Жастар гранты – болашаққа инвестиция
Биыл Қарағанды облысы әкімінің грантына 200 млн. теңге бөлінді. Яғни, 100 жас кәсіпкерге 2 млн. теңгеден тапсырылады. Грант байқауына өтінімдер мамыр айында қабылданады. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында пысықталды. Және грант үлестіру мәселесі жан-жақты талқыланды.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның мәліметінше, облыста 95 300 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оның 15 560-ы – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер. Жастар кәсібі саудада – 5531, қызмет көрсету саласында – 3331, ауыл шаруашылығында – 1438, өнеркәсіпте – 921.
– Биыл облыс әкімінің гранты 2 млн. теңгеге ұлғайды. 100 грант беру жоспарланып отыр. Ал, қала мен аудан әкімдерінің грантына 140 млн. теңге бөлінді. Бұл шамамен 200 грант. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен облыстық бағдарламалар аясында биыл 800 жастың жобасын, оның ішінде 385-ін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша алты мақсатты грантты кәсіпкерлік басқармасы бөледі. Бір грант сомасы 5 млн. теңгені құрайды. Байқау осы жылдың ІІІ тоқсанында «Электрондық үкімет» веб-порталының Qoldau.KZ платформасы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады деп жоспарлануда, – дейді Татьяна Аблаева.
Енді гранттарды бөлу кезінде креативті салаларға, оның ішінде дизайн және сән, өнер, теледидар, кино және музыка, баспа және журналистика, сәулет, маркетинг және коммуникация, шығармашылық индустриядағы білім, компьютерлік графикаға ерекше мән берілмек. Биыл шағын қалаларда, сондай-ақ, ауылдық жерде жылдық 5 пайызбен (айналым қаражатын толықтыруға – 5 млн. теңгеге дейін, инвестициялық кредиттерге – 20 миллион теңгеге дейін) микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау басталады. Сонымен қатар, жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беру арқылы үлкен қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлердің 50 жобасын субсидиялау жоспарлануда. Жастар бизнесі жаңа жұмыс орындарын ашуда және жұмыссыздық деңгейін төмендетуде үлкен рөл атқарады. Мәселен, өткен жылдың өзінде 1500 жұмыс орны ашылды. Айта кету керек, грантты беру ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді грантты бұрын алған кәсіпкерлер қайта ала алмайды. Жауапты мемлекеттік қызметкерлер ұсынған мәліметтерден соң, кеңес мүшелері ашық ұсы ныс-пікірлерін ортаға салды. Кеңес мүшесі, «Ұлытау» ЖШС директоры Ақжол Құрмансейіт:
– NEET, маргинал және өзге де санаттағы жастар үшін жоғары оқу орындарының әлеуетін пайдалана отырып дайын бизнес-жобалардың пулын әзірлеу және «Телеграм» канал мен басқа да байланыс платформалары арқылы жастар үшін қолжетімділікті арттыру керек. Және еншісін бөліп алайын деп отырған Ұлытау облысы жастары үшін облыс әкімінің арнайы нысаналы гранттарын тағайындауға назар аудару керек. Бізге ұсынған ақпараттық материалдарда облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдау гранттарына құжат қабылдау маусым айында басталады деп көрсетілген. Демек, облыстарды ресми түрде бөлу туралы Президент Жарлығы шыққан уақыттан Ұлытау облысының құрамына өту ықтималдығы жоғары Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының жас кәсіпкерлері грант алу үшін құжаттарды тапсыру мүмкіндігінен айырылады деген сөз. Биылғы жылғы қаражат көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 өсе өскен. Биылғы жылға жоспарланған 200 млн. теңгенің үлестік бөлігін жоғарыда аталған аймақтарға нысаналы бөлуді қарастыруларыңызды өтінемін, – деді Ақжол Ахатұлы.
Бұл ұсыныстың орынды екенін айтты облыс әкімі. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов аталған аймақта облыс жастарының 17 пайызы шоғырланғанын айтып, үлестік бөлініске салса, 200 млн. теңгенің 40 млн. бағыттауға болатынын айтты. Облыс әкімі жаңадан құрылатын Ұлытау облысы жастарына 100 млн. теңгені бөлу қажеттілігі туралы тапсырма берді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек грант алу шарттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Ауылдық жерлердегі жастар грант алу мүмкіндігі, байқауларға қатысудың критерийлері мен индикаторлары туралы әрдайым біле бермейді. Грантты кім ала алады? Сонымен қатар, қандай жобалар қолдау табатынынан бейхабар. Мұны ауыл жастарына жеткізу керек. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты қайта қарау қажет. Гранттарды тек әлеуетті жобалар ғана алуы тиіс, – деп атап өтті Жеңіс Махмұдұлы.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суретті түсірген Р.ҚАЛИ