Қоқыс – табыс көзі
Бизнестің сан түрі бар. Мәселен, қоқыстан да пайда табуға болады. Жақында бұл туралы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері айтып берді. Олардың пікірінше, көл-көсір ақшаны пластикалық қалдықтар мен қажетсіз киімдерден жасалған өнімдер әкеледі.
Қарағандылық студенттер Нұр-Сұлтан қаласында өткен Enactus Kazakhstan National EXPO 2022 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар жөніндегі Ұлттық кубогында бірінші орын алып, миллион теңгеге грант ұтып алды.
– Бір жыл бұрын өңірлік стартаптар байқауында жастар пластикті қайта өндеу идеясымен ғана шыққан болатын. Қазір бұл жоба үш бағытта сәтті жүзеге асырылуда. Бірінші – дәрістер мен тәжірибелік сабақтардан тұратын экологиялық сауаттылық курстары. Оларға жасына қарамастан кез келген адам жазыла алады. Студенттер қоқысты сұрыптауды, қайта кәдеге жаратуды үйретеді. Және практикалық бағыт, бұл – тұрмыстық қалдықтарды, пластик пен тоқыма бұйымдарды қайта өндеу, – деді Қарағанды университетінің экономика және халықаралық бизнес кафедрасының меңгерушісі Жәнібек Жартай. Оның айтуынша, қазірдің өзінде университеттің логотипі бар жүзге жуық ыдыс сатылған. Имидждік өнімдер қайта өңделген пластикалық құтылардан жасалған. Студенттер, сонымен қатар, киім жинайды. Кейбір заттар мұқтаж адамдарға беріледі. Қажетсіз киімдерден экосөмке-шоперлер тігіледі. Қазірдің өзінде елуден астам экосөмке сатылған. Иә, қоқыстан да пайда табуға болады. Тек ниет болса болды.
Жан ТІЛЕУҚҰЛ, ҚарУ-дың ІІ курс студенті.