Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Жезқазғанда
Жезқазғанға жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр келді. Ол облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН бірге Ұлытау облысын құруға дайындық барысымен танысты.
Роман Склярдың назарына болашақ әкімшілік орталықты салу жобасы ұсынылды. Алдын ала егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар кешенін қамтиды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мемлекеттік және құқық қорғау органдарын орналастыру жоспарланған бірқатар әкімшілік ғимараттарды қарап шықты. Олар орналасқан үй-жайлар жөндеуді қажет етеді, ал, кейбір мемлекеттік органдар үшін әлі де ғимараттар табу қажет. Барлық мүмкін нұсқалар ұсынылды.
– Біз Жезқазғанды дамытудың әлеуеттік жобаларымен таныстық. Мемлекеттік органдарды орналастыруға арналған ғимараттарды қарап шықтық. Енді біздің алдымызда үлкен міндет тұр – қаланы облыс орталығы деңгейіне дейін дамыту, – деді Жеңіс Қасымбек.
Нысандарды аралағаннан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ұлытау облысын құру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президенттің Жарлығын қабылдау бойынша жұмыс алгоритмі бекітілді. Үш облыс құрылып, әкімшілік орталықтар айқындалатын болады. Өңірлерде ұйымдастыру-дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Штат саны, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажеттілігі есептеліп жатыр, – деді Роман Скляр.
– Бүгін мен Ұлытау облысын құру жөніндегі дайындық жұмыстарының барысымен таныстым. Жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарын, соттарды, орталық мемлекеттік органдардың филиалдарын әкімшілік, шаруашылық ғимараттармен қамтамасыз ету, қызметкерлер үшін тұрғын үй салу, коммуникациялар жүргізу алда тұр. Кеңес қорытындысы бойынша ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысты тапсырмалар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 16 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында орталығы Жезқазғанда орналасатын жаңа Ұлытау облысын құру бастамасы туралы айтқан болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.