Ауданда ауқымды жоба көп
Биыл аталған ауданның құрылғанына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде өңір өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Биыл да ауқымды жобалар қолға алынбақшы. Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бауыржан АСАНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баян етті.
Биыл «MTL-Ferroalloys» ЖШС шағын және тазартылған ферроқорытпа шығаратын зауыт салу және Абай тігін фабрикасының өнеркәсіптік кешенін қалпына келтіру бойынша инвестициялық жобаларды іске асырмақшы. Тау-кен өндіру өнеркәсібін одан әрі дамыту бағытында «БАС» сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС Шерубай-Нұра көмірлі аумағындағы учаскені әзірлеу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру есебінен жоспарланып отыр.
Аудан әлеуетін арттыруға кәсіпкерлер де үлес қосуда. Алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілер саны артпақ. 30 жаңа бизнес нысан салынып, 139 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Биыл ауданда тұрғын үй құрылысын одан әрі жетілдіруді жоспарлап отырмыз.
Абай қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тағы бір бес қабатты үйдің және жеке инвестициялар есебінен екі бес қабатты үйдің құрылысы жалғасады. Дубовка ауылында 9 пәтер қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қорғауға және жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Алдағы уақытта 1535 жұмыссызды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, 50 грант беру, жалпы, 1847 адамды жұмысқа тартуды көздеп отырмыз. Білім беру саласы адами капиталды дамытудың маңызды факторы ретінде ерекше орын алады. Қаладағы мектептерді күрделі жөндеуден өткіздік. Енді ауылдық жерлердегі мектептер жөнделуде. Білім беру объектілерінде 3 ауыл мен 2 кентте күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау және блокты – модульді қазандықтарды орнату жоспарланып отыр. Ауданда робототехника, 3D модельдеу кабинеттерін, мектеп теледидарын ашу кеңінен қолданылады. 3 балалар өнер мектебі жұмыс істейді. Осы жылы олардың ауылдық жерлерде филиалдарын ашамыз, – деді аудан әкімі өзінің баяндамасында.
Спорттық инфрақұрылымды жақсарту бойынша да жұмыстар жалғасады. Қалалық стадионда спорттық скейт-алаң салынады. Абай қаласы мен Дубовка ауылында хоккей корттары, Жартас ауылында Street Workout алаңы орнатылады. Бұдан басқа, типтік спорт ғимараттары жоқ Топар кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Мәдениет ошақтарын жөндеу де алдыңғы қатарда тұрған міндеттердің бірі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Құрма ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратын қайта жаңғырту аяқталып, онда ауылдық Мәдениет үйі ашылады. Жаңа ғимаратта мәдениет үйі, кітапхана, коворкинг орталығы, спорт зал, қызығушылықтары бойынша клубтар ашу жоспарлануда екен. Басқа ауылдарда да мәдениет үйін жөндеу жоспарланған. Ондағы музыкалық аппаратураны жаңартуға, музыкалық аспаптар мен спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлініпті.
Абай ауданы әкімінің айтуынша, ауданның 25 жылдығына орай игі шаралар жоспарланған.
– Біздің Абай ауданы 1997 жылы 15 мамырда құрылды. Биыл бізге 25 жыл толады.
Бұл іс-шараға «100 жаңа есім» арнайы жинағының шығуы орайластырылып, «Үздік жастар: жаңа тұлғалар» жобасы іске қосылады. Ауданымыздың жас тұрғындары үшін еріктілер форумы өткізіледі. Волонтерлікті дамытуға, жастарды жұмысқа орналастыруға, NEET санатын әлеуметтендіруге, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған жобаларды іске асыру жалғастырылады, – дейді әкім.
Футбол алаңдары мен балалар ойын алаңдарын орнату жоспарлануда. Аула аумақтарын асфальттауды жалғастырады. Топар кентінде Энергетиктер паркін абаттандыруға қаражат бөлінді. Қала шетінде және ауылдарда көше жарығы орнатылады. Аулаларды одан әрі абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеумен айналысып жатқанын айтады аудан басшысы.
– Өткен жылы аула аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргізу үшін біз Қарағанды сәулет-құрылыс колледжінің студенттерін тарттық. Дипломдық жұмыс аясында олар біз үшін тегін үлкен кварталды абаттандыру жобасын жасады. Жоба өткен сенбіде тұрғындарға таныстырылды және оң пікірлер алды. Қазір жоба тұрғындардың тілектерін ескере отырып пысықталуда және біз оны жұмысқа қабылдайтын боламыз. Жалпы, соңғы жылдары біздің барлық шешімдеріміз халықпен келісіледі деп айтқым келеді. Біздің барлық жоспарларымыз олардың қажеттіліктеріне бағытталған. Біз үнемі тікелей эфирлерде кездесеміз, жеке қабылдауларда сөйлесеміз. Әлеуметтік желілерде және жергілікті жеделхат тобында пікір алмасамыз. Бірлесе жұмыс атқарғанның нәтижесінде қолға алған әр жобамыз өз жемісін беріп келеді, – деді қорытынды сөзінде Бауыржан Асанов.
Қасымхан ҒАЛЫМ.