Аймақ

Инсульттан кейінгі оңалту тегін жүргізіледі

61 жастағы Елена Аханова – инсульттан кейін оңалту көмегін алған науқастардың бірі. Облыста ол сияқты 4,6 мыңнан астам тұрғын оңалтудан өткен. Сақтандырылғандар үшін бұл қызмет тегін. Себебі, ол медициналық сақтандыру пакетіне кіреді.

 

Елена биыл жазда инсульт алып, сол жағы жансызданып қалады. «Луч» оңалту орталығындағы оңалтудан кейін денсаулығы қалыпқа келе бастапты.

– Оңалту орталығында маған инъекциялар, тамырдан системалар, массаж, акупунктура және басқа процедуралар тағайындалды. Алдымен сөйлеу қалпына келе бастады, содан кейін аяғым қозғала бастады. Үйде де жаттығу жасауды жалғастырдым, бір айдан кейін мен өзім жүре бастадым. Міне, оңалтудың екінші курсынан өттім. Өз аяғыммен барамын, қолым қозғала бастады. Дәрігерлерге еңбегі мен шыдамдылығы үшін өте ризамын, – дейді ол. Қарағанды, Жезқазған мен Теміртау қалаларында орналасқан «Луч» мамандандырылған нейрореабилитациялық орталықтары жыл басынан бері инсульт алған 1600 науқасқа оңалту қызметін көрсеткен. Көбінесе қозғалыс функцияларының бұзылуы, когнитивті мәртебенің төмендеуі, психоэмоционалды тұрақсыздық оңалту шараларына себеп болған. – Инсульттан кейінгі өзгерістердің ауырлығына байланысты әр пациентке жеке оңалту курсы тағайындалады. Оңалту барысында нұсқаушымен емдік жаттығулар, массаж, гидрокинезотерапия, физиотерапия, парафин терапиясы, логопед және эрготерапевтпен сабақтар жасалады, – дейді орталықтың бас дәрігері Гүлнар Малик.

Облыстың медициналық ұйымдарында барлығы 4 691 науқас осындай көмек алған. Оның ішінде өзге өңірлерден келген 193 адам бар. Инсульт, миокард инфарктісі, нейро-кардиохирургиялық, травматологиялық-ортопедиялық операциялардан кейін, коронавирус инфекциясынан зардап шеккен науқастарды медициналық оңалтуға облыс көлемінде 5,8 млрд. теңге бөлінген.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button