Облыс әкімі 30-дан астам еңбек адамын «Шахтер даңқы» және «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапаттады
Кеншілер күніне орай аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ академиялық драма театрында ArcelorMittal ТМД-ның бас директоры Виджай ГОЙАЛМЕН және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жетекшілері һәм өңірдің кеншілерімен бас қосу өткізді. Аталған шарада өңіріміздің 30-дан астам кеншісі «Шахтер даңқы» және «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Халық арасында «Шахтерлер күні» деген атпен мәлім мереке алғаш рет 1948 жылдың 29 тамызында аталып өткен болатын. Мереке тәуелсіз Қазақстанда Кәсіби мерекелер күнтізбесіне 2003 жылғы қарашада енгізілді.
Мерекелік шара шымылдығын Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігіне қарасты симфониялық оркестрдің балалар вокалы А.Севостьяновтың «Карагандинский уголек» шығармасымен ашты. Бұдан әрі кеш көркін халықаралық байқаулар лауреаты Рысты Рахымжан Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнімен кіргізе түсті. Ал, кештің басты кейіпкерлері, яғни, марапат иелерін сахнаға шақырмас бұрын 27 жыл қолынан домбыра түспеген, ұлты орыс болса да тілі мен дәстүрі қазақ Олег Никитин Құрманғазының «Адай» күйін орындады. Бұл шара қонақтарын одан сайын шабыттандырып, рухқа бөледі.
– Бұл күн Қарағанды жұртшылығының ең атаулы мерекесі. «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» корпорациясы және тағы да осы секілді ірі өндіріс орындары өңірімізге жаңаша тыныс беріп, индустриямызға үлесін қосуда. Бүгінгі таңда облыста 12 көмір разъезі жұмыс жасайды. Ал, тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің саны шамамен 90 мыңнан асады. Кеншілер еңбегі орасан зор. Олар еңбектерімен тек біздің облыс қана емес барлық еліміздің әлеуетін арттырып келеді десек қателеспейміз, – деді аймақ басшысы Жеңіс Махмудұлы.
Сонымен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Биджу Наир мен атқарушы директоры Джелсон Батиста және Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов сахнаға шығып мерекенің басты кейіпкерлерін құттықтап ақжарма тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ардагер кеншілер Григорий Михайловичті, Николай Байзбаевты, Марал Әбсатты және қаншама жылдық тәжірибесі бар кенші Олег Прокуринді, Қазиза Молдаханқызы сонымен қатар, кеншілердің жаңа жас буынының өкілі Даниел Диляны марапаттады. Осылайша 3325 кенші құрметке ие болды. Ал, 500-ден астам ардагер кеншілерге ақшалай сыйақы табысталды.
– Кеншілер мен білетін ең батыр жандар. Олар шахта шыңырауында жүріп түрлі апатқа да ұшырайды. Соған қарамастан тәуекелшіл. Осында отырған әрбір кенші әулеті өз отағасымен, асыраушысымен мақтануы тиіс. Қарағанды халқы мақтансын кеншілерімен, Қазақстан мақтансын және «АрселорМиттал» мақтанады, – деді Виджай Гойал.
Марапаттаудан соң, «Аққу» хореографиялық би ансамблінің өнері тамашаланды. Кеш қонақтары мен марапат иелері естелікке суретке түсіп, бағдарлама көркін қыздыра түсті.
Атаулы күнге орай, Абай, Шахтинск, Саранда да іс-шаралар өтеді. Онда «Шахтер даңқы» және «Кенші даңқы» төсбелгісімен барлығы 85 жұмысшы марапатталмақ.
Жыл сайын Кеншілер мерекесі қарағандылықтардың асыға күтетін күні. Биыл да бұл күнге дайындық жоғары деңгейде. Осыған орай, 27 тамызда Қарағанды орталық саябағының жағалауында көмір басқармасына қарасты барлық шахталардың командалары кәсіби шеберліктерін сарапқа салады. Саябақтың жаңа орталық сахнасында аниматорлары бар балалар ойын алаңы жұмыс жасамақ. Ал, сенбінің кешінде саябақ жағалауында қазақ эстрада жұлдыздары мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздарының концерті өтеді.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген: Р.ҚАЛИЕВ.