Көреген көсем, білімдар баба
Алаш арыстарының арасында алтындай жарқырап көпшіліктің көзіне түскені, аңызға айналғаны аз емес. Солардың ішінде бір ұлтты тұтастай ағарту жолында еселі еңбек еткен Ахаңның, Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ атамыздың жөні бөлек. Ұлт көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы атанған Ахаңның биыл мерейтойы, туғанына 150 жыл толған мерейлі мерекесі. Бұл – қазақтың ғажап тойы. Алаштың аңсаған азаттығының қуанышты көрінісі. Қайраткердің қайшылықты да күрделі өмір жолы қандай ауыр болса, керісінше, қалдырған ізгілікті ізі мен ерен еңбегі үлгі-өнеге мен тәлім-тәрбиеге толы.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тілі мен тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттық болмысына айналған ұлы тұлға деуімізге толық негіз бар. Бір тұлғаға қарап-ақ, бір ұлттың рухани деңгейін анықтауға болады дегенді де айтамыз. Мысалға, хакім Абай – бүкіл қазақ үшін жауап бере алады. Ал, Абайға жақын, жетеқабыл бұрынғы-соңғы қаншама тарихи тұлғаларымыздың бар екендігі де рас. Осынау тұлғалар галереясының ішінен ерекше бір есте қалары, жарқырап көзге бірден түсері – Ахмет Байтұрсынұлы дер едім. Ахаң – қайшылықты да қиын қоғамда ғұмыр кешті. Алғашқыда патшалық Ресейдің отарында, кейіннен Кеңес үкіметінің қызыл террорынан көп қудалау көргені, жазықсыз жапа шеккені, сол жолда құрбан болғаны да тарихтың тақтасында тұр. Бірнеше деректерде Ахмет Байтұрсынұлын 1873 жылы туған деп көрсетеді. Ал, Ахаңның өзі жазып қалдырған «Өмірбаянында»: «… мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы, Торғай уезі» делінген.
1909 жылы Семей түрмесінде жазылған бір өлеңінде:
… Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?! – деген екен.
«Анама хат» деп аталатын бұл өлеңде өзінің алғашқы мүшел жасында-ақ балалық пен шалалықты тастап, ел қамын ойлайтын есті азаматтар қатарына қосылғанын аңғартады. Білмекке құштар, білімге ынтызар бала Ахмет 1882-84 жылдары өз үйінде хат танып, ауыл мектебінен сауат ашқан. Әрі қарай оқығаны 1889- 1891 жылдар арасындағы Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебі. Одан кейін Орынбордағы 4 жылдай мұғалімдік мектеп. Осы аз ғана алған біліміне табиғи дарыны мен өмірлік тәжірибесі қосылды. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде мұғалім болып бастап, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметіне көтеріледі.
Қай ұлтта болсын, ұстаз – мейірімділік пен жанашырлықтың үлгісі болып, ұлылық ұғымын білдіреді. Ұстаздың алдынан талай ұрпақ түлеп ұшады. Әр шәкірт – сол елдің тұғырлы тұлғасы болмаса да, қарапайым қатардағы азаматына айналары сөзсіз. Бір мемлекетке бір өзі ұстаз болғандар өте сирек. Сол сирек тұлғалардың бірі, бәлкім, бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы атамыз еді. Жалпы, Ахаң жайлы біршама зерттеулер бар. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері бұл үрдіс бұқаралық ақпарат құралдарының бәрінде де насихатталып, жеке зерттеу кітаптар да шығып жатыр. Ахмет танушылардың мектебі де біршама игілікті істерді атқарып келеді. Бірақ, бір нәрсені айта кеткен жөн. Хакім Абай секілді, Байтұрсынұлының да байтақ әлемі бар. Оны аралап шығуға қыруар уақыт керек. Түсініп-түйсінуге де соншама. Бір ғажабы, Алаш зиялыларының, Алаш арыстарының бәрі керемет. Шетінен ғұлама, оқып-тоқыған білімдар жандар. Солардың бәрі де Ахаңды сыйлап, құрмет тұтқан. Ұлт ұстазы бір сөзінде: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін!» – депті. Ғажап ғибрат. Ол кісінің сол ертеңі – бүгінгі біз және келер ұрпақ. Алаштың атамекен жері, есесі кеткен елі, ана тілі мен барлық ұлттық құндылықтарды сақтап қалу жолында Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі аса ауқымды. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтерін қоспағанның өзінде, тек қана шығармашылық әлемінің өзі – бірнеше университеттің зерттеуіне жүк боларлықтай. Ұлттық тіл мен әдебиетті қатар зерттеп, екеуінің де алғаш әліппесін жасады. Тіл ғылымы мен әдебиеттануға тұңғыш түрен салды. Бұл туралы басқа зерттеулерін айтпағанда, «Тіл – құрал» мен «Әдебиет танытқышты» көрсетсек те жеткілікті. ХХ ғасырдың басындағы аласапыран уақытта тілдің көсегесін көгертіп, әдебиет әлемін биікке көтеру мүлде мүмкін емес еді. Қоғам құбылып, адамдар әрі-сәрі күй кешіп жүргенде шығармашылықпен, ғылыммен айналысу – қиынның қиыны ғой. Мемлекеттік қызметтер hәм қоғамдық жұмыстар. Бұған рухты көтеретін, қазақ руханиятын байытқан нақыл сөздерін қосыңыз.
Мәселен, «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай hәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал, күшті болуға бірлік керек». Қысқа да нұсқа. Ұрпаққа, тіпті ұлтқа – ұлағат! Дәл осы қанатты сөздері кешеден ұшып, бүгінге жетті. Ендеше, осынау биіктерге бастайтын, жеңістерге жеткізетін рухты лебізді еліміздің барлық елді мекендерінің орталық көшелеріне неге іліп қоймасқа?! Қарапайым ғана әрекет. Қаражатты да көп сұрамайды. Егер ірі әріптермен жазылып, көрнекті жерде ілініп тұрса, оны оқыған әр-әр жердің тұрғындары ойланар еді, оянар еді-ау…
Ағартушылық бағыттағы мына ой-пікірлерге құлақ түрейікші: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», «Білім – таусылмайтын қазына, сарқылмайтын байлық», «Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз», «Білімнің бас құралы – кітап», «Сөздің ең ұлысы – тарих», «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай болмақшы», «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты», «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз». Ретімен тіркесіп келген сөздердің өзі қалың ойдың құшағында тұрғанын бірден байқайсың. Ахаң халыққа, көпшілікке түсінікті, ұғынықты болсын деп өзінің айтар ойын, көзқарас-пікірлерін қара сөзбен де, өлең жолдарымен де әдемі жеткізген.
Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,
Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда.
***
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны…
***
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын
Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.
«Жиған-терген» дейтін ұзақ өлеңінде мынадай жолдар бар:
… Бұ неткен жұрт ұйқышыл?! Болсын кедей, болсын бай, Жатыр бейқам, жым-жырт, жай. … Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып. Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?! Көреген көшбасшының сонау бір алмағайып заманда айтқан сөзін кешегі кеңес уақытында да, бүгінгі тәуелсіздік тұсында да ұға алмай қойдық қой… Бір ғасырдан аса уақыт өтті, аманатқа қиянат жасап жүрміз бе, сонда?..
Жасыратыны жоқ, жалқаулығымыз, енжарлығымыз, ұйқышылдығымыз көп нәрсеге кедергі болып тұрғанын да мойындауымыз қажет!
Ұлт ұстазының тарихтағы таудай тұлғасын, өмірдегі азаматтық болмысын, азаттық жолына бар ғұмырын арнаған ұлтшыл, мемлекетшіл жан екендігін бәрі де айтқан, әлі де айтып-жазып жатыр. Солардың бір-екеуіне ғана тоқталайын. Классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», – дей келе, тағы бір тұсында: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш», – депті. Бұл – Мұхаңның 1923 жылы «Ақ жол» газетінде басылған мақаласынан үзінді. Ол кезде Ахаңның ұлты үшін ұлы істерді күні-түні атқарып жүрген шағы ғой.
1929 жылы Мәскеудегі «Коммунистік академия» баспасынан шыққан «Әдебиет энциклопедиясының» 1-томында: «Ахмет Байтұрсынов – аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі. Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деп жоғары бағаланып, сонымен қатар, өмірбаяны мен қоғамдық-әлеуметтік қызметтері де жазылған екен.
1980 жылдардың аяғында Ахмет Байтұрсынұлы ақталған кезде белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиевтің «Алып бәйтерек» атты мақаласында: «Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, жер мәселесіне арналған «Бұ заманның соғысы» (1914), «Жәрдем комитеті» (1915), «Закон жобасының баяндамасы» (1914, осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), «Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение» (1914), «Губернатор өзгертілуі» (1914), «Соғысушы патшалар» (1914), «Қазақ жерін алу турасындағы низам» (1913), «Қазаққа ашық хат» (1916) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарас эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік стилін көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді» дейтін мағлұматтар бар. Аталмыш мақаладан: «Ахмет Байтұрсынов зерттеуші Александр Затаевичке бірнеше ән жаздырған композитор, домбыра, скрипка тартқан, пианинода ойнаған, фотографиямен айналысқан, кезінде күреске де түскен палуан, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты өнерпаз, ұлт мәдениетінің бәйтерегі» деген дерегін де оқыдық. Мұның барлығы Ахаңның тұлғалық бейнесін толықтыратын детальдар десек те болады.
Иә, Алаштың Ахметі жайлы айта берсек, ұзай береміз. Қысқасы, Ахаңның ұлан-ғайыр мол мұралары – қазақ руханиятындағы Алаштың алтын көпірі. Біздің ұлттың болашаққа барар өнегелі өткелі де – Алаш зиялыларының айтып кеткен, жазып қалдырған аманаттары десем, артық айтқандық емес. Зиялы адам, зиялы қауым, зиялы қоғам дейтін терең ұғымдарды кешегі Абай, Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшhүр Жүсіп, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан аталарымыздан іздеп, осынау шуақ шашқан ерекше элитадан рухани қуат алып отырсақ, шіркін! Зиялы адам дегеніміз – жан-жағына нұр шашатын жан иесі екен. «Зия» дейтін сөздің түп-төркіні, мағынасы – Көктен, яғни, Ғарыштан берілетін сәуле, нұр, шуақ hәм жылу мен мейірім.
Түйіндеп айтқанда, осы қасиеттер бойында болған, ойында сақталған Ұлт ұстазының ұлы істерін, мол мұрасын бүгінгі және келер ұрпаққа барынша насихаттап, толық жеткізуге, дұрыстап түсіндіруге атсалысайық, құрметті қауым!
Күллі Алашқа Күн көзіндей нұр сепкен, бір емес-ау, бірнеше дәуірге дем беретін Ахмет атамызды ендігі буын КӨРЕГЕН КӨСЕМ, БІЛІМДАР БАБА деп айтқаны жөн!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, журналистика кафедрасының аға оқытушысы.