Брифинг

Су тасқынан қауіп бар

Арқада әлек салған ақтүтек боран басылды. Алдағы күндері күн тіпті күрт жылынып, қар қарқынды ериді деген болжам бар. Боранның әлегі сол, жолдағы суағарлар қарға қайта толып қалды. Қазір құзырлы орган соларды аршып, тазалауда.

Жылымық ауа райы су тасқынына сеп болуы мүмкін. Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі сөз болды. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат ҚАТПАНОВ, «Қазгидрометтің» Қарағанды облыстық филиалы гидрология бөлімінің басшысы Ілияс СЕЙІТҚАЛИЕВ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мағлұмат берді.

 

«Әзірге өңірде жағдай тұрақты. Су деңгейлерінің көтерілуі байқалады. Мұз жамылғысының азаюы Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері. Жердегі тон да азаюда. Ал, ауа райына келетін болсақ, алдағы күндері күн күрт жылынады. Күндіз де, түнде де жылы болады», – деді Ілияс Сейітқалиев.

Аймағымызда гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Елді мекендерді су басу және автомобиль жолдарында су тасқыны әзірге тіркеле қойған жоқ. Алдағы аптада күннің күрт жылынуына және жаңбыр жаууына байланысты қар қарқынды еріп, өзендерде сең жүруі және жол жиектерінде су толуы мүмкін деген болжам айтады жауапты орган. Аула аумақтарын да су басуы ықтимал. Ал, суғарларды екі күн ішінде қардан толық тазарта алсақ, су тасымауы мүмкін. Сол үшін де жедел жұмыс жүргізілуде.
– Облыстың барлық аудандарындағы 158 су тасқыны қаупі бар елді мекендер бақылауға алынды. Наурыз айында жауын-шашыннан кейін Нұра өзенінің бассейнінде ылғал қорының орташа көлемі 12%-ға артқаны байқалады. Шерубай-Нұра өзені бассейнінде ылғал қоры 54 млн. текшеге артты. Алайда, бұл көрсеткіш Кеңгір өзені бассейнінде орташа көп жылдық мәннен 54%-ға азайды, – дейді Мұрат Қасенұлы.

Космомониторинг деректері бойынша облыстың солтүстік аумағында 45% қар жамылғысы бар. Облыстың оңтүстік өңірлерінде қардың азайғаны белгілі. Өзен бассейндеріндегі топырақтың қату тереңдігі өткен онкүндікпен салыстырғанда азайыпты. Бірақ, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бассейндерінде өткен жылғы көрсеткіштерден Сарысу өзенінен – 56 см, Тоқырауын өзенінен – 86 см жоғары болып қалады.

11 наурыздан бастап облыс бойынша Нұра өзендерінде және көлдерде 9 жарылыс жұмыстары жүргізілді. Енді, Нұра және Осакаров аудандарындағы өзен учаскелерінде жарылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
– Халықта су тасқынын барынша азайтуға белсенді түрде ықпал етуі тиіс деп есептеймін. Бұл бірінші кезекте өз аулаларын тазалау, қарды аршу, арықтарды, су өткізу құбырларын тазалау. Егер, әркім өз ауласының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, ауланы су басу жағдайы орын алмайды. Қауіп төнген жағдайда 112 телефонына қоңырау шалу қажет. Су тасқынына қарсы облыстық штаб құрылғанын білесіздер. Штабты облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин басқарады, әр түрлі құзыретті мекемелердің басшылары төрағалық етеді. Қазір Төтенше жағдай департаменті су тасқынына байланысты күшейтілген режимде жұмыс атқаруда, – дейді Мұрат Қатпанов.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button