, пациенттерді қолдау қызметтерін қайта ұйымдастыру жоспарлары туралы айтып берді. Жақын арада олардың жұмысын бақылау байқау кеңесіне бекітілетін болады, оған жұртшылық өкілдері мен мәслихат депутаттары кіреді. Бүгінде өңірде туберкулез бен онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі байқалады. Бұл ретте ана мен бала өлімі мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу кезінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бірінші орынға қойылады. 2021 жылы жас мамандар 199 жайлы пәтер алса, биыл кем дегенде 200 пәтер беріледі. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жалғасады. 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталуда. Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы аяқталады. Бұл операциялар санын жылына 1000-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жолға байланысты тақырып қозғалғанда Жеңіс Қасымбек автопарктерді жаңартуды, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді жалғастыруды талап етті.

– Өзекті мәселе – ірі қалалардағы қоғамдық көліктің жұмысы. Автобустардың шығу кестесі сақталмайды. Мысалы, облыс орталығында жоспар бойынша 202 автобус шығуы тиіс, ал шын мәнінде 150-170 шығады. Биыл шамамен 80 автобус сатып алу керек. Ол үшін біздің өз автобус зауытымыз бар. Келесідей қағиданы ұстануымыз керек: автопарктер автобустарды ауыстырса, маршруттар алады, ескілерімен жұмыс істесе – алмайды, – деді аймақ басшысы.

Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ақпаратына сүйенсек, қала бойынша жолаушылар көлігінің 60%-ы жаңартылды. Ол автопарктермен жаңа автобустар сатып алуға келіскенін хабарлады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2021 жылы Қарағандыда отандық өндірістің 40 жаңа автобусы, Теміртауда – 20, Жезқазғанда – 20, Саран қаласында – 11 жаңа автобус іске қосылғанын айтты. Облыс әкімі, сондай-ақ, электронды билеттеуге көшуді жеделдетуді тапсырды.

– Бұл нарықты заңдастыруға алып келеді. Жолаушылардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Осыған сүйене отырып, жолаушылар тасымалын қалыпты түрде субсидиялай аламыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Жол инфрақұрылымын дамыту туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин биыл облыс бойынша 1 336 шақырым автожолды жөндеу жоспарланғанын айтып өтті. Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал республикалық трассаларының учаскелерін қайта жаңарту жалғастырылады. Жезқазған-Қызылорда жолының көптен күткен жаңаруы басталады. Алдағы уақытта Новодолинка – Шахан – Молодецкое, Нұра – Шахтёр, Жартас – Долинка, Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс, Осакаровка – Молодёжное облыстық автожолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталады. Жошы хан мен Дом[1]бауыл кесенелеріне жол салынады. Тағы бір маңызды жоба – Нұра мен Осакаровка арасындағы жолды қайта құру. Биыл ең проблемалы учаскедегі жұмыстар басталады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша кентішілік жолдарды ретке келтіру жалғасады. Ал, газдандыру мәселесі туралы:

«Екінші кезеннің жұмысы аяқталып жатыр, үшіншісінің жұмысы биыл басталады. Қазір жеке тұлғалармен 136 техникалық шарт жасалды. Алғашқы кезенде барлығы 2472 абонент қосылу мүмкіндігіне ие болса, әзірге 81-і ғана қосылды, – деп бөлісті энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, биылғы жылы қасбеттер мен шатырларды жөндеу жалғасады: облыста 100-ден астам үй жөнделеді. Тұрғын үйлердегі лифтілерді ауыстыру жоспарлануда: қазірдің өзінде 20 үйде жұмыс жүргізілуде, жыл соңына дейін 100 лифт ауыстырылмақ. Облыс әкімі еңбек мәселесіне тоқталып өтті.

– Еңбек мәселесі мен даулы мәселелер қала мен аудан әкімдерінің төрағалығымен кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен өтетін үшжақты комиссияның отырыстарында үнемі қаралып отыруы керек. Кейде, өкінішке қарай, қайғылы оқиғалардан кейін ғана қозғалыс болады. Мендегі мәлімет бойынша, өткен жылы облыстық комисия 114 отырыс өткізсе, онда 22 әкім ғана қатысқан. Әрбір әкім, әрбір кәсіпорын еңбек ұжымдарымен жұмыс істеуі керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі кеңесте өткен жылы жұмыс жақсы атқарылғанымен біршама жоспарланған іс аяқталмай қалғанын айтып өтті. Ол үшін тиянақты жұмыс істеу керектігіне тоқталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button