Жаңалықтар

Алаштың алтын ұясына көңіл бөлетін уақыт жетті

Жаңа жылымыз да табалдырықтан аттады. Елімізге, әр отбасына жақсылық әкелсін деп тілейміз. Өткен жылымыз жаман болған жоқ. Көптен күткен мерейтой да өз деңгейінде өтті. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы бүкіл республика көлемінде тамаша тойланды.

 

Иә, мерейтойлық мерекеміз шын мәнінде той-думан болып өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік марапатынан бастап, жергілікті органдардың, жекелеген ұйымдар мен мекемелердің мақтау қағаздарына дейін жұртшылыққа табысталды. Осы мереке қарсаңында облысымыздың «жасыл» аймаққа өткені де жақсы болды. Талайдан бері «Covid-19» кеселі мезі қылған ел көңілін бір көтеріп, еңсесін жаза түсті.

Бәрінен де осы мереке қарсаңында Октябрь ауданына жерлесіміз, Алаш көсемі, энциклопедиялық білімді ғалым, журналист, аудармашы, саясаткер, Бірінші Думаның депутаты Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі ауқымды оқиға болды. Бұл хабарға, әсіресе, Алаштың алтын ұясы Ақтоғай ауданының тұрғындары қуанғаннан бөріктерін аспанға атты. Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы және Әлімхан Ермеков сынды үш бірдей Алаш қайраткері шыққан ауданды «Алаштың алтын ұясы» демеуге болмас деп ойлаймыз.

Негізі, Арқадағы Ақтоғайдың құрылғанына тоқсан үш жылдан асты. Енді, бұл – әне-міне дегенше жүз жылдығы да жетіп келеді деген сөз. Өнеркәсібі болмаса да ауыл шаруашылығымен, өнерімен атағы шыққан ауданның табиғаты бай, халқы ақкөңіл, қонақжай. Бүкіл Сарыарқадағы ең биік шың Ақсораңның өзі алыстан айқайлап, қонақтарды қол бұлғап шақырып тұрады. Қойнауы – құтты, өрісі өнімді өлке. Облысымыздағы үлкен өзеннің бірі Тоқырауын болса, тұщы суымен жағалауына жайғасқан ел мен жұртты былай қойғанда Балқаш қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Бұл өзеннің де жағалауын жайлаған халық болса, сол халықтың талай тарихын қойнына бүгіп жатыр. Ол тарихқа терең бойлап, оны әлі түгел халық игілігіне айналдырып болғамыз жоқ.

Айта берсек, кешегі елді аузына қаратқан билеріміз бен шешендеріміздің өзі баспа бетіне түгел түсіп болған жоқ. Атақты бабаларымыз Қараменде би, Сана би сияқты ардақтыларымыз қаншама. Оған от ауызды, орақ тілді Нарманбет пен Шашубайды қосып қойсаңыз, тіпті, нұр үстіне нұр.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде бүкіл қазақ халқын әлемге танытқан, небәрі 25 жасында КСРО Халық әртісі атағына ие болған Күләш Бәйсейітова, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Манарбек Ержанов, КСРО Халық суретшісі Сахи Романов, атақты күйшілер Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызы, Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзин және басқа да атақтыларымыз жетерлік.

Сол сияқты Қайдар Арыстанбеков, Мүсілім Ермеков, Гүлбаһрам Тарабаева сынды атақты ғалымдарымызды мақтан тұтатындығымыз тағы бар. Қалай дегенмен де атақтары алысқа кеткен ақтоғайлықтар аз емес. Аттарын ауыз толтырып айтарлықтай азаматтарымызды біз ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары мақтан етеді. Ол туралы тағы да қайталап отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Біздің ойымызша, есімі бүкіл бір ауданға беріліп жатқан Әлихан Бөкейхан туып-өскен Алаштың алтын ұясы Ақтоғай ауданына көңіл бөлетін уақыт жетті. Өйткені, оның туған жеріндегі, Жіңішке өзенінің бойындағы «Талдыбейіт» атанған ата-баба қорымын, ата-баба қыстауының орынын көруге келетін адамдар саны жылдан-жылға арта түсуде және бұдан соң, тіпті, көбейе түсетіні сөзсіз. Бұған қоса, жоғарыда аттары аталған, есімдері елге танылған адамдардың да туған жері ғой бұл алтын бесік Ақтоғай.

Соған орай, Ақтоғай ауданында туризмді дамытуға және ауданды көркейтуге арналған жеке жоспар қажет деп ойлаймыз. Ол жоспар облыстық, тіпті, үкіметтік болса да артық емес. Оның өзінде де соза бермей, жақын арада көңіл бөлінсе екен деген тілегіміз бар. Өйткені, Ақтоғай ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілмегелі талай жыл болды. Ауданның құрылғанына 100 жыл толатын уақыт жақындап қалды. Сол мерейтойға дайындық ретінде, соған әзірлену аясында арнаулы бір жоспармен жұмысқа кіріссе екен дейміз. Соның ішінде аудан орталығы Ақтоғай селосының жағдайы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Сонау өткен ғасырдың 30-шы, 40-шы жылдары шымнан және саман кірпіштен жоспарсыз салынған үйлерде әлі күнге дейін адамдар тұрып жатыр. Тек олардың төбесін шатырлап, шифермен ғана көркемдеп қойған. Осыдан біраз жыл бұрын, толассыз жауған жауыннан талай үйдің іргесінен су кетіп, құлап қалды ғой. Сол оқиғаның тағы да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Тағы бір айта кететін нәрсе – аудан орталығында кәріз (канализация) атымен болмаған. Судың барлығы әрбір үйдің астына кетіп жатыр. Ал, аудандағы тоқ пен су бірде бар, бірде жоқ. Жоғары кернеулі электр қуаты жеке облыс болып тұрған кезде Жезқазғаннан тартылған. Енді сол сымдар кей жерде ауыстырылды, кей жерде әлі сол қалпы тұр. Енді оны жақын жердегі электр көздеріне қосатын немесе жел мен күн энергиясын пайдаланатын уақыт жетті.

Ақтоғай селосы онсыз да желдің өтінде, күннің көзінде тұр. Электр желісіне тәуелді болғандықтан, боранды-шашынды күндері шамы сөніп қалса, суы қоса тоқтап қалады. Ақтоғай селосына баса көңіл бөлу қажет. Шұғыл түрде құрылыс бригадасын құрып, жұмысқа кірісу қажет. Ауданның шамалы қаражатының оған шамасы келмейтіндіктен, облыстық бюджеттен қаражат қарастырылуы керек деп ойлаймыз. Егер ондай мүмкіндік болмаса – инвестор табуды ойластырған дұрыс. Қазіргі кезде аудан орталығындағы дағдарған халық не істерін білмей, қайда кетерін білмей, дал болып отыр.

Аудан көлемінде асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар көбейіп келеді. Бірақ, оның өнімдерін өткізу үшін шаруашылық иелері Балқаш пен Қарағандыға шапқылап жүр. Малын тірідей алатын адамдар жоқтың қасы. Соған орай ауданда мал өнімдері ет пен сүт өңдейтін, тері мен жүн ияқты шикізат өңдейтін шағын кәсіпорындар (цехтар) ашылса дұрыс болар еді. Әрине, оған да инвестор табу қажет.

Бұған қоса аудан халқы әлі күнге дейін жол қиындығын көріп келеді. Кешегі кеңес заманынан келе жатқан ескі жолды жамап-жасқай бергенше күрделі жұмыс атқарып, жолды түбегейлі жөндеуден өткізген дұрыс. Оған қоса Ақтоғай – Қызыларай, Ақтоғай – Жәмші жолдарына асфальт төсеуді ойластырса. Жол туралы айтқан кезде туризм мәселесі ойға оралады. Анау Беғазы-Дәндібай кешенін, Талдыбейіт қорымын тамашалағысы келетіндер аз емес. Оларға сол кешендерге баратын жолдың нашарлығы қолбайлау болып отыр. Соларға жол салу да мезгілі жеткен мәселе. Туризмді дамыту үшін Ақтоғай – Былқылдақ – Милыбұлақ – Нұркен – Қарқаралы жолын салса, қатынас тіпті жақсара түсер еді.

Бұл мәселелерді жүзеге асыру үшін көптеген қаражат керек екенін түсінеміз. Дегенмен де, бұрын болғанындай ДЭУ (жол пайдалану учаскесі) сияқты жолға жауапты мекеме қажет. Бұл да біздің ойымызша инвестор арқылы жүзеге асырылатын шаруа.

Сөз соңында айтарымыз – облыста тамаша жұмыстар атқарылып жатыр. Оларды жоққа шығаруға болмайды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекұлы елге мәлім елеулі істерді тіпті ширата түсті. Қаншама кәсіпорындар іске қосылып, халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Сондай игілікті істері үшін алғысымызды білдіре келіп, біздің осы айтқан өтініштерімді жерде қалдырмас деген ойдамыз. Өйткені, Алаштың үш арысының мекені, жоғарыда аттары аталған ардақтыларымыз дүниеге келген ауданның дамуының осыншама баяу болуы біздің ғана емес, осы ауданда туып-өскен барлық азаматтың қабырғасына батып жүргені жасырын емес. Барлығы қаржыға келіп тірелетіндіктен, сөзіміздің басында айтқандай – ауданның 100 жылдығына орай арнайы бағдарлама қабылдауды кешеуілдетуге болмайды. Облыс әкіміне және басқа да жанашыр азаматтарға осы мәселені қолға алады деп ойлап, алдын ала ризашылығымызды білдіреміз.

Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ, Қарағанды облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы. Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

 

Басқа материалдар

Back to top button