БалқашРеспублика күні

Қонақжай кәсіпте табыс мол

Халқымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің бастауында Республика күні тұр. Бұл күн биыл Ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта қосылғаны белгілі. Осынау айтулы күні егемендік алған жылдардағы еліміздің жетістіктеріне көз жүгіртсек, әр салада ауыз толтырып айтуға тұратын табыс бар екен. Оның бірі – туризм саласы. Балқаш – туризмі дамып келе жатқан шаһар. Қаланың әлемдік туристік нарықта өз орнын табуға мүмкіндігі зор.

Балқаш көлінің жағалауындағы мысты қала шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы. Жыл санап мұнда келетін саяхатшылардың саны артуда. Бұл туралы Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова мәлімдеді.

Балқаш қаласына туристердің көп келуі, ішкі туризмнің жандануына ықпал етіп отыр. Туристік аймақ көп күткен 18 бизнес-жоба құрылысының басталуы өңір туризмін өркендетуге жасалған нақты қадам. Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерін Балқашқа қосу да туризмді дамытуға көп ықпал ететін шешім деп санаймын. Бүгінгі таңда осы аумақта жүйелі жоспар жасалды. Жағалау аймағының 22 шақырымын инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету және абаттандыру қолға алынды. Мұнда жеке инвестициялар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысаны салынады. Қазақстан Республикасының 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Балқаш курорттық аймағы туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне енді. «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы» жобасының құны 4 млрд. теңгені құрап отыр. Бұған қоса, «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерінде тазарту құрылғылары бар кәріз желілерінің құрылысы» жобасы бар. Құрылыс құны 4,5 млрд. теңгеге жоспарланып отыр. Электр желілерінің құрылысы да біраз қаржыға жасалатын болады. Биылғы жылдың қаңтар-маусымдағы статистикаға сәйкес, Балқаш қаласында туристер тоқтайтын 42 нысан бар. Нысан бір сәтте 2355 адамды қабылдай алады. Биылдың өзінде Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерін қоспағанда, Балқашқа 25 607 адам келіп демалған, – дейді Жанмира Рахпанова.

Тәуелсіздік жылдары түлеген туризм саласы әрі қарай да қарыштап дами бермек. Туристік салаға инвесторларды тарту үшін аса маңызды мәселелердің бірі көлік логистикасы екені анық. Барлық санаттағы ұшақтарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттары қайта жабдықталды. Ол үшін 3,5 млрд.теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.

Мамандардың айтуынша, әлемдік экономикада туризмнің маңызы зор. Бүкіләлемдік Туристік ұйымның дерегі бойынша әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11%-дан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын туризм қамтамасыз ететін көрінеді.

Осы тұрғыдан алғанда Балқаш өңірінде туризмнің дамуы табыс көзінің еселенуіне, аймақтың өркендеуіне сеп болмақ. Қазіргі туризм – әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы екендігін дәлелдеп отыр.

Нұрдос КӘРІМ

БАЛҚАШ қаласы

Басқа материалдар

Back to top button