Облыс әкімі
«Қарағанды жастары»: үй алуға үміткерлер сертификатқа ие болды
«Қарағанды жастары» ипотекасына үміткерлер анықталды. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында 10 үміткерге сертификат табыстады. Бас-аяғы аталған бағдарлама арқылы 75 жас маман баспаналы болады деп күтілуде. Олар жылдың аяғына дейін пәтерлер кілттерін қолдарына алуы тиіс.
− Өткен жылы біз жастарға жеңілдетілген ипотека беру туралы шешім қабылдадық. Ол облыс орталығында пилоттық режимде іске қосылды. Облыстық бюджеттен – 1 млрд. теңге қарастырылып, «Отбасы банкі» қосымша 500 млн. теңге бөлді. Келесі жылы бұл бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, басқа қалаларда да іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы сертификаттарды тапсыру сәтінде.
Жаңа бағдарлама аясында мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала қызметкерлері, жоғары оқу орындары оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер қамтылып отыр. Алғашқы лекте 75 жас маман сертификат иеленеді.
Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 5 пайыз, мерзімі – 19 жылға дейін. Бастапқы жарна – жалпы соманың 10 пайызы. Тұрғын үйді жаңа ғимараттан немесе екінші нарықтан таңдауға болады. Сертификат иелері қазіргі таңда үй іздестіріп жатқандарын айтады.
Айта кетейік, аталған ипотекамен үй алуға барлығы 1016 өтінім түскен. Соның арасында 75-і талаптар бойынша іріктелді. Өтінімдерді мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділерінен тұратын арнайы комиссия қарап, 75-ін белгілі бір талаптар бойынша іріктеп шыққан. Отбасылы жас мамандарға, сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы үміткерлерге баса назар аударылған.
Сертификат алғандардың арасында әріптесіміз, «Saryarqa aqparat» ЖШС қарасты Life09 ақпараттық порталының аға тілшісі Жанайдар Майкен де бар.
− Баспаналы болу дәл қазір нарық заманында оңайға соқпай тұр. Бүгін үй алуға үміткерлердің тізімінде болғанымыз үшін бек қуаныштымын. Отбасылы болғандықтан үй алу арманым еді. Міне, осы бағдарлама арқылы сол арманға бір қадам жақындадық. Дәл қазір үй іздестірудеміз. Таптық десек те болады. Банк қызметкерлері құжаттарын қарастырып жатыр. Жастарды қолдаған облыс басшылығына айтар алғысымыз зор, – дейді Жанайдар Майкен.
Ал, облыстық клиникалық аурухананың медбикесі Назгүл Ахметжанова пәтер кезегінде тұрғанына он жылдан аса уақыт өткенін айтады.
− Отбасым бар. Кішкентайымыз екі жаста. Қазір ата-анамыздың қолында тұрамыз. Қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағынан пәтер тауып, рәсімдеуді бастадық. Өте қуаныштымыз. Осындай бағдарламалар көп болса, жастар үшін өте жақсы қолдау, – дейді қуаныш иесі.
Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып қызмет ететін Владислав Фризеннің отау құрғанына көп бола қойған жоқ. Жұбайы екеуі пәтер жалдап тұрып жатыр. Владислав алғашқы да үйлі болатынына аса сенімді болмаған. Құжаттарын тапсырып көріпті. Бағы жанып, баспаналы болмақ. «Отбасымызбен қатты қуандық сертификат қолымызға тигенде», – дейді ол.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»