Күзден бастап шәкіртақы көлемі көбейеді
Шәкіртақыны көбейту – 2016 жылдан бері қалыс қалған мәселе-тін. Президент тапсырмасына сәйкес 2020 жылы бакалавр, магистратура және докторантурада білім алатын студенттердің шәкіртақысы біршама артты. «Бұл бастама жастар үшін маңызды қолдау болатынына сенімдімін» деген еді Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. Енді биыл қыркүйектен бастап студенттер стипендиясы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарда 15%-ға артпақ.
Студенттердің шәкіртақысын көбейту – өзекті мәселелердің бірі. «2025 жылға қарай жоғары білім алуға бөлінетін грант саны 50 пайызға артады. Бұл 75 мың жас азаматымыз жоғары білімді тегін алады деген сөз. Студенттерге материалдық қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Студенттердің стипендиясы екі есеге, магистрант пен докторант стипендиясы 1,5 есеге көбейеді», – деді Мемлекет басшысы.
2016, 2020 жылдары студенттер шәкіртақысы біршама көбейді. Назар салсақ, 2016 жылы жоғары оқу орындарында грантта оқитын студент шәкіртақысы 20 949 тг, магистранттарда 53 530 тг, резидентура 61 561 тг, докторанттарда 81 998 тг болды. Ал, 2020 жылы 25%-ға артып, бакалавр – 26 186 тг, магистратура – 66 913 тг, резидентура – 76 951 тг, докторантура – 102 мыңнан 150 мыңға дейін өсті. 2021 жылы студенттер 31 мың, педагог мамандығында оқитындар 50 мың, ал магистранттар 76 мың алды, докторанттардікі 150 мыңнан 172 мыңға дейін ұлғайды.
Ал, биыл 2022 жылы жоғары оқу орындарында оқитын студент шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарда 15%-ға артады.
– Мемлекет жастарды жоғары білім алуға осылайша ынталандыруда. «Енді осы жылдың қыркүйек айынан бастап педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өседі, – деген еді бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Стипендияның өсуі жастардың оқуға деген ынта-ықыласын оятып қана қоймай, зор қуаныш сыйлайды. Шәкіртақыны олар «еңбегімнің жемісі» деп те біледі.
– Мен 2018 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне педагог мамандығына грантқа оқуға түстім. 2-курста стипендиямыз 26 мыңға көбейді. Қазір педагог мамандығында оқитын студенттер 50 мың тг, ал басқа мамандықта оқитындар 31 мың алады. Студенттердің шәкіртақысы жыл сайын көбеюде. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді филология факультетінің биылғы түлегі Айдана Ғинаят.
– Студенттерге қашанда қолдау қажет. Стипендиясының артуы – мемлекет тарапынан жастарға берілген көмек десе де болады. Біріншіден, шәкіртақы ауыл-аймақтан оқуға келген жастардың жатақханада тұруына үлкен көмек. Екінші жағынан, кітап бағасы өсті. Бұл да оқу процесіне әсер етеді. Үшіншіден, стипендия жастардың оқуға деген құлшынысын оятып, ынталандырады. Жалпы, мемлекеттің жастарға қамқорлық көрсетуіне, оқуына жағдай жасауына, шәкіртақының өсуіне еліміздегі барша университет қызметкерлері оң көзқараспен қарайды, – дейді ҚарУ ректор аппаратының басшысы Серік Қалқаманов.
Стипендияның жаңа мөлшері 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жоғары білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 36 660 теңге (қазіргі уақытта – 31 423 теңге), педагогикалық бағыттар бойынша оқитын студенттерге – 58 800 теңге (қазір 50 400 теңге), «Денсаулық сақтау» дайындық бағыты бойынша оқитын студенттерге – 58 800 теңге (қазір 50 400 теңге), сонымен қоса, интерндерге – 61 660 теңге (қазір 59 289 теңге) төленеді. Магистранттарға – 86 987 теңге (76 950 теңге), Назарбаев университетінде оқитын магистранттарға – 162 500 теңге (143 750 теңге), докторанттарға – 195 000 теңге (172 500 теңге), «Денсаулық сақтау» дайындық бағыты бойынша докторанттарға – 195 000 теңге – 172 500 теңге), «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттарға – 100 036 теңге (88 494 теңге), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 21 787 теңге беріледі.
Қазіргі қымбатшылық заманда мемлекеттің қолдауы сан салаға керек. Студенттер стипендиясының артуы 2025 жылға дейін жалғасын таппақ.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.