Жаңалықтар

Теміртауда – жаңа газет

Екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар құрыш қала Теміртаудың енді өз газеті бар. Журналистер күні қарсаңында алғашқы саны жарық көрді. Газет атауы – «Temirtau tynysy». Газеттің бас редакторы – «Орталықтан» қанат қаққан әріптесіміз, белгілі журналист Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Суретті түсірген автор

Қазір қағаз басылымға сұраныс азайып тұрған шақта зор тәуекелге бару екінің бірінің қолынан келмейді. Нұрлыхан әріптесіміз белін бекем буыпты. Біз сенім білдіреміз. Өйткені, Нұрлыхан «Орталықта» жүрген кезде өндіре жазды, өткір мәселелер көтерді. «Ortalyq.kz» атты сайтымызды үлкен деңгейге көтерді. Қысқасы, мықты медиа-маман. Газеттің мән-маңызын жүрегімен түйсінген Нұрлыхан әріптесіміз де Теміртауда қазақ газеті жоқ екенін жиі айтып, дабыл қағып жүретін. Енді, қаладағы бос жатқан қазақ тілді ақпарат кеңістігін толтыруды өзі бас болып қолға алған екен. Бас редактордың айтуынша, бұл бастамаға ең үлкен қолдау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты этно-мәдени орталық басшысы Әлішер Жақыпбеков пен зауыттағы «AMANAT» партиясы филиалы тарапынан болыпты. Алғашқы күннен бастап редакция орналасатын кабинет бөліп, рухани қолдау көрсетіп, жанашырлық танытты. Бұ дан бөлек, комбинат ардагерлері де бастаманы ыстық ықыласпен қарсы алып, ақ баталарын беріпті.

Қала тарихында бұған дейін де бірнеше қазақ тілді газет болған екен. Ең алғашқы басылым – 1947-1955 жылдар аралығында жарық көрген «Теміртау жұмысшысы» газеті. Кейін қазақ редакциясы қысқарып, «Теміртауский рабочий» газетінің қосымшасына айналды. Әуелі «Құрыш», кейіннен «Замандас» деген атаумен жарық көріпті. Әйтсе де, олардың ғұмыры ұзаққа бармады. Егемендік алғаннан кейін журналист Аманжол Ақынның ұйытқы болуымен 2001 жылы «Теміртау» газеті жарыққа шыққан. Қаланың мәдени және қоғамдық өмірінен ақпарат таратып, қазақ тілінің дамуына, ұлттық зердені жаңғыртуға үлес қосқан басылымның таралымы 2 мың данаға дейін жетіп, аттай алты жыл оқырман қолынан түспеген екен. Кейін оның ізін «Құрыш қала» басылымы жалғастырды. Өкінішке қарай, бұл газет те түрлі келеңсіздіктерге тап болып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Содан бергі уақытта қаладағы қазақ саны артқанымен, газет ашуға ешкімнің ықтияры болмапты. Тіпті, жергілікті билік те тиімсіз деп санаса керек…

Несін жасырамыз, халықтың басым көпшілігі ақпаратты әлеуметтік желі мен сайт-порталдан оқуға үйреніп алды. Десек те, газетке жазылған дүние – тасқа басылғанмен тең. Ел мен жердің тарихы, өткен күннің куәгері саналады. Газеттің бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы интернеттегі контентке де күш саламыз деп отыр.

– Қаламызда қазақтар саны кейінгі жылдары едәуір артты. Тәуекелге баруымыздың да басты себебі – сол оқырманға деген сенім. Айта кетейік, біз, тек, қағаз басылыммен ғана шектеліп қалмаймыз. Қаланың жаңалықтарын temirtautynysy. kz сайтынан және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымыздан оқи аласыздар. Қалалық газет ашу жөнінде бастама көтеріп, біраз есікті қақтық. Шыны керек, қуана қолдап, құшағын жайған, көмек қолын созған адам аз болды. Дегенмен, қолдау танытып, ақ баталарын берген ағаларға шексіз алғыс білдіреміз, – дейді Нұрлыхан Қалқаманұлы.

«Temirtau tynysy» газетіне «Орталықтың» жасын, жолын берсін деген тілек айтамыз. Теміртау тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуанта берсін. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button