Білім ошақтарында

Мұражай – ұстаз өмірінің айнасы

Cләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейі 45 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнап, білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты ұстаз Сләмия САТТАРОВҚА арнап мұражай ашты. Кәсіби тұрғыда жасалған музейге ұстаздың ұрпақтарымен бірге облыстық музейдің қызметкерлері де атсалысқан көрінеді. Мұнда ұлағатты ұстаз өмірінің барлық кезеңі көрініс тапқан.

2006 жылы 31 мамырда ҚР Үкіметінің қаулысымен Сләмия Саттаровтың есімі берілген мектепте сол кісінің атындағы мұражайдың ашылуы да тарихи оқиғамен пара-пар. Алғашқы еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған Сләмия Саттарұлы педагогикалық училищенің директоры, ұзақ жылдар бойы қалалық және облыстық білім бөлімдерін басқарған. 50-80 жылдары Қарағанды облысындағы мектептердің білім жүйесін дамытуға зор үлес қосқан. Еңбегі еленіп, Қазақ КСР және КСРО халық ағарту ісінің үздігі болды.

Осындай құрметке бөленген, бедел биігіндегі абыройлы, ардақты ұстазға арналған мұражайдың ашылуына Сләмия Саттаровпен бірге қызмет еткен, әріптес болған, бүгінде есімі көпке белгілі ардагер ұстаздар С.Қонтаев, Т.Әміртаев, Т.Нұғманов, Н.Хван, Ө.Бимендин, З.Жантыбаева, №57 мектеп-лицейінің алғашқы ұстаздары және сол кісінің ұрпақтары қатысты.

Қазіргі таңда мұражайдың тарихи деректерді жинайтын, сақтайтын, насихаттайтын мәдени және әлеуметтік мекеме ретінде қоғамдағы, білім мен ғылымдағы атқаратын рөлі ерекше. Сондықтан, кешегі мен бүгінгінің жаршысындай болған ұстаз Сләмия Саттаровтың жүріп өткен өмір жолын жас ұрпаққа танытуды, насихаттауды басты мақсат тұтқан білім ордасы бүгінде өз төрінен тарихи-мәдени ескерткіш саналатын мұражай ашып отыр. Өткен ғасырдың білім беру жүйесін шынайы деректермен, жәдігерлермен айғақтайтын мәдениет ошағына келген адам ұстаз туралы тың деректермен сусындап қайтады.

Мұражайда ұстаз өмірінің әрбір кезеңі көрініс тапқан. Әсіресе, өмірінің Қарқаралы, Алматы, Қарағанды кезеңдері түгелдей дерлік қамтылған. Оның ішінде білім алғанын, атқарған қызметін, бүкіл еңбек жолын дәйектейтін естелік құжаттар мен фотосуреттер, өз қолымен жазған өмірбаяны да осы мұражайға әкелінген. Сондай-ақ, ХХ ғасырдағы мектеп өмірінен сыр шертетін парта, сол кездегі оқулық үлгілері, оқу құралдары, оқушылар тағатын қызыл галстук т.б. көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған құнды жәдігерлер жинақталған.

Мұнда Сләмия Саттарұлының еңбегіне, жетістіктеріне орай берілген түрлі медальдары, мақтау-марапаттары да бар. Міне, осының бәрі кейінгі жас ұрпаққа Сләмия Саттаровтың өмірі мен еңбек жолын айғақтайтын игілікті іс болып отыр.

Одан кейін сол мұражайдағы дөңгелек үстелде сыйлы қонақтар бас қосып, ұлағатты ұстазды көзімен көрген әріптестері оның азаматтық тұлғасын, кісілік келбетін әңгімелеп, білім саласына қосқан зор үлесін, еңбегін айтты.

Мектеп директоры Салтанат Жүнісова музейдің балаларға берер өнегесін атап өтті.

Өмірі өнегемен өрнектелген ұстаз Сләмия Саттарұлына арналған музейді ашудағы негізгі мақсат – оқушыларға өздері оқып жатқан мектепке есімі берілген тұлғаның өмірі мен еңбек жолын таныту болып отыр. Одан бөлек, біз балалардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін, отансүйгіштік сезімін дамыту, ой-өрісін кеңейту мақсатында осындай тарихи-мәдени орта қалыптастырдық деп атауға болады. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, музейге дөңгелек үстел қойылған. Алдағы уақыттарда мұнда мектепте өтетін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді мектеп басшысы.

Тағы бір айта кетерлігі – онда бормен жазатын тақта ілінген. Шара соңында музейді тамашалауға келген сыйлы қонақтар сол мұражайға деген жылы лебізін тақтаға бормен жазып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Ұстаздың ұрпақтары да осы музейдің ашылуына арнайы шақырылған. Оның ішінде әкесінің ізін қуып, ұстаздық жолды таңдаған қызы Гүлнара Саттарова да бар.

Қазіргі сәтте қуаныш та, толқу да бар. Бұл мұражай мектеп ұжымымен, облыстық музейдің қызметкерлерімен бірлесіп жасалған еңбек болды. Ең бастысы балаларға ұнаса екен дейміз. Бүгін өзімізден бірге әкеміздің немере-шөберелері де келіп отыр. Олар да өзінің атасы туралы білсін деп ертіп әкелдік.

Менің әкем бүкіл ғұмырын осы ұстаздыққа, білім беруге арнады. Мектептің білім деңгейін көтеруге, ағарту саласын дамытуға бар күшін салды. Әкемді есіме алсам, барлық уақытын мектепке, жұмысқа арнапты. Барлығы жақсы болуы үшін күндіз-түні аянбай еңбек ететін, – деп еске алды Гүлнара Сләмияқызы.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова ұстаздың азаматтық тұлғасын, білім саласындағы зор еңбегін айта келіп, музейге келгендегі әсерімен бөлісті.

Сләмия Саттарұлы – білім саласының өсуіне, өнуіне ерекше еңбек сіңірген азамат, өзіміздің жерлесіміз, мақтанышымыз. Мен ол кісіні комсомолда еңбек етіп жүрген кезімнен білемін. Ол кездегі басшылардың тұлғасы бөлек болатын. Байсалды мінез, жүріс-тұрысына дейін ерекше, киім киісі де, әңгімелесуі де, ақыл-кеңесін айтуы да өзгелерге ұқсамайтын. Міне, осы қасиеттер Сләмия Саттарұлында да болатын. Қай жерде еңбек етсе де, ойланып-толғанып, жаңа бағыт, жаңа леп әкелуге тырысатын. Облыстық білім басқармасының басшылық қызметінде жүргенде ауыл-аудан мектептерінің дамуына, әлеуметтік жағдайына, мектеп-интернаттарына, жалпы ауыл балаларының дұрыс білім алуына баса көңіл бөлді.

Ал, енді музейге келетін болсақ, маған ұнады. Бұл профессионалдық тұрғыда жасалған екен. Бір ерекшелігі – облыстық музей қызметкерлерінің көмегімен жасалғанын айтып, таныстырды. Кішігірім залдың қабырғаларына Сләмия Саттаровтың бүкіл өмірі мен еңбек жолын көрсеткен екен. Балалар осы мұражайға келгенде «Біздің мектепке жәй адамның емес, осындай үлкен тұлғаның есімін берген екен» деп танып, оларда «сол кісіден үлгі алайық» деген ой туады деп ойлаймын, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Шындығында да, аталған білім ордасы бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлы тұлға Сләмия Саттарұлының білімге жаққан сәулесін сөндірмей, жастарға үлгі боларлық осындай дүние жасады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button