Сәби есімі сәтсіз болмасын
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде ботасы өлген інгеннен сүт шығармаққа маңайындағы жұртты жинайды. Топтала отырған адамдардың шетінен бастап тұрғызып, кімнің інгенді сауа алатынын сұрай бастайды Алла елшісі.
Бірінші тұрған кісіден есімін сұрағанда ол Мурра яғни «Ащы» деп жауап береді. Пайғамбарымыз оның есімін естіп, оған орнына отыруын өтінеді. Екінші мәрте «Інгенді кім иідіреді» деп сұрағанда тағы бір кісі орнынан тұрады. Алла елшісі оның есімін сұрағанда ол Харб яғни «соғысып өтуші» деп жауап береді. Расулалла оған да отыруын бұйырады. Тағы қайыра «Інгенді кім сауады деп» және сұрағанда бір кісі орнынан тұрады. Алла елшісі оның да есімін сұрайды. Ол Яиш яғни «өмір сүрсін» деп жауап қатады. Сонда ғана Алла елшісі оған түйені сауғызады. Ботасын іздеп боздаған түйе Алланың әмірімен осы кісінің саусағына иіген екен дейді. Түйер түйін сәбиге есім қоярда қойылар есімнің бар анықтамасын толық білген және ол есімнің жақсылыққа жақын екенін ұғына қойған абзал секілді.
Қарап отырсақ, дәл қазіргі заманда балаға есім қою бір сәнге айналды. Және ол қойылған аттар бұзылып айтылатыны тағы бар. Мысалы Гүлнар деген атты жұрт өзінше сәнмен Гүлнара дейді. Жанарды Жанара деп мағыналы аттың артына әріп қосып айтатынымыз бар. Әуезді әрі заманауи қылам деп тым әсірелеп жібердік-ау. Соңына «а» әрпін қосып айту – орыстардан енген үрдіс. Мысалы орыс ұлтында еркегінің есімі Александр болса, қызының есімі Александра болады. «А» әріпі арқылы оның жынысы анықталып тұр. Евгений болса Евгения, Василий болса Василиса.
Кеңес дәуірінен санада сызат болып қалған тағы бір кесел ол әжептәуір қазақы атты псевдоним яғни лақап атпен шұбарлау. Және ол қазақша болса бір сәрі ғой. Қалдыбекті Коля деп, Сәндібекті Саня деп жүрміз әлі. Арамызда кездесері хақ қой осы кейіпкерлердің?! Бұл қай атамыздан берілген жорамал екені бізге де қызық. Ол уақта орыс халқына ұқсау сән болды ма деген пікір де бар. Сонда сән қуам деп салтымыздан секірсек ертең туған балаға Кирилл демесімізге кім кепіл?!
Сонау атам заманнан бергі мүдірмей мөрленген түсінік ол «балаңа қандай есім берсең сол есімі оның тағдырына айналатындығы». Ертеде жаугершілік заманда ұл мен қыздың есімдері мұңлы не қаһарлы, айбат танытатындай болған. Мысалы Ерасылдың Қабанбай атануы, Әбілмансұрдың Абылай аталуы жауға қалқан қылған айбары еді елдің. Тіпті қыз балаға Қарлыға, Құртқа есімдерінің берілуі де. Қазір Құртқа деген есім жолыға ма? Ілуде шалу болмаса кезіге қоймайды. Құртқа қасқырдың ұрғашысы бөлтіріктің шешесі яғни қасқырлардың анасы. Сонда кемеңгер бабалар санасын сәби есімін сәтімен қоя білгендігінен аңғаруға негіз бар. Бір ғана Құртқа аталуымен ол қыз көкжалға жар, бөлтірікке шеше, қасқыр атаулыға ана атанды.
Енді одан беріге түссек 30 жылдардағы қазақ басына түскен түрлі нәубеттің әсерінен Қисықбай, Жаманбай, Алданқұл, Қиқымбай, Шегірбек деген олпы-солпы аттар келді. Бұндай аттардың меңдеуіне түрлі ауру мен қисапсыз қырылу себеп болды. Туылған сәбиі шетінен шетіней берген соң көз тимесін деп «жаман» мен «қисықты» қосақтады. Кейде, көп ауырып өлім аузынан қалған балалардың аты да өзгерген. Оның жорамалы «аты тым ауыр екен» деген. Не жаманға туған баласын тели атау осыдан қалыптасты десек жаңылмаймыз.
Сол есіммен аталған балаларда қандай жазық бар десеңізші тал бесіктен шықпай мазақ болардай?!…
Оның үстіне көзге көрініп ер жеткен балалары қайтыс болған біршама адамдар сол қайтқан баланың орнына құн берді деп одан кейінгі балаларын Төлеу, Төлеукелді, Құнтөлеу, «тұңғышымның орнын басты» деп Орынбасар қойғанды шығарды. Сонда қарап тұрсақ, біз Алладан құн алдық деп сендіргеніміз бе өзімізді?! Әлбетте сол есім қойылған нәрестенің де ғұмыры қысқа болуы мүмкін. Мұны ойласақ осындай өрескел қате орын алар ма еді?!
Бүгінде сәбиге қазақ шығыс елдерінің атын қоюды үрдіске айналдырды. Арабтың тілінде мына аттарды қоймауға шақырады шариғат. «Мәликул әмләк» аудармасы Патшалардың патшасы, немесе «Сұлтану Салатин» аудармасы Сұлтандардың сұлтаны. Бұл тек жалғыз Жаратушыға тән есімдер. Елден ерекше боламын деп баланы Құдайдың қаһарына ұшыратып қою да ата-ана пешенесіне кінә һәм күнә болып жазылмақ. Егер ұл қызыңды хақ жолында жүрсін, адамға ұл, ал, Аллаға құл болсын десең әрқашан алдына Әбду яки Әбді деген жалғау қойған абзал. Бұл аударма Алланың құлы деген мағынаға саяды. Мәселен Әбдіқадір (Қадірлі құлы Алланың), Әбдіманап (Алланың ақсүйек құлы), Әбдурахман (Алла рақымына бөленген құл).
Бұдан бөлек ұлы батырлар мен бектердің атын қою да біздің салтта. Десек те, оның да өз жорамал жосығы бар. Мысалы танымал батырдың есімін сәбиге бергенде алдымен сол марқұмға арнап Құран бағыштап, құдайысын жасап, содан кейін жеті күн өткен соң азан шақырып сәбиге ат қойған. Және ол атты екінің бірі атамаған. Әсіресе, әйелдер қауымы батыр есімі берілген баланы басқаша атаған. «Кенже бала» егер үйдің кішісі болса, «Еркенже», «Кенжетай» дегендей.
Ал, қыздарға есім қою анау айтқандай қиыншылық тудырды деген тарих жоқ. Дегенмен, көп жерде Пайғамбарымыздың анасының есімі, жарының есімі қойылып жатады. Бұл да өз ретінде дұрыс. Бірақ, өз тіліміздің көркемдігін көзімізге көрінген сұлулыққа пайдаланбағанда сүрге сақтаймыз ба?
Қазақтың өзінің қарапайым тілінде-ақ түрлі есім бар.
Қыз балаға сұлулықты сыңар еткен есімдер ай мен күннің айналасында алдымен. Егер қазақ тілінде қыздың атын Айбарша деп қояр болсаңыз Айдың қосындысы «барша» жалғауы алтынмен, күмістен безелген матаның атауы. Сонда Айдай сұлу болса оған алтынмен, күмістен күптелген мата жабылса әсемдіктің символы емей немене?!
Қазақ дарияға түскен айдың сәулесінен де Айдария деген көркем есім көрген. Расында, сәби есімі сәтті қойылғаны һәм өз тілінде бұрмалаусыз ашық анықталардай болғаны бір төбе ғой.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.