МОБИЛОГРАФИЯ мол мүмкіндік береді
Қазір қалтателефонмен қомақты қаражат табуға болады. Мұндайдың тілін, әсіресе, жастар жағы жақсы меңгерген. Көбіне, мобилография арқылы. Бұл – трендтегі мамандық. Мобилограф видео түсіріп, оны бірден монтаждау арқылы бизнес орындарына жарнама жасайды. Айлық табысы әрине тапсырыстың түсуіне байланысты. Бұл салада қарағандылық жас мобилографтардың да жұлдызы жарқырап жүргенін мақтанышпен айтуға ықтиярмыз…
Қарағандылық мобилографтардың көбі Қыран Талапбектің курсын оқыған. Солардың қатарында Құрманғазы Жандос та бар. Бірақ, жас мобилографтың қазір тұрақты жұмысы бар. Қолы қалт еткенде тапсырыс қабылдап, табысын арттыратынын алға тартады өзі.

– Былтыр жылдың басында Қазақстандағы мобилография мектебінің негізін қалаушы Қыран Талапбектің «Мобилография 5» курсын сатып алып, оқыдым. Үш айдай біліктілігімді арттырдым. Бұған дейін де қызығушылығым бар еді. Қазір сол курсты оқып, оң нәтижелерге қол жеткізіп жүрмін. Тұрақты жұмыс болғандықтан, уақыт табу оңайға соқпайды. Бірақ, орташа есеппен айына 500 000 теңгедей табамын. «Vn», «Videoleap» секілді бағдарламалар арқылы түсірген видеомды монтаждаймын. Ол программалар ақылы. Жылына 20 000 теңгеге сатып аламын. Ал, видеоларымның бағасы 20-25 мың теңгеден басталады, – дейді қарағандылық мобилограф. Құрманғазы Жандос егер осы саланы мықтап қолға алса, айына 1 миллионнан артық табыс табуға болатынын жеткізді.
Иә, қазір шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Тұтынушылардың көбі әлеуметтік желі арқылы қалаған затына тапсырыс береді. Байқап қарасаңыз, сауданы да смартфонмен жасауға көшіп келеміз. Енді, осы тұста бизнес субьектілеріне ауадай қажет дүние жарнама болып тұр. Жай ғана видео емес, көрер көзге тартымды болса, тұтынушы тарта алады деген қағида бар. Осыны ескеріп, мобилография маманынан аталған салаға қадам басқандарға не керектігін де сұраған едік…
«Бірінші мобилограф болу үшін адамда талғам болу керек. Киімге, музыкаға, кадрға деген талғам. Екінші байқампаздық болу керек. Мобилограф қымбат көрінетін кадр мен арзан кадрды ажырата алуы тиіс. Музыканы да дәл солай таңдауы керек. Оны дамыту үшін фильмдер жиі көру керек. Оны тек көріп қана қоймай, зерттеу керек. Үшіншісі ерінбеу керек. Кейде монтаж 3 сағатқа дейін уақыт алады. Көбіне жастар бастайды да, «бұл менің салам емес» деп қолды бір сілтей салады. Ерінбеген адам ғана нәтижеге жетеді. Қиын, ісі баяу өрбіп жатқан жұмыстар әдетте үлкен жетістікке бастау болады», – дейді талапты видеогроф.
«Мобилограф 1 ғана курсты оқумен шектелмеу керек», – дейді Жансая Шәкәрім.
2020 жылы Қыран Талапбектен курс сатып алдым. Келесі күні бірден тапсырыс түсіп, курсқа кеткен 6000 теңгемді бірден шығарып алдым. Ақшаға бірінші тапсырысым түскелі бері өзімді мобилограф санадым. Бір ғана курспен шектеліп қалуға болмайды. Әрдайым білімге құштар, даму үстінде болу керек. «Поток» – Арман Юсупов, «Adilet art schooL» – Adilet art, «Mrza», «Teleport» – Асхат Шынали есімді біліктілердің курсын оқыдым. Бірақ, курстағы теорияға қарағанда, практика тез үйретеді. Айына табысым тұрақты түрде 270000 теңгеге шығады. 500 000 теңгеден асырған кездерім болды. Қазіргі таңда, «Basqa mediа» атауымен өзімнің digital онлайн орталығымды ашып, командамды құрдым. Алдағы уақытта табыс та, жұмысқа кететін шығын да көп болмақ, – дейді 18 жастағы Жансая Ризабекқызы.
Қалай таңдай қақпайсыз? Жастардың жаңаша қадамынан жарқын болашақ көреміз. Қысқасы, мобилография мол мүмкіндіктерге жол ашады…
Қасымхан ҒАЛЫМ.