51 адам КВИ жұқтырды
Облыста коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Кешегі күнгі дерек бойынша жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 51 адам анықталды. 19 жағдай қаңтарда тіркелсе, 32-сі осы айда.
Дегенмен, облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, коронавирустың биылғы дерегі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 есе төмен. Былтыр қаңтар-ақпанда КВИ-нің 663 жағдайы тіркелген болатын.
– Коронавирус жұқтырған науқастардың анықталуы – оның жыл бойы айналымын растайды. Қазіргі айналымдағы штамдар адамдар үшін аса қауіпті емес, аурудың белгілері ЖРВИ немесе тұмау сияқты басқа инфекцияларға ұқсас. Сондықтан, диагнозды дәл қою маңызды, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавируспен салыстырғанда қауіпті болуы мүмкін «x» ауруы туралы ескертеді. Бұл – белгісіз, бірақ, жаңа індеттерді тудыруы мүмкін қауіпті аурулар. Өз кезегінде, сақтану үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті COVID-19-дың алдын алудың негізгі шарасы ретінде вакцинация, дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстануды және жаман әдеттерден бас тартуды ұсынады.
– Қолыңызды үнемі жуыңыз немесе антисептиктерді қолданыңыз. Қолды жумай бет, әсіресе, көз бен мұрынды немесе ауызды ұстауға болмайды. Инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде аурудың таралуын шектеу үшін үйде болыңыз. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық орындарда, адамдар көп жиналатын орындарда маска тағу ұсынылады, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz