Ресми

ӨЗГЕРІСТЕР ЖОЛЫ: Әр азаматқа лайықты өмір!

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

Nur Otan – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия. Ол – еліміздегі жетекші саяси күш! Қазақстан үшін сындарлы сәттерде нұротандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келеді. Біз ешқашан бір сәттік пайданы көздеген жоқпыз, орындалмайтын уәде беруден де аулақ болдық. Қоғамымыздың орнықты дамуы мен азаматтарымыздың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істедік. Заман алдымызға тартқан сан түрлі сауалдарға біздің дайын жауабымыз болған жоқ. Соған қарамастан еңбектене жүріп үйрендік, қажетті тәжірибе жинақтадық.

Соңғы кездерде бетпе-бет келіп отырған қиындықтар партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан құндылықтардың ерекше маңыздылығын тағы да растады. Бұлардың қатарында – Адам, Бостандық, Заң үстемдігі, Әділдік, Бірлік, Болашаққа нық қадам, Отбасы мен дәстүр секілді қастерлі ұғымдар бар. Біз өз шешімдеріміз бен әрекеттеріміз барысында сара жолды саясатқа сүйене отырып, әрдайым ұлы мұраттар жолында жұмыла білдік. Сарабдал саясат жүргізу және барша қазақстандықтардың мүддесін ескеру елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізіне айналды.

Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «ӨЗГЕРІСТЕР ЖОЛЫ: ӘР АЗАМАТҚА ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР!» атты сайлауалды бағдарламасы – біз қолға алған реформалардың заңды жалғасы.  Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы.

Бүгінде партиямыздың өзіндік дәстүрі, қол жеткен табысы мен тәжірибесі, қатары қалың жақтастары бар. Партияның республикалық сайлауалды бағдарламасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапты. Бұл алға қойған міндеттерді еліміздің кез келген өңірінде, барлық деңгейде тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Біз елді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру бағдарын берік ұстанамыз.

Барша сайлаушыларды алдағы сайлауда Nur Otan үшін дауыс беруге шақырамын. Қазақстандықтар бейбіт өмір, тұрақтылық пен жарқын болашақ үшін дауыс беретініне сенімдімін!

Қуатты мемлекет пен тең мүмкіндіктер қоғамына таңдау жасаңыздар!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Елбасы, партия Төрағасы.

 

ҚЫМБАТТЫ ОТАНДАСТАР!

Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу жағдайында еліміз серпінді экономикасы, тұрақты саяси институттары және дамыған азаматтық қоғамы бар мемлекет ретінде біртіндеп орнықты даму жолына түсуде.

Мұндай саясаттың өзегін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының сабақтастығы құрайды.

Коронавирус пандемиясының әсеріне байланысты туындаған құбылмалы, тұрақсыз ахуал күрделі әлеуметтікэкономикалық және саяси мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Сондықтан да, қоғам Nur Otan партиясына жаңа идеялар мен білікті кадрлардың генераторы ретінде үмітпен қарайды.

Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыру айрықша маңызды деп санаймын. Шынтуайтында, мемлекеттік институттар ендігі жерде қоғамдық мүдделерден бөлек жұмыс істей алмайды, олардың қызметі толығымен азаматтарымыздың нақты сұраныстары мен талап-тілектеріне бағытталуы керек.

Елдегі жетекші саяси күш ретінде Nur Otan партиясы осынау бағытта басты біріктіруші рөлін атқаруға тиіс.

Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған.

Партияның өз сайлауалды тұғырнамасын тиімді іске асыруы еліміздің өркендеуін, әділдіктің үстемдігін, заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететініне сенімім мол.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

ЕЛБАСЫ БАСШЫЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ЖОЛ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ 10 ЖЕТІСТІГІ

Бірінші – Қазақстанның айналасына «тату көршілік белдеуі» түзілді. Әлем бізді бұрын танымайтын. Шекарамыз шегенделмеген еді, бұл еліміздің аумақтық тұтастығына тікелей қауіп төндірді. Алғаш рет біз еліміздің құрлықтағы 13,4 мың шақырым және судағы 2,3 мың шақырым шекарасын халықаралық келісімдермен бекіттік. Бұл басқа мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуға, шетелдік инвестицияларды тартуға негіз болды. Олардың көлемі 350 млрд. доллардан асты.

Екінші – экологиялық апаты асқынған ауқымды аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Арал экологиялық апаты мен Семей полигоны экожүйеге, оны қоршай орналасқан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайына барынша теріс әсер етті.

Біз Семей ядролық сынақ полигонын жаптық, іргелес аумақтардағы жағдайды жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдадық. Осы арқылы барша әлем елдеріне мемлекетіміздің бейбіт өмір, берекелі тіршілікті жақтайтын ел екенін паш еттік.

Біз әлемдік деңгейде алғанда аса ауқымды Арал теңізін қалпына келтіру, іргелес аумақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша экологиялық жобаны өз күшімізбен іске асырдық.

Үшінші – Қазақстанда бірлік, бейбітшілік, келісім және тұрақтылық түбегейлі орнықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көпшілік біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстар туындап, құлдырауға ұшырап, кері кетеді деген болжамдар жасады. Халқымыздың даналығы мен кеңдігінің арқасында біз ұлтаралық келісімнің ерекше моделін іске асырдық. Біз барлық ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, мемлекеттік тілді, мәдениет пен дәстүрді сақтау мен дамытуға жағдай жасадық. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді. Біздің осынау тәжірибеміз бүгінде әлемде мойындалып, көптеген мемлекеттер оған қызығушылық танытып отыр.

Төртінші – түбегейлі жаңа нарықтық экономика құрылып, еліміздің әлеуеті едәуір артты. 90-шы жылдары Қазақстан гиперинфляция, бюджеттің ұзаққа созылған тапшылығы, ел табысының күрт төмендеуі және жұмыссыздықтың өсуімен қатар жүрген күрделі экономикалық дағдарысты бастан кешірді.

Соған қарамастан, біз бүгінгі таңда посткеңестік елдер арасында көлемі 2-ші және әлемнің 206 елі ішінде 41-ші орын алатын экономиканы құрдық.

Бесінші – демографиялық дағдарыс еңсерілді. 1991-1998 жылдар аралығында Қазақстаннан 2,6 млн. адам көшіп кетті. Өмір сүру ұзақтығы қысқарып, туу деңгейі күрт төмендеді. 1999 жылы халқымыздың саны 14,8 миллион адам болды. Бүгінде халық саны шамамен 4 млн. адамға өсті. 1 миллионнан аса қандасымыз отанымызға оралды. Біз өмір сүру ұзақтығының 7,5 жасқа өсуіне, ана өлімінің 4,8 есе және сәби өлімінің 2,4 есе төмендеуіне қол жеткіздік.

Алтыншы – қазақстандықтардың өмір сүру сапасы едәуір жақсарды. Халықтың табысы доллармен шаққанда 9 есе өсті, кедейлік деңгейі 10 есе, 4,6%-ке дейін қысқарды. Елімізде бұрын жекеменшіктің болмағанына қарамастан, қазір 1,3 млн. қазақстандық жеке бизнес иесі болып отыр. Олардың ел экономикасына қосқан үлесі 30%-тен асады. 131,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жетінші – экономиканың жаңа салалары қалыптасты. Қазақстанда бұрын өндірістің толық циклды кәсіпорындары болған жоқ. Экономика негізінен шикізаттық бағытта қызмет етті, өнеркәсіптің 93%-і бұрынғы КСРО-ның орталық ведомстволарына бағынды. Тәуелсіздік жылдары біз ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мұнай-химия кешенін құрдық, мұнай-химия индустриясының дамуына, металлургияны қайта өңдеуге негіз салдық, Қазақстанда өндірілмейтін 500 өнім түрін шығаруды игердік. Бүгінде Қазақстан өнімдерін 132 елге экспорттайды.

Сегізінші – еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық қауіпсіздігі үшін жағдай жасалды. Біз өз ресурстарымызды тиімді игеріп, Ұлттық әл-ауқат қорын құрдық. Бүгінгі күні Қазақстанның алтын-валюта жинағының көлемі шамамен 100 млрд. долларға жетті. Бұл – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі. Осының арқасында біз әлемдік дағдарыстарды ауыр күйзелістерсіз еңсеруге мүмкіндік алып отырмыз.

Тоғызыншы – көлік тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Бізде көршілеріміздің сыртқы нарықтарына да көлік қатынасы болған жоқ. Бүгінде Қытайға үш көлік-транзиттік жол, біреуі – Түркіменстанға, Иран мен Күнгей Кавказға шығатын теңіз порттары салынды. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің 85%-тінің жерүсті тасымалдануын қамтамасыз ететін ең ірі трансконтиненталды көпірге айналды. Транзиттік кірістер жылына 2 миллиард долларға жетті.

Оныншы – тәуелсіз Қазақстанның символына айналған және әлемдегі кез келген заманауи мегаполистен кем түспейтін, ел мақтанышы – жаңа астана бой көтерді. Елорда құрылысы ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ол ел экономикасының дамуына серпін беріп, басқа қалалардың да өмір сүру сапасы стандарттарын арттыруға жол ашты. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – маңызды халықаралық бастамалардың, іргелі іс-шаралар мен келіссөздердің орталығы.

ҚАЗІРГІ ЗАМАННЫҢ ЖАҢА СЫН-ҚАТЕРЛЕРІ

1. Геосаяси шиеленіс. Әлемдік ірі державалардың ықпал ету салаларына қатысты текетіресі күшейе түсуде. Бұл аймақтық қақтығыстардың көбеюіне алып келеді. Соңғы 10 жылда біз Ирак, Ливия, Сирия, Украина, Таулы Қарабақ және басқа да өңірлердегі қарулы қақтығыстардың куәсі болдық. Бірқатар елдерде бұл мемлекеттілік пен экономиканың толықтай күйреуіне алып келді. Қазір әлемдік қауымдастықтың қолында бұл қақтығыстардың алдын алу мен шешудің тиімді тетіктері жоқ.

2. Әскери қақтығыстар, санкциялар мен сауда-саттық текетірестер жағдайында әлемдік экономика тұрақсыздығының күшеюі. Тек коронавирус пандемиясы тудырған 2020 жылғы дағдарыстың салдарынан әлемдік экономика 9 триллион долларға жуық шығынға ұшырады. Бүкіл әлем жаңа экономикалық шығындарға, жұмыссыздықтың, кедейліктің өсуіне әкелетін пандемияның екінші толқынын күтуде.

3. Ресурстардың шектеулігі, елдер арасында өмір сүру деңгейіндегі айырмашылықтың күшеюі кедейлік пен ашаршылықтың өсуіне әкеледі. Бүгінде планетада 4,3 миллиард адам су тапшылығын, 821 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінуде.

4. Кедей елдерден дамыған елдерге бақылаусыз көші-қон үрдісінің қарқын алуы саяси және әлеуметтік тұрақсыздыққа, әлеуметтік салаға, еңбек нарығына түсетін ауыртпалықтың артуына алып келеді және ол түрлі қақтығыстармен қатар жүреді. Мигранттар қалыптастырған жаңа анклавтар қабылдаушы елдердің құндылықтарына қауіп төндіреді, олардың дәстүрлі өмір салтын бұзады, радикалды пиғылдардың өсуіне себеп болады. 2019 жылы мигранттардың саны 272 миллион адамды құрады, ал 2050 жылға қарай олардың саны 1,5 миллиардқа жетуі мүмкін.

5. Жаппай наразылықтардың кең таралуы. Әлеуметтік наразылықтың өсуі жалпы әлемдік трендке айналды және дамыған АҚШ, Франция, Испания, Германия және басқа елдерде де өршуде. Бұл әлемдегі жетекші экономикалардың тұрақсыздығына алып келеді және басқа елдерге кері әсерін тигізеді.

6. Популизмнің күрт өсуі. Салмақты шешімдер қабылдауы тиіс саясаткерлер көбіне стратегиялық мақсаттарды ескермей, қазіргі конъюнктураға және азаматтардың бір сәттік әлеуметтік қажеттіліктеріне бейімделеді. Ғаламдық өзгерістер дәуірінде мәселелерді шешу және дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін даналық, ұйымшылдық пен тұтас қоғамның қажырлы еңбегі талап етілетінін тарих көрсетіп отыр.

7. Цифрлық технологиялардың дамуы теңдессіз артықшылықтарымен қатар, қауіптің жаңа түрлерін – киберсоғыстарды, қаржылық қылмыстарды, өмірлік маңызды нысандардың жұмысына келтірілетін кедергіні, жалған ақпараттың таралуын, өшпенділік пен қақтығыстардың өршуін тудырды. Барлық салада қоғамның өз бағдарынан көз жазуы белең алуда. Бұл жекелеген елдерде де, бүкіл әлемде де тұрақсыздықтың өсуіне алып келеді.

1. БАРШАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК

Біздің басты міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өз әлеуетін іске асыруына теңдей мүмкіндік жасау. Осы мүмкіндіктерді пайдалану – азаматтарымыздың өз таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.

Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді, осы арқылы азаматтардың толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге араласуына жол ашады. Біз қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының артуын, сәбилеріміздің бақытты балалық шағын, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге, қарттарға қамқорлық жасауға ұмтыламыз.

ОТБАСЫ БАҚУАТТЫЛЫҒЫ

Отбасы – партиямыздың басты құндылықтарының бірі. Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі.

Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаларға қамқорлық, өзара қолдау жасау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық секілді құндылықтар отбасында қалыптасады.

Біз отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеміз.

Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі. Осы мақсатқа 3 трлн. теңге бөлінеді.

Экономиканың өсу сапасының негізгі көрсеткіші ретінде қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейінің артуы қарастырылады.

Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын табысы жоғары қандай құралдарға салу керегін өзі шешетін болады.

Зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау процестері цифрландырылады, азаматтың цифрлық «әлеуметтік әмияны» енгізіледі. Бұл өтінімдердің берілуін жеңілдетіп, көмекті тағайындау айқындылығын қамтамасыз етеді.

Біз тұтынушылық несиелер бойынша шекті ставкаларды төмендетуді, несиелік ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді қолдаймыз.

Қазақстандық отбасылардың (көпбалалы, толық емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған) экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, отбасылық жұмыспен қамтуды дамыту бойынша шаралар қабылданады.

Азаматтарды әлеуметтік қолдаудың барлық шараларының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай Әлеуметтік кодекс әзірленеді.

ОТБАСЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ

2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға пайдалана алады.

5 жыл ішінде 977 мың отбасыға, оның ішінде 284 мың көпбалалы және күнкөрісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған 103 млн. шаршы метр тұрғын үй беріледі.

«Отбасы Банк» негізінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығы құрылады. Бұл ретте осы орталық аясында кезекте тұрған азаматтардың жалпы базасы қалыптастырылады, мүліктері мен активтерін ескере отырып, азаматтарды кезекке тұрғызу іске асырылады.

Мемлекет кәсіпкерлерді құрылыс шығындарын субсидиялау арқылы ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үй салуға ынталандырады.

ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ

Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру жалғасады.

Ұрпақ өрбіту бойынша денсаулығында дерті бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) шарасын жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді.

Біз мектептің де, ата-аналардың да балалар тәрбиесі үшін жауапкершілігін күшейтуге серпін беретін мектеп пен ата-аналардың өзара ісқимылының жаңа форматына өтеміз.

Мектептерде балалардың тұрақты психоэмоционалдық және жан-жақты дамуын қалыптастыру бойынша бағдарламалар енгізіледі.

Әрбір қалада және ауданда Отбасын қолдау, отбасылық дауларды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекенжай беру орталықтары ашылады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданып, отбасылық соттар құрылады.

Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін қатаң шаралар қолданамыз.

Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар мен балаларға атаулы көмек көрсету үшін «Шұғыл қызмет 111» жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылады.

ТАБЫСТЫ ӘЙЕЛДЕР

Елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру, олардың қабілеттерін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер жасау – біздің саясатымыздың басымдықтарының бірі.

Әйелдерді өкілдік етуші органдарға ұсыну үшін Nur Otan өзінің партиялық қатарына кем дегенде 30% әйелдерді қосады.

Атқарушы, өкілді, сот органдары басшылығындағы және квазимемлекеттік сектордағы әйелдердің үлесі 30%-ке дейін ұлғаяды.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті қолдау бағдарламаларының шеңберінде жеңілдікпен кредиттер және гранттар беру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру орталықтары ашылады.

Өңірлер, қалалар мен аудандар бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтерге, түрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік шегінде гендерлік қажеттіліктер мен сұраныстар картасы әзірленеді.

Әйелдердің еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстар тізімін жою үшін заңдарға өзгерістер ұсынылады.

БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР

Біз әр баланың толыққанды өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді, оның құқықтарын қорғауды, жақсы тәрбие мен білім алу мүмкіндігін қолдаймыз.

2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 95% мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз етіледі.

Балабақшаға кезекке қою тәртібі толығымен цифрландырылады. Ата-аналарға «балаға қаражат» принципі бойынша кез келген балабақшада орын таңдау үшін ваучерлер беріледі.

Мектепке дейінгі ұйымдар балаларды ерте жасынан бастап әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оларды мектепке даярлауға бағдарланады.

БАЛАЛАРҒА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

2025 жылға қарай біз 800 жаңа мектепті салу есебінен апаттық және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешеміз, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектепті жаңғыртамыз, сондай-ақ барлық мектептерді мұғалімдермен 100% қамтамасыз етеміз.

Бірыңғай білім беретін онлайн-платформа енгізіліп, барлық ауыл мектептері жоғары жылдамдықтағы Интернетке қосылады, қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығы қысқарады.

Дарынды балаларды, оның ішінде ауылдық жерлердегі қабілетті балаларды анықтау мен қолдау жұмысы жалғасады, оларға еліміздің мамандандырылған мектептерінде оқу мүмкіндігі беріледі.

Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секциялары ашылып, «балалар үйірмелері» қайта жаңғырады.

Барлық мектептерде спортпен айналысуға жағдай жасалады.

Әрбір мектепте пәндік кабинеттер ашылып, әрбір сынып Интернетке қосылады. «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі.

Сапасыз оқулықтар проблемасы толығымен шешіледі.

Мұғалімдердің еңбекақысы 2 есе өсіп, 2024 жылға қарай орта есеппен 330 мың теңгені құрайды.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

Балаларды буллингтен, интернет-бұзақылықтан, жыныстық қылмыстардан және өз-өзіне қол жұмсаудан қорғау бойынша шаралар қабылданады.

Балаларға қатысты сексуалдық сипатта жасалған қылмыстар үшін рақымшылық жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз жаза шаралары қатаңдатылады.

Қазақстан балалардың құқықтары бұзылған жағдайда хабарлау рәсіміне қатысты Бала құқықтары туралы Конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылады.

Біз білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерінде балаларды күтіпбағу жағдайларына мониторинг жүргіземіз.

БАРЛЫҚ БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР

Біз мүгедектігі бар балаларға арналған орталықтарының санын арттырамыз.

Барлық колледждер мен ЖОО-да, сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің 70%-де инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі.

Мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған балалар – мүгедектігі және асыраушысынан айырылғаны бойынша екі жәрдемақыны бір уақытта алады.

Жетім жасөспірімдер балалар үйінен шығарылғаннан кейін жұмыспен және үймен қамтамасыз етіледі.

БОЛАШАҒЫНА СЕНІМДІ ЖАСТАР

Біз – жас ұлтпыз. Еліміздің әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған. Жастардың өз қабілетін жүзеге асыруына, еліміздің қоғамдықсаяси өміріне араласуына, білім алуына және еңбек етуіне мүмкіндігі болуы тиіс. Jas Otan жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» бағдарламасын әзірледі, онда жастардың өмір сүру деңгейін көтеру, әлеуметтік ахуалын жақсарту және дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейту бойынша 100 нақты шара қамтылған. Nur Otanпартиясы алға қойылған міндеттерді іске асыруға жәрдемдеседі.  

БАРША ЖАСТАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІ БІЛІМ

Біз сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар санын 50%-ке көбейтеміз. Жылына 75 мың қазақстандық жастың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі болады.

Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде өңірлерде 2 озық деңгейлі жоғары оқу орнын ашамыз.

Тиімсіз білім беру мекемелері жабылады.

2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алатын болады.

Біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шараларын қолға аламыз.

Өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі және білім берудің барлық кезеңінде цифрлық сауаттылықты арттыру қамтамасыз етіледі.

Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негізі бойынша жаңа пәндер енгізіледі.

2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардыкі 1,5 есе өседі.

Жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінеді.

2025 жылға қарай колледждер мен университеттердің жатақханаларында кем дегенде 50 мың жаңа орын беріледі.

Формальды емес білім берудің баламалы нұсқаларын дамыту және нәтижелерін тану үшін заңнамалық шаралар қабылданады.

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Жылына шамамен 5 мың адамды қамтитын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады.

Жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға жыл сайын 10 мың грант беріледі. 30 мыңнан аса жас «Бастау Бизнес» жобасының шеңберінде өз бизнесін ашу дағдыларын үйренеді.

«Жасыл Ел» жобасының шеңберінде 30 мың жас, оның ішінде 10 мың ауыл жастары жыл сайын жазғы мезгілге жұмысқа орналастырылады.

Біз ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға және оларды тұрақтандыруға қажетті жағдай жасаймыз.

2025 жылға қарай оқымайтын және жұмыспен қамтамасыз етілмеген жастардың саны 380 мың адамнан 280 мың адамға дейін қысқарады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға кредиттер беріледі.

Жыл сайын сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін 3 мың үй төмен пайызбен ұсынылады.

Өңірлер деңгейінде жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешу бойынша қосымша бағдарламалар әзірленеді.

ЖАСТАРДЫ ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРГЕ ҚАТЫСТЫРУ

Біз жастар ұйымдарының жобаларына және еріктілер қозғалысын дамытуға арналған гранттарды қаржыландыруды 1,5 есеге көбейтеміз.

Жастар әскери-патриоттық тәрбиемен, оның ішінде әскери-спорттық іс-шараларды өткізу жолымен қамтылады.

Партиялық тізімдердегі жастар үлесі кем дегенде 20%-ды құрайды.

АҒА ҰРПАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ

Ардагерлерге, зейнеткерлерге қамқорлық жасау – біздің ортақ міндетіміз. Оларға қолдау көрсету ұдайы партия назарында.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында біз медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарт адамдардың өмір сүру жағдайына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне және зейнет жасындағы адамдарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге бастамашылық жасаймыз.

Барлық жалғызбасты және аса мұқтаж қарт азаматтарға атаулы көмек көрсетіледі.

Біз ынтымақты зейнетақыға жыл сайын инфляция деңгейінен 2%-ға индексация жүргіземіз.

Зейнетақыны ресімдеу мен тағайындау жөніндегі барлық рәсімдер проактивті форматқа көшіріле отырып, электронды түрде көрсетілетін болады.

Қарттардың ауруларын емдеуге мамандандырылған медициналық кадрларды даярлау ұйымдастырылады.

Әр өңірде егде жастағы адамдар үшін олардың өмір сапасын, дербестігін, денсаулығын күту мен нығайтуды жақсарту мақсатында Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылады.

«Еңбек ардагері» санаты зейнеткерлік жасқа толған және мемлекеттік наградалармен марапатталған азаматтармен толықтырылады.

ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР АДАМДАРДЫ ҚОЛДАУ

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, оның ішінде пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуді қоса алғанда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғастырылады.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанына ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу жұмысы жүргізіледі.

Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту, қоғамда оларға сыйластықпен және құрметпен қарым-қатынас жасауды қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Мүгедектерді жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары ашылады.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өзіне ыңғайлы жұмысты таңдауы мақсатында Мамандықтар атласы жасалады.

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасын орындамаған жұмыс берушілер үшін мүгедектерге жұмыс орындарын ашуға бағытталған өтемақы төлемдері енгізіледі.

2025 жылға қарай мүгедектігімен жұмысқа орналасқан адамдар саны 30%-ға дейін өседі.

Тұрақты күтімді қажет ететін және жеке көмекшінің қызметін пайдаланбайтын мүгедектіктің бірінші тобы бар барлық азаматтарға күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

Азаматты қатыстырмай, оның мүгедектігін сырттай белгілеу енгізіледі. Бұл куәландыру рәсімін жеңілдетіп, айқындықты қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермейді.

Мүгедектігі бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге кезегі үзілмейді.

2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдар 100% қажетті техникалық құралдармен және бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Біз зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі кітапханаларды көбейтеміз, ишарат тіліне онлайн аудару үшін арнайы бағдарламаларды қолжетімді етеміз.

Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша жұмыс істейтін боламыз. «Жан Шуақ» сыйлығын, «Тең мүмкіндіктер әлемі» балалар инклюзивті фестивалін, «Жұлдызай» шығармашылық фестивалін және басқа да шараларды өткізу жалғасын табады.

Әлеуметтік қызметкер мамандығының беделін барлық деңгейде көтереміз.

2. ЗИЯТКЕР, САЛАМАТТЫ ЖӘНЕ ЫЖДАҺАТТЫ ҰЛТ

Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары азаматтар – кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының басты кепілі.

Әрбір азамат жаңа білімге ұмтылып, тұрақты түрде дамуы, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауы қажет. Біз осынау талпыныстарды қызу қолдаймыз.

ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ ЗИЯТКЕР ҚОҒАМ

Партиямыз мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін ұдайы қолдайды. Өйткені, ол – қоғамымыздың құнды қазынасы.

Біз шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтардың, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ киноиндустрия, мұражайлар мен кітапхана өкілдерінің жетістіктерін айтыс, мүшәйра, жыр-терме, конкурстар, фестивальдар, әдеби оқулар, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізу арқылы ілгерілететін боламыз.

2025 жылға дейін біз 1500 мәдениет нысанын салып, жөндеу жүргіземіз.

Біз қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерін қолдаймыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде «Қазақстанның киелі географиясы» және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іске асыру жалғасады.

Гаухар Ана, Ордабасы, Сауран, Есік, Берел, Шілікті, Бозоқ, Сарайшық мұражай-қорықтарында визит-орталықтар салынады.

Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру, Сауран, Сарайшық, Отырар, Ақыртас, Сығанақ, Жанкент және Бозоқ елдімекендерін зерттеу арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстары жалғасады.

Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылданады.

Барлық мәдени іс-шаралар, театр маусымдары, кітапхана қорлары, мұражайлар мен көрмелер туралы бірыңғай электронды платформа құрылады.

Ғылымды қолдау және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту үшін еліміздің ең бәсекеге қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады.

Жыл сайын дүниежүзілік жетекші ғылыми орталықтарға 500 қазақстандық ғалым тағылымдамаға жіберіледі.

Барлық мемлекеттік ғылым орталықтарына жұмыс тиімділігі мен нәтижелігіне қатысты толық аудит жүргізіліп, ғылыми ұйымдар мен ЖОО жабдықтары жаңартылады.

Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы, ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын жетілдіру және ғылым нәтижелігінің нақты критерийлерін енгізу арқылы ғылымға жұмсалатын бюджет қаражатын бөлу мен тиімділігінің айқындылығы жоғарылатылады.

Ғылымды нақты проблемаларды шешуге тарту үшін елімізде ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы әзірленеді.

Заңнамаға:

1. ірі бизнесті жоғары оқу орындарына тәлімгерлік жасауға тартуды;

2. мемлекеттік бағдарламаларды, салалар мен өңірлерді дамыту жоспарларын, сондай-ақ квазимемсектор субъектілерін дамыту стратегияларын әзірлеу кезінде отандық ғалымдардың әлеуетін пайдалануды;

3. жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындарының 1%-ы мөлшеріндегі аударымдарын бюджетке ғылыми мақсаттарға орталықтандырылған түрде бөлу үшін жолдауды көздейтін нормалар енгізіледі.

Біз ғылымды қаржыландыруды ұлғайтамыз және қаражатты пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз етеміз, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес ғылыми жобалардың тиімділігін арттырамыз.

САЛАМАТТЫ ҰЛТ

Пандемия заманауи денсаулық сақтау саласының жүйелі кемшіліктерін айқындады. Азаматтарымыздың денсаулығы – Nur Otan партиясының негізгі басымдықтарының бірі.

Біз отандық денсаулық сақтау жүйесі білікті кадрлармен, заманауи құрал-жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шараларды қажет етеді деп санаймыз. Біз медициналық кадрларды оқытудың халықаралық стандарттарына өтеміз, медицина қызметкерлерін, оның ішінде балалар дәрігерлерін қоса алғанда нақты салаға терең бейімделген қызметкерлерді даярлауға арналған гранттар санын өсіреміз.

2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өсіп, кем дегенде 550 000 теңге, ал орта медициналық персоналдың жалақысы кем дегенде 190 000 теңге болады.

Әрбір өңір дәрі-дәрмектің, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық жабдықтардың қажетті резервімен қамтамасыз етіледі.

Денсаулық сақтау саласын барлық көздерден қаржыландыру көлемі ЖІӨ-ден 5%-ға дейін жеткізіледі.

Өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық пен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы емхана салынады.

Біз аудандық ауруханаларды қазіргі заманғы компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, перзентханаларды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдаймыз.

Тірек және іргелес ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жаңарады.

Қозғалмалы және телемедицина, азаматтардың денсаулығын «ақылды білезіктерді» пайдалану арқылы қашықтан мониторинг жасау енгізіледі.

Біз санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтеміз, зертханалардың материалдық-техникалық жағдайын жаңартамыз.

Бағасы қымбат медициналық қызметтер МӘМС енгізу және квоталарды өсіру есебінен әр азамат үшін қолжетімді болады. Кейінге қалдырылмайтын операциялар мен зерттеулерге кезек мәселесі шешіледі.

Цифрлық технологияларды енгізу жалған дерекке жол бермей, Медициналық сақтандыру қорының қаражатын жұмсау ашықтығын қамтамасыз етеді.

Отандық медициналық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қабылданады.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және азаматтардың мобильді қосымшалар арқылы денсаулық сақтау қызметтерін жаппай бағалауын енгізу бойынша заңнамалық нормалар ұсынылады.

Өмір сүрудің орташа ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін жеткізу мақсат етіліп отыр.

БАРШАҒА ҚОЛЖЕТІМДІ СПОРТ

Біз спортты дамытуды, салауатты өмір салтын насихаттауды қолдаймыз. Дене шынықтыру еліміздің әрбір азаматының өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуы керек.

Бұрын кәсіби спорт клубтарына бағытталатын қаражат бұдан былай халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарланатын болады.

Мұғалімдердің еңбекақысы 2023 жылға қарай 2 есе өседі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және жүргізгені үшін негізгі базалық лауазымдық жалақысынан 100% мөлшерінде қосымша ақы қосылады.

Әрбір ауылдық округте спорт инструкторы лауазымы ашылады.

Жасөспірімдер мен жеткіншектер клубының саны барлық тірек ауылдарды қамти отыра, 1000-ға дейін ұлғайтылады.

Барлық спорт кешендерінде ерекше қажеттіліктері бар ересектер мен балалар үшін спортпен шұғылдануға арналған жағдай жасалады.

Ұлттық спорт түрлері жаңа қарқынмен дамиды. Біз ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату), қазақша күрес, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және басқа да спорттық ойындарды дәріптеуге және дамытуға қолдау жасаймыз.

Спорт мекемелері, командалардың құрамы, жаттықтырушылар, судьялар мен спорттық іс-шаралар туралы деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін e-sport бірыңғай цифрлық платформасы әзірленеді.

Спортпен шұғылданатын азаматтар үлесі 30-дан 45%-ға дейін өседі.

ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ – ТАЗА ЭКОЛОГИЯ

Қазір жалпы әлем жаһандық жылыну салдарына, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына тап болды. Дамыған мемлекеттер экономика мен қоғамдық сананы «экологияландыруға» және табиғатты қорғау бойынша кешенді шараларды белсенді іске асыруға көше бастады.

Осыған байланысты, Nur Otan партиясының экологиялық саясаты келесі міндеттерді шешуге бағытталады:

Климаттың өзгеруіне бейімделу және экономиканы декарбонизациялау шараларын қамтитын жаңа Экологиялық кодекс пен «Жасыл өсім» концепциясы қабылданады.

Біз шөлейттенудің, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының, Байқоңыр ғарыш айлағының және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірудің экологиялық мәселелерін шешуді жалғастырамыз.

Орал өзені бассейнінің экожүйесін сауықтыру бойынша бағдарлама қабылданады және көлдерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Біз елімізде 2 миллиард, оның ішінде қалаларда 15 млн. ағаш отырғызып, орман алаңдарын 500 мың гектарға дейін ұлғайтамыз.

2025 жылға қарай экологиялық таза қуат көлемі 2 есе өсіп, 13 гидроэлектростанциялардың, 34 жел және 12 күн станцияларының құрылысы есебінен 3000 МВт-ға дейін жетеді.

2025 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбе қалаларында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 30%-ға дейін жеткізіле отырып, 6 қоқыс өңдеу зауыты іске қосылады.

Қалалардың ауа бассейнінің жағдайын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жол карталарын іске асыру жалғасады.

2025 жылға дейін Алматы қаласындағы ТЭЦ-2 газға ауыстыру аяқталады.

Қаладағы жасыл желектердің жағдайына мониторинг жасау ақпараттық жүйесі енгізіледі.

Біз ірі экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін ЕАЭО жанынан экологиялық комиссия құру туралы бастама көтереміз.

Экологиялық құндылықтарды нығайту үшін «Birge-taza Qazaqstan» экологиялық акциясы жүйелі негізде өткізіледі.

Мектептерде экологиялық тәрбие беру бойынша бағдарламалар енгізіліп, үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту үлгісі қалыптастырылады.

Жануарларды қорғау туралы заң қабылданады.

3. ЭКОНОМИКА МЕН ӨҢІРЛЕРДІҢ ОРНЫҚТЫ ДАМУЫ

Біз жекеменшікке қол сұғылмауды, ашық бәсекені, макроэкономикалық тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ахуалды және экономиканы әртараптандыруды қолдаймыз. Бұл – кәсіпкерлікті жандандыруға, инвестицияларды өсіруге, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар.

Мемлекет орта таптың тірегі, экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновацияның, жұмыспен қамтудың және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының негізі болатын бизнеске жанжақты қолдау көрсетеді.

ҚОЛАЙЛЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОРТА

Экономиканың өсімі қатаң, бірақ теңгерімді макроэкономикалық саясат есебінен қамтамасыз етіледі. Біз бюджет шығындарын оңтайландыруды, тиімсіз жеңілдіктер мен субсидияларды жоюды, Ұлттық қордан қосымша трансферттерді шектеуді, төмен инфляция мен теңгенің еркін бағамын сақтауды көздейміз. Ұлттық байлықтың әділ үлестірілуін қамтамасыз етеміз.

Біз әлеуметтік, медициналық сақтандыру қорлары мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты ескерілетін «кеңейтілген бюджет» енгіземіз.

Ағымдағы мәселелерді жедел шешу үшін мемлекеттік органдарға бюджеттік тәуелсіздік беріледі, қаражат пен функцияларды тек орталықтан өңірге ғана емес, сонымен қатар өңір ішінде беруді көздейтін бюджетаралық модель қалыптасады.

Барлық маңызды бюджеттік шығыстар онлайн сауалнаманы қолдану арқылы міндетті тәртіппен қоғамдық сараптамадан өткізіледі.

Біз жер қойнауын пайдаланудан түсетін кірістерді ұлғайту, «оффшорға» транзакцияларға салық салу, елден капиталды шығаруға бақылауды күшейту, «көлеңкелі» экономиканы азайту есебінен бюджет кірістерін арттырамыз.

Өндірістік және әлеуметтік маңызды тауарларға ҚҚС ставкаларын дифференциациялау, өңделген өнім экспортерлері үшін ҚҚС-ты қайтару мерзімдерін қысқарту экономиканы диверсификациялау мен бюджетті толықтырудың жаңа тетігіне айналады.

Нәтижесінде, 2025 жылға қарай бюджеттің мұнайға қатыссыз тапшылығы 6%, жалпы – 3%- тен төмен деңгейді құрайды, инфляция деңгейі 3-4%-ға дейін төмендейді, жыл сайынғы өсу қарқыны 5%-дан кем болмайды.

Біз барлық реттелетін сатып алуларға қатысты бірыңғай заң қабылдаймыз, Бірыңғай сатып алу терезесін жасаймыз, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан отандық өндірушілерден өнімді кепілді сатып алуды қамтамасыз етеміз.

Экспортерлерді валюта табысын ел ішінде сатуға ынталандыру, валюталық алыпсатарлыққа және басқа да күмәнді валюталық операцияларға жол бермеу, сондай-ақ банктердің шеттен тыс өтімділігін бизнесті несиелендіруге бағыттау бойынша шаралар әзірленеді.

Экономиканы әртараптандыру, оның ішінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнайды, газды терең өңдеу және химия мен мұнай химиясы өнімінің экспортын 9 есе өсіре отырып, химия өнімін шығару бойынша 5 зауытты іске қосу есебінен экспорттық және бюджеттік кірістердің өсуі қамтамасыз етіледі.

2023 жылдан бастап Ұлттық Банктің экономиканы қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардан біртіндеп шығуы басталады. Ақша-кредит саясаты банк секторының әлеуетін бизнесті несиелендіру үшін барынша пайдалана отырып, жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды негізге алу арқылы жүзеге асырылады.

Халықаралық инвесторларға жол аша отырып, банктердің стресстік активтерімен толыққанды сауда жасау үшін бірыңғай платформа құрылады. Біз басым салаларда стратегиялық ірі инвестициялық жобалардың пулын қалыптастырамыз, олар бойынша жеке қолдау шаралары мен тұрақтылық кепілдіктері ұсыныла отырып, келісімдер жасалатын болады.

Инвесторлардың ағымдағы мәселелерін жедел шешу үшін әр жоба мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылығының жауапкершілігінде болады.

Біздің барлық шетелдік мекемелеріміз үшін инвесторларды тарту бойынша нақты индикаторлар белгіленген 2021-2023 жылдарға арналған үш жылдық инвестициялық бағдарламалар әзірленеді.

Әрбір өңір үшін біз инвестицияларды тарту, өңірдің салалық мамандануы мен олардың өнеркәсіптік әлеуетін барынша іске асыруды ескере отырып, жобаларды іске асыру индикаторларын белгілейміз.

Біз инвесторлардың өз кірістерін Қазақстанда сақтау және қайта инвестициялау үшін ынталандыру шараларын қабылдаймыз.

2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 30 млрд. долларға дейін, ал негізгі капиталға инвестициялардың үлесі ЖІӨге 30%-ға дейін өседі.

Қор нарығында сенімді ортаны дамыту, Астана халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) жаңа шетелдік компанияларды, инвесторларды, қаржылық және банктік құрылымдарды тарту үшін оның әлеуеті барынша пайдаланылады.

Еліміздің MSCI және FTSE халықаралық қор индекстеріндегі мәртебесі шекті көрсеткіштен дамушыға дейін өседі. Бұл қазақстандық компаниялардың акцияларына сұранысты және елімізге инвестициялардың тартылуын арттырады.

АХҚО биржасында шетелдік валютамен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару бойынша орта мерзімді бағдарлама әзірленеді.

Тауарлық биржалардың қызметі жетілдіріліп, барлық қатысушыларға бірдей қолжетімділік қамтамасыз етілетін, биржалық тауарлардың, оның ішінде мұнай өнімдерін, сұйытылған газды, электр қуатын және басқаларды қоса алғандағы тізбесі кеңейтіледі.

Еуразия құрлығындағы Қазақстанның көшбасшы транзиттік рөлін нығайту үшін сервисті және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен жаңа елдер мен компанияларды тарту қамтамасыз етіледі, бұл 2025 жылға қарай көліктің барлық түрлерімен транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін 1,5 еседен астам, яғни, 30 млн. тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік тасымалдарды 2 есе арттыруға мүмкіндік береді.

ҚУАТТЫ КӘСІПКЕРЛЕР

Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%- ға дейін қысқартып, бизнес үшін кедергілерді жою және бәсекелестікті дамыту арқылы шағын және орта бизнестің қызмет алаңын кеңейтеміз.

Отандық тауарлар өндірісін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шикізатпен толыққанды қамтамасыз етіледі.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие халық тұтынатын тауарлар өндірісі артады.

Нәтижесінде, өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемі 2025 жылға қарай 1,5 есе өседі.

10 ірі туристік кластерді дамыту есебінен ЖІӨ-дегі туризм үлесі 8%-ға дейін өседі.

IT-саласындағы деректерді өңдеу және сақтау бағытына инвестициялар 6 есе, яғни, 500 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды, сонымен қатар 1000-нан астам жаңа IT-компаниялар құрылады.

Жеке бизнес ашу үшін 50 мың азаматқа, оның ішінде 42 мың ауыл азаматтарына жалпы сомасы 250 млрд. теңгеге шағын несиелер беріледі.

Жалпы алғанда, шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылғандар саны 3,5 млн.-нан 4 млн. адамға дейін, ал оның ЖІӨ-дегі үлесі – 30-дан 35%-ға дейін өседі.

Белсенді экспортерлер санын 2,5 есе, яғни, 1000 дейін, ал шикізаттық емес экспорт көлемін – 2 есе, 41 млрд. долларға дейін өсірумен экспорттық акселерация бағдарламасы іске қосылады.

Экспортерлерді қолдау, оның ішінде олардың өнімін Alibaba, Ebay, Amazon халықаралық электрондық алаңдары арқылы ілгерілету жұмысы жалғастырылады. Электронды сауда көлемі 2025 жылға қарай 2 есе, биржалық сауда көлемі – 4 еседен артық ұлғаяды.

ЕАЭО шеңберінде біз жаңа нарықтарды ашу және игеру мақсатында бірыңғай техникалық стандарттар мен регламенттерге өтеміз.

Қазақстан-Ресей шекарасы маңындағы өңірдің сауда және инвестициялық ынтымақтастығын дамыту бойынша шаралар қабылданып, Өзбекстанмен шекаралас аумақтарда сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы ашылып, Қытаймен шекара маңындағы сауда кеңейеді.

Салық кодексіне салықтар мен төлемдер санын қысқарту, салықтарды есептеу тәртібін жеңілдету бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Біз «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесін енгіземіз, салықтық бақылауды толығымен цифрландырамыз және салықтық міндеттемелердің орындалуын қашықтан мониторингтеуді қамтамасыз етеміз.

Бизнесті салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегі қайта қарастырылады. Кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттері тек қана соттың немесе прокурордың санкциясымен мүмкін болады.

Азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғаудың принциптеріне сәйкес келмейтін барлық ескі нормативтік-реттеу құжаттарының күші жойылады.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған Топ-20 мемлекеттің қатарына кіреді.

ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ

Әрбір азаматтың өзінің еңбек ету құқығын іске асыруға және лайықты төлем алуға мүмкіндігі болуы тиіс. Партияның алдағы 5 жылдағы негізгі міндеті – халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау және ұлғайту.

Ол үшін келесі шаралар іске асырылады:

Жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы аясында 700 мың адам жұмыспен қамтылады.

Туризм саласында 170 мың жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығында 500 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.

IT-саласында жаңа компаниялар ашу есебінен 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, ішінара жұмыспен қамту cекілді жалдаудың жаңа формалары енгізіледі.

«Бастау бизнес» жобасы аясында 5 жыл ішінде 150 мың адам оқытылады.

130 мың жұмыссыз азамат 5 жыл ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға оқытылады.

Жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшетін отбасыларға қолдау көрсетеміз.

Сондай-ақ, жұмыс берушілер үміткерлерді Электронды еңбек биржасы арқылы іріктей алады. Ал мемлекет үміткерлерді жұмыспен қамту шарты негізінде олардың оқу шығындарын субсидиялайды.

Еңбек қауіпсіздігін жақсарту, өндіріс орнында жарақаттануды 2025 жылға қарай 10%- ға дейін азайту жөнінде шаралар қабылданады.

Біз еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңтайландыру, еңбек заңнамасын бұзатын адамдарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасаймыз және ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру туралы мәселе қоямыз.

2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан төмен болады.

ЖАЙЛЫ ҚАЛАЛАР

Қалаларда, сонымен қатар шағын және моноқалаларда қолайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету әрқашанда партияның басты назарында болған.

Қалаларда «ескі кварталдарды» реновациялау, сондай-ақ тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі жұмыстар қолға алынады.

Үлескерлік құрылыс бойынша барлық проблемалық тұрғын үйлер салынып бітеді.

Біз жауапсыз құрылыс компанияларының үлескерлік құрылысқа қатысу мүмкіндігін шектейтін заңдарға түзетулер енгіземіз.

Облыс орталықтары мен шағын қалаларда жыл сайын инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін шамамен 25 мыңға жуық жер телімі бөлінеді.

Қалалық қызметтерді, көлік жұмысын жақсарту, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін Smart City тұжырымдамасы іске асырылады.

Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.

53 тазарту құрылғысы салынып, жаңғыртылады, ағынды сулар 100% тазартылады, коммуналдық желілердің тозығы төмендетіліп, арықтар желісі қалпына келтірілді.

Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларының тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының шет аймақтарын абаттандыру үшін жолдарды, инженерлік желілерді және әлеуметтік объектілерді салу бойынша жұмыстар жалғасады.

Батыс Қазақстанның қалалары мен аудандары елдің Біртұтас энергия жүйесіне қосылады.

Шағын және моноқалаларда жолдарды, электр, газ және жылу желілерін салу және реконструкциялау бойынша шаралар қабылданады.

Моноқалаларды дамытуда қала құраушы кәсіпорындардың рөлі артады. Мемлекеттік және жеке компаниялардың қатысуымен шағын қалаларда іске асыру үшін жобалар тізбесі әзірленеді.

Шағын және моноқалаларда жастар бастамаларын қолдау үшін жастар ресурстық орталықтары құрылады.

Еліміздің барлық қалалары заманауи автожолдар желісімен қосылады. Жолдардың 100%-ы жақсы жағдайға дейін жеткізе отырып, 25 мың шақырым республикалық автожолдар салынып, реконструкцияланады.

Жолдардың барлығы жол бойындағы сервис нысандарымен қамтамасыз етіледі.

АУҚАТТЫ АУЫЛДАР

Бүгінде азаматтарымыздың 40%-дан астамы ауылда тұрады. Олардың еңбегінің арқасында Қазақстан қазіргі таңда өзін азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етуде және ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болып отыр.

Біз ауылдың әлеуетін барынша жүзеге асыру үшін ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасаймыз.

Ол үшін келесі шаралар іске асырылады:

Стратегиялық инвесторлардың қатысуымен 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын қатыстыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер және қант) өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылады.

Жалпы АӨК-те 380 инвестициялық жоба іске асырылады.

Біз ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа формаларын әзірлейміз, жалпы алаңын 2,2 млн. гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игереміз, қосымша шамамен 70 мың отбасылық шаруашылық құрамыз. Біз жердің шетелдіктерге сатылуына жол бермейміз.

Субсидиялау жүйесі жаңа технологиялар мен селекциялық жетістіктерді, егістік пен егінді алқаптың жай-күйін мониторингтеудің заманауи цифрлық шешімдерін енгізуді, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын нақты қолдануды ынталандыруға бағытталады.

Субсидиялау көлемінің өсуі есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу 1,5 есеге, минералдық тыңайтқыштарды сатып алу 1,4 есеге, жоғары сапалы тұқымдарды сатып алу 1,2 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ, жыл сайын егістікті тиімді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың 50%-ы субсидияланады.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алу кеңейтіледі.

Ауылдарда кооперацияны ынталандыру, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шикізатты қайта өңдеуге тапсыру, жалпы қуаты 2,1 млн. тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату бойынша 24 көтерме-тарату орталығын құру жөнінде шаралар қабылданады.

Ветеринариялық, фитосанитариялық және карантиндік қызметтерді жаңғырту халықаралық талаптарға сәйкес жалғасын табады.

Ауыл шаруашылығын ғылыми әзірлемелермен қамтамасыз ету бойынша аграрлық ғылым үшін нақты мақсатты индикаторлар әзірленеді.

2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі – 1,3 есе, АӨК-гі еңбек өнімділігі – 2,5 есе, экспорт – 2 есе ұлғайып, өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізіледі. Біз өзімізді елімізде өндіретін негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеміз.

3 500-ден астам ауыл жаңғыртылады, әрбір тірек ауылға дейін 27 мың км. жергілікті жолдар жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жеткізіледі.

Жыл сайын ауылдарда инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй салу үшін 22 мың жер телімі бөлінеді.

Қала және ауыл халқының 100%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізеді.

2025 жылға қарай халқы 900 мыңнан астам адамды құрайтын 246 ауыл газбен қамтылады.

Халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізеді.

4. ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ АЗАМАТТАР

Мемлекет пен қоғамның сенім, өзара жауапкершілік, әріптестік, ашықтық және есептік қағидаттары негізіндегі ынтымақтастығы – елдің тұрақты да үдемелі дамуының басты кепілі.

Азаматтардың өмірін жақсартуға, заңның үстемдігін, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы – ұлт бірлігінің негізі.

АЗАМАТТАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МЕМЛЕКЕТ

Біз азаматтар мен мемлекет арасында кері байланыс орната отырып, мемлекеттік аппаратты сапалы түрде трансформациялауды жалғастырамыз. Мемлекеттік органдардың қызметі ашық болуы тиіс және үнемі халықтың бақылауында болуы керек.

Сайлауалды уәделерді тиімді іске асыру және мониторингілеу үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жалғасады, кері байланыстың онлайн құралдары кеңейеді, партиялықтармен өзара қарым-қатынастың жаңа заманауи форматтары енгізіледі. Партияның заңнамалық қызметі қазақстандықтардың өтініштерін жүйелі талдауға негізделеді.

Елбасының 5 институционалдық реформасына және Президент Қ.Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жалғасын табады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25%-ға қысқарту жұмысы жалғасады.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы бастамашылыққа және заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталады. Мемлекеттік органдар жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші аралық процесс емес, халықтың әл-ауқатының артуы, өңір мен саланың дамуы түріндегі түпкі нәтиже болады.

Талантты жастарды қолдау үшін Президенттік және партиялық кадр резервіне іріктеу практикасы жалғасады.

Нақты міндеттерді шешуге бір салаға бейімделген мамандарды жеңілдетілген негізде тарту үшін келісімшарттық қызметшілер институты енгізіледі.

Мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық базалары әрбір азаматтың цифрлық бейінін жасай отырып, бірыңғай жүйеге интеграцияланады.

Мемлекеттік органдар көрсететін қызметтер 100% автоматтандырылады және электрондық форматқа ауыстырылады, ал көп сұранысқа ие қызмет түрлері проактивті түрде болады.

Азаматтар барлық мемлекеттік қызметтерді бір терезеден ала алатын болады.

ХҚКО-лар жұмысы қызметтерді электрондық түрде өз бетінше алуға азаматтарға онлайн-кеңес беретіндей түрде қайта бағдарланады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық мемлекеттік органдарға электронды түрде сұрау жолдауға мүмкіндік беретін «е-Өтініш» жүйесі құрылады.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты міндет – қоғамда заңсыздыққа қарсы ортақ түсінік пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды осы әлеуметтік дертпен күреске жұмылдыру.

2025 жылға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, ақпаратқа қол жеткізу туралы, Қоғамдық кеңестер туралы заңдар қабылданды, мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы автоматтандырылды, сот отырыстарының барлық залдары аудио және бейнетіркеу жүйелерімен жарақтандырылды.

Біз осы бағдарламаны іске асыруды жалғастырамыз және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын одан әрі арттыруды, азаматтардың құқықтарын қорғауды, сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шараларын кеңейтуді қамтамасыз етеміз.

Біз азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын түбегейлі арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз.

Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін азаматтардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеу, қабылдау және оларды іске асыру процесіне қатысуы заңнамалық түрде қарастырылады.

Сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда нормативтік актілер мен жұмыс процестеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізіледі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ықтимал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шеңбері кеңейтіледі.

Саяси қызметшілердің, судьялардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ пара берушілер мен парақорлыққа делдал болған тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілігі күшейеді.

Мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар үшін шетелдік банктерде ақшасының және басқа да құндылықтарының болуына шектеу енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа тартылған тұлғаларға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынады. Жемқорлықпен айыпталған тұлғалардан тәркіленген барлық қаражат әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады.

Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар бойынша мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу алынып тасталынады, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарға заңнамалық қорғау қамтамасыз етіледі.

100% электрондық кедендік декларациялау, басым транзиттік бағыттар бойынша кеден пункттерін жаңғырту және автоматтандыру, кедендік ресімдеу уақытын 5 есеге қысқарту қолға алынады.

Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыру үшін тәуелсіз интернет-алаң құрылады.

ӘДІЛЕТТІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ

Конституцияда кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру – партияның басты міндеті.

Құқық қорғау органдары азаматтардың заңды мүдделеріне қызмет етуі қажет, халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.

Полиция және прокуратура органдарында жұмыстың «сервистік» моделі енгізіледі. ІІМ, Бас прокуратураның аумақтық бөлімшелерінің басшылары халықпен ашық диалог құра отырып, жыл сайын есеп беру кездесулерін өткізеді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттіктері келесі қағидат бойынша нақты бөлінеді: полиция қылмыстарды анықтайды, прокурор тергеу шешімдерін қабылдайды және құқықтық баға береді, сот істі қарайды және түпкілікті шешім шығарады.

Жергілікті полиция қызметінің жұмысында «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты енгізіледі. Учаскелік полицейлер өзіне тән емес функциялардан босатылады.

Жалақыны арттыру, жергілікті полицияның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жақсарту, тұрғын үй жалдау үшін өтемақы алуға лауазымдар санатын кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

Пенитенциарлық мекемелер мен полицияның барлық ғимараттары бейнебақылаумен, ал қызметкерлер бейнетіркегіштермен жарақтандырылады. Бейнебақылау мен бейнетіркегіштерді мақсатты түрде өшіргені үшін қызметкерлер жауапкершілікке тартылады.

Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға арналған бейнекездесулер, электронды дүкендер, прокуратураға, соттарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағым беруге арналған терминалдар енгізіледі.

Пенитенциарлық жүйені халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында түзеу мекемелерін қайта жаңарту, қамаудағыларды ұстау және еңбек жағдайларын өзгерту жалғасады.

Түзеу мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің жалақысы артады, тұрғын үй жалдағаны үшін өтемақы көзделеді.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ірі елдімекендерде бейнебақылау жүйесін енгізу жалғасын табады, сондай-ақ жұртшылықты құқықтық тәртіпті қорғауға тарту бойынша шаралар қабылданады. Азаматтар мобильді қосымшалар мен чат-боттар арқылы полиция, прокуратура органдарымен және соттармен жедел байланысатын болады.

Құқық қорғау қызметтерінің тәуелсіз аудиті енгізіледі.

Сот жүйесіне жаңа кәсіби кадрлар тартылып, алқабилерге кандидаттарды іріктеу тәртібі өзгертіледі.

Жоғары Сот Кеңесі саяси автономды органнан судьялық өзін-өзі басқару институты ретінде қайта құрылады.

Судьялардың жұмысына жасанды интеллект енгізу, «Сот смарт-аналитикасы» жүйесін іске асыру жалғасады.

Медиация институтын дамыту жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындалады.

Халыққа кепілдендірілген мемлекеттік құқықтық көмектің көлемі 2 есеге ұлғайтылады.

ЖАУАПТЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ

Ел дамуының аса маңызды факторларының бірі – ортақ мүдде жолында біріккен азаматтардың белсенділігі.

Жауапты азаматтық қоғам – демократиялық дамудың және мемлекеттік басқару тиімділігінің негізгі факторы. Партиямыз «Жауапты азамат – Жауапты қоғам – Жауапты мемлекет» формуласы негізінде жалпыға бірдей жауапкершілік тұжырымдамасын ұсынады.

Nur Otan партиясы ел дамуының өзекті міндеттері мен мәселелерін шешуге азаматтық белсенділерді тартып, барынша жұмылдырады.

Квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Оның құрамына азаматтар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар да тартылады.

Біз еріктілер қозғалысын дамытуды қолдаймыз. Волонтерлік тәжірибе студенттік практикаға, жұмысқа қабылдау және кәсіби өтілін есептеу кезінде ескеріледі.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, ол келесі қадамдарды қамтиды:

1. ауыл әкімдерінің тікелей сайлануын енгізу;

2. ауыл әкімдерінің сайлаушылар алдындағы есептілігі;

3. «халықтың қатысуы» бюджетін енгізу;

4. жергілікті салықтар мен төлемдердің ставкаларын өзгерту құқығы;

5. жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін азаматтардың бақылауы.

Біз елімізде саяси диалог мәдениетін кезең-кезеңмен дамытамыз.

Біз қоғамдық сараптама мен бақылау жүргізуді, азаматтық бастамалар мен онлайн-петицияларды дамытуды көздейтін «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды қабылдаймыз.

Қайырымдылық туралы Заң әзірленеді. Заңда оның тартымдылығы мен іске асуының ашықтығы қамтылады.

БІРТҰТАС ҰЛТ

Елбасы, Nur Otan партиясының Лидері Қазақстанда қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды.

Біз қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайту саясатын жалғастырамыз. Партия Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, азаматтық бірегейлікке, тамыры терең тарихымызды, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға негізделген қазақстандық патриотизмді дамытады.

Әрбір адамның азаматтық жауапкершілігін күшейте отырып, этникалық, діни, нәсілдік, тілдік және гендерлік негіздегі кемсітушіліктің кез келген көрінісінің жолы кесіледі.

Елбасы бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, Nur Otan қоғамда, әсіресе оқушы жастар арасында, барлық азаматтардың бірін-бірі құрметтеу және теңдік құндылықтарын дамыту мен бекітуді жалғастырады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жас ұрпақтың санасын жаңғырту және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру бағытында негізгі құралға айналады.

Біз проблемаларды ерте анықтау және олардың алдын алу үшін этносаралық саясатты сараптама тұрғысынан күшейтеміз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жыл сайын жетекші отандық және халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып, этносаралық қатынастар және ұлт бірлігін нығайту мәселелері бойынша Жалпы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.

Мемлекетіміздің зайырлы болуы – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Біз барлық діндердің өзара сыйластығы мен теңдігін қолдау бағытын сақтаймыз.

Елбасы бастамашылық еткен және бүкіл әлем мойындаған дінаралық және өркениетаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту жалғасын табады.

Мемлекеттік тіл этносаралық қатынас тіліне және барлық азаматтар үшін біріктіруші факторға айналады. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде мемлекеттік тілді оқыту тәсілдері жаңартылады.

Қазақ тілі әліпбиі латын графикасына кезең-кезеңімен сапалы түрде көшіріледі.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметіне белсене қатыса отырып, тарихи әділеттілікті орнату үшін тиісті шаралар қабылдаймыз.

ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтауға бағытталған жобаларға қолдау көрсетеміз.

ҚАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУ

Біз елден тыс жерлерде тұрып жатқан этникалық қандастарымызбен рухани-мәдени, ғылыми-білім беру байланыстарын дамытатын боламыз.

Қандастардың шет елдердегі мәдени, гуманитарлық, тілдік, ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ олар тұрып жатқан елдерде мәдениетімізді дамыту мақсатында Абай орталықтарының желісі кеңейеді. Бұл орайда «Отандастар» қорының, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының және Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктерінің мүмкіндіктері пайдаланылады.

Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшуді мақсат еткен отандастарға қолайлы жағдай жасалады, ақпараттық-құқықтық қолдау, оқу, әлеуметтік бейімделу және қазақстандық қоғамға сіңісу бойынша көмек көрсетіледі.

ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМГЕ АШЫҚ ҚАЗАҚСТАН

Біз Елбасының көпвекторлы сыртқы саяси бағытын жалғастырамыз және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықаралық бастамаларының өрісін кеңейтуге ықпал ететін боламыз.

Ұлттық мүддені қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілікті нығайту және барлық елдермен өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық орнату – сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары.

Біз Қазақстанның аумақтық тұтастығын және шекараларына қол сұғылмаушылықты нығайту бойынша саясатты жалғастырамыз. Шекара маңындағы аумақтарды дамытуды қамтамасыз етеміз.

Біз негізгі стратегиялық әріптестеріміз – Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарымызды нығайтуды жалғастырамыз.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграция, ШЫҰ, БРИКС, ИКҰ елдерімен ынтымақтастықты дамыту жалғасын табады.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне және трансұлттық қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес мәселелеріне белсенді атсалысады.

Шет елде оқитын және жұмыс істейтін қазақстандықтардың, сондай-ақ ҚР асырап алынған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау дипломатиялық қызметтер жұмысының маңызды басымдығы болады.

Визасыз режимі бар елдердің тізімі кеңейеді, бұл азаматтарымыздың шет елге шығуы мен жұмыс істеу жағдайларын жеңілдетеді, шетелдік туристердің көптеп келуін ынталандырады.

Құрметті қазақстандықтар!

Қазіргі қалыптасып отырған жаңа ахуал біздің беріктігіміз сыналатын кезекті бір белес болып отыр. Сыртқы сын-қатерлер нақты, айқын, ойластырылған шешімдер мен іс-қимылдарды талап етеді. Мұның бәрі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламамызда қамтылған.

Біз белгіленген мақсаттар мен міндеттердің қолжетімділігіне және орындалатынына сенімдіміз. Ол үшін бізге біртұтас ұлт ретінде жұмыла әрекет ету қажет. Біз пандемия зардаптары мен жаңа сын-тегеуріндерді тек бірлесіп қана еңсере аламыз, сонда ғана мемлекетіміздің қарыштап дамуын жалғастырып, әрбір адамның лайықты өмір сүруін қамтамасыз етеміз.

Біздің Сайлауалды бағдарламамыз аудандар мен қалалар тұрғындарынан келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, 216 аймақтық сайлауалды бағдарламаның жобаларын әзірлеу мен кеңінен талқылау барысында жасалды.

Біз Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті экономикасы, қуатты шағын және орта бизнесі бар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі өркендеген елге айналдыратын нақты шараларды ұсынамыз.

Бағдарламада әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, отбасыларды, әйелдерді, жастарды, аға буын өкілдерін қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Біздің Сайлауалды бағдарламамыз – елімізді таяудағы бес жылда жаңа даму бағытына түсіретін нақты жол картасы.

Nur Otan бағдарламасында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін партия мүшелері арасынан жауаптылар бекітіледі, бағдарламаның іске асырылуын бақылау қамтамасыз етіледі. Бұл іске жұртшылық та кеңінен тартылады.

Біз азаматтарымызды Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қолдауға және алға қойылған міндеттерді іске асыруға баршаңызды белсене атсалысуға шақырамыз.

Біз бірлесе отырып, әрбір Қазақстан азаматы бақуатты өмір сүруі, өзін-өзі дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған берекелі қоғам құрамыз.

Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!

Nur Otan партиясына дауыс беріңіз!

#Bizbirgemiz

Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалының сайлау қорынан төленді.

Басқа материалдар

Back to top button