Шет ауданын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Шет ауданында тұрғындардың сапалы ауыз суға қол жеткізуі бойынша жұмыс жалғастырылады. Бұрма ауылындағы су құбыры желісін қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Ақсу, Қызылқой, Қызылтау, Ақбауыр, Еңбекшіл ауылдарын сумен жабдықтау және Ақсу-Аюлы орталықтандырылған кәріз құрылысы бойынша жобалар дайындалуда.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Шет ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауыл тұрғындарын қандай мәселелер толғандыратынын білді. Жедел әрекет ету үшін кездесуге мемлекеттік қызмет өкілдері қатысты.
«Ашық микрофон» түрінде өткен жиында тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Ауыл тұрғындары электр энергиясының жиі өшіп қалуына, орталықтандырылған сумен жабдықтаудың және қалыпты интернеттің болмауына, жолдардың нашарлығына шағымданды.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша аудандағы жолдарды абаттандыру және жөндеу жұмыстары жалғасады. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың айтуынша, биыл Ақжалдағы 19 ауылішілік жолға орташа жөндеу және асфальттау жүргізу жоспарлануда.
Биліктің басты міндеттерінің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Өткен жылы 9 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Биылғы құрылыс қарқыны одан кем болмайды деп жоспарлануда. Атап айтқанда, Ақадыр кентінде 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Ауданда кәсіпкерлік, білім және денсаулық сақтау салаларына көңіл бөлінуде. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері ауданда 13 жоба жүзеге асырылып, 119 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өткен жылы Киікті ауылында 150 орындық жаңа мектеп салынды. Әлімхан Ермеков атындағы мектеп жанындағы спортзалдың құрылысы басталды.
Орталық аурухана жанындағы инфекциялық бөлімше мен Ақадырдағы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі. Жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.
Өспен ауылындағы Мәдениет үйі жөнделеді.
Шет ауданның дамуы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Тұрғындар мал сою алаңын сұрады. 2021 жылы ондай алаң Ақсу-Аюлы ауылдық округінде салынған. Қазір Красная поляна ауылында 20 мың тонналық қойма құрылысы жүріп жатыр.
Кездесуде айтылған ауыл тұрғындарының негізгі мәселелері ТКШ саласы мен жолдардың жағдайына қатысты болды. Оларға жауап бере отырып, Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.