Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Тұтынушы газы арзандайды

Инфляцияның өсуі, азық-түлік және жанар-жағармай, газ өнімдерінің өсуіне жол бермеу шаралары туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ басқаруымен өткен онлайн режимдегі аппараттық кеңесте айтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сұйытылған газ бен бензинге шекті бағалар белгіленген болатын. Коммуналдық қызметтерге де тариф бір деңгейде бекітілді.

Облыста газ баллонын сататын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластық жасалды.

Қарағанды облысында баллондағы сұйытылған газдың бағасы арзандайды. Алдағы уақытта арзандатылған бағамен газдың жаңа партиясын жеткізу кезінде баллондағы газдың құны литріне 70-80 теңге болады. Бұл туралы облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлім етті.

Жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ. Жанармай жағдайы тұрақты. Қаңтар айында баллондағы сұйытылған газ бұрынғы бағамен сатылуда, себебі, сатып алу арзандамай тұрып жүргізілген. Осы аптада біздің облысқа жаңартылған бағамен 200 тонна сұйытылған газ келеді. Энергетика министрлігі баллондардағы сұйытылған газдың шекті бағасын белгіледі. Газдың сатылу бағасы төмендегендіктен, бастапқы құны литріне 70-80 теңге аралығында өзгереді, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жиында Тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамту – Қарағанды облысы инфляцияны қалай ұстап тұрғаны туралы айтылды.

Өз бағыттары бойынша басқарма мен ведомство басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ, ірі қалалардың әкімдері есеп берді.

Экономика басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5%-ды құрады.

Тұрақтандыру және резервтік қорлар баға жағдайына әсер етуге көмектеседі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, тұрақтандыру қорында – 291,6 тонна өнім, оның ішінде – 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл өнімдерді, сондай-ақ, көкөністерді: картоп, сәбіз және қырыққабатты қосымша сатып алу жоспарланған.

Бұдан басқа, «Сарыарқа» ӘКК кәсіпкерлерге жеңілдетілген схема бойынша қарыз береді. Осы шараның арқасында көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізіледі.

Меморандумдарға сәйкес, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс: сәбіз, пияз және қырыққабат жеткізуге міндеттелді.

Сондай-ақ, жергілікті құс фабрикалары меморандумдарды орындау үшін жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады.

Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева қоймаларда бакалея өнімдері жеткілікті екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір айдан астам уақытқа жеткілікті қор бар, осы аптада жаңа жеткізілімдер күтілуде.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бізде инфляциялық процестерді тежеу жөніндегі кешенді жоспар жұмыс істейді. Ол Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын ескере отырып, түзетуді және өзектендіруді қажет етеді. Өз бағыттарыңыз бойынша ұсыныстар енгізіңіздер. Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button