Жақсы өмірге талпыныс – санадан
«Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс»
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.
Технология дамуда, медициналық және әлеуметтік қызмет түрлері де кенже қалып жатқан жоқ. Жыл сайын түрленіп, қарқын алуда. Еліміз, тіпті, еліміз демей-ақ, облыстың ресурстары да ешқайда кетіп жатқан жоқ. Сырт қарағанда, халықтың бай әрі бақуатты өмір сүруі үшін барлық жағдай бар деп, ауыз толтырып айтса, ешкім аттан түсіріп алмасы анық. Дегенмен, күнделікті ас-суына жетпейтіндер де бар.
Қарапайым адамда орасан зор аумағы, ресурстары мен пайдалы қазбалардың барлық спектрі бар Қазақстанда тұрып, неге кедей өмір сүреміз деген сұрақ туындауы заңды. Сонда, не жетіспейді? Әрине, тарихи, географиялық жағдайы, адамдардың менталитеті, саяси және экономикалық жағдайлар, тағысын тағы.
Жалпы, «кедейлік» түсінігін әркім өзінше қабылдайды. Мысалы, жыл сайын шетелге демалуға баратын, жиі қымбат көлік айырбастайтын көршісімен салыстырғанда, орта табыс табатындар өзін кедей деп санауы мүмкін. Бірақ, күнделікті жүріп-тұруы мен ішіп-жеміне жеткілікті қаражаты бар оның өзіне де қызыға қарайтын келесі бір көршілерінің бар екенін біле бермейді. Ал, егер осы қағидаға сүйеніп қана кімнің бай, кімнің кедей екенін бағамдар болсақ, активтері 113 млрд. АҚШ долларын құрайтын Amazon иесі, америкалық Джефф Безос қана бай, ал, қалғандары кедейлікте өмір сүретіні жайлы айтуға болар еді.
Психологияда «кедейлік психологиясы» деген термин бар. Анықтамасы бойынша, адамға мол ақша табуға мүмкіндік бермейтін немесе оны белгілі бір әрекеттерді орындауға итермелейтін, қаржыны жоғалтуға әкелетін ойлау түрі. Психологтар қаржылық қажеттілік пен рухани кедейлік арасында байланыс бар екенін де айтқан. Демек, жақсы өмір сүруге деген талпыныс – санадан.
Белгілі кәсіпкер, меценат, Natige ЖШС директоры Ерлан Әшім «Табыс жолы» бағдарламасына берген сұхбатында «Бизнестегі ең қиыны – қызметкерлерді шетелден алып келген құрылғылармен жұмыс істеуге үйрету болды» дейді. Яғни, кәсіпкердің айтуынша, проблема – психологияда. «Жасай алмаймын, қолымнан келмейді» деген оймен адам өзінің әлеуетін жоққа шығармақ. Кәсіпкер өзінің бизнестегі жолына шолу жасағанда, жұмысын қарапайым электриктен бастағанын айтады.
– Ескі билік құлап, менің бақытыма жұмыссыз қалғандықтан, тіршілік бастадым. Қалаға келіп, істемеген шаруам жоқ. Нан да пісірдік, кішігірім дүкендер аштық. Қайланы, күректі алып, барлық шаруасын өзіміз жасадық, – дейді ол.
Нәтижесі – өздеріңізге белгілі. Адамның мүмкіндігі шексіз.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек және әлеуметтік нормативтер бөлімінің басшысы Қайсар Акбаров жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтардың, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және елімізде тұрақты азаматтығы жоқтар атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар дейді.
– Қарағанды облысы бойынша екінші тоқсанда кедейлік шегі – 25 710 теңге. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 2185 отбасына, 9911 адамға берілді. Оның ішінде 740 көпбалалы отбасыға тағайындалды. Тағайындалған көмектің орташа мөлшері – 8442 теңге, – дейді Қайсар Хайранұлы.
Үкіметтен берілетін көмекке қол созбай, әрекет еткенге ғана берекет болады дейді «Почему Казахстан не Норвегия и как нам обустроить Казахстан?» атты кітаптың авторы Серік Алпысов.
«Қазақтың баласы бәсекелес ортада өсті. Алдымен, көпбалалы отбасында, кейіннен балабақшада, сосын мектепте. Балаға берілетін ең жақсы тәрбие «тең құрбыңның алды бол» еді. Яғни, қазақ баласы құрбылары арасында тек адал бәсекеде ғана үздік шығуы керек деген ұстанымда болды. Бірақ, жеке табыс өзінің ғана емес, ұлтының да табысына айналуы үшін адал бәсекелестік, әділ жарыс ережелері керек» дейді ол. Автордың айтуынша, адал бәсекелестік болмаған кезде бағдарсыздық, жағымпаздық, өтірікшілік, парақорлық, сатқындық пайда болады.
Демек, кедейліктен құтылу өз қолымызда. Ол үшін алдымен сананы өзгерту керек. Содан кейін – мақсатшылық пен тынымсыз адал еңбек. Сонда ғана кедейліктен құтылуымыз әбден мүмкін.
Салтанат ІЛИЯШ.