Азалы тарихқа айрықша тағзым
Жуырда Карлагтың бөлімшесі болған БалқашЛагқа арнайы мемориалды ескерткіш тақта орнату үшін қаламызға Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада және Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис келді.
Олар алдымен Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбековпен кездесіп, келелі кеңес өткізді. Тарихи орынның аумағына мемориал орнату, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, қуғын-сүргін көрген адамдардың есімін толықтыру сияқты негізгі мәселелерді көтерді. Қала сыртындағы лагерьді болашақ ұрпаққа тарихи мекен ретінде насихаттау керектігін сөз етті.
– Қазір қаралы жылдардың қасіретін орта жастағылар мен жастардың арасында ертегі, аңыз деп қабылдайтындар да бар. Қазақ топырағында қасақана жасалған қанқасап – ашаршылық пен репрессия талай отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Қырып-жоюды ұйымдастырғандардың басында Сталин және оның Қазақстанға жіберген «Кіші қазан» төңкерісін жасап, халықты мақсатты түрде қырғынға ұшыратқан Голощёкин тұрды. «Халық жауы», «кері төңкерісші», «байдың тұқымы», «жапон тыңшысы» сынды түрлі жала жабылған Алашорда мүшелері, байлар мен билер, жалпы зиялы қауым өкілдері толығымен қудаланды, ату жазасына кесіліп жойылды. Ал, ақиқаты айтылуы тиіс ашаршылықтың аза тақтасын әлі біз толық жазған жоқпыз, – деді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.
Бұдан кейін, қала қонақтары Қоңырат шағын ауданында, №15 Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде болды. Білім ұясындағы арнайы кабинеттерді аралап көріп, музей жәдігерлерін тамашалады. Отаршыл үкіметтің жүргізген солақай саясатына, қатыгездік, теңсіздік, зұлымдыққа негізделген құпия әрекеттерді әшекерлеп, отаршыл үкіметке батыл түрде сын да айта білген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға ерекше ілтипаттарын білдірді. Қызыл идеологияның тауқіметін тартқан қазақ зиялыларына құрметтері зор екендігін тілге тиек етті. №15 Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Дүбірбекова Ұлы тұлға атындағы білім ошағында, қазақтың басынан өткен зұлмат жайлы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тағылымды бастамалар қолға алынғандығын баяндады.
Айта кетейік, нәубет жылдарынан қанды, шерлі естеліктерден сыр шететін ескі алаң, яғни, Қарамұрын аумағында 50 мыңға жуық жерлестеріміз жерленген. Осы қайғылы , қасіретті жылды мәңгілік есте сақтау мақсатында 2014 жылы аштық құрбандары жерленген жерге балқаштықтардың қаражатына Белгі қойылды. Ал, Карлагтың бөлімшесі БалқашЛагта 1940 жылдары – 650 адам болса, кейін тұтқындар саны 3-4 мыңға жоғарылады. Қазақстанда жапонның 1394 әскери тұтқыны жерленген. Соның елу бірінің жаны БалхашЛагтта жай тапқан. Бұдан бөлек әзірге есімі белгілі 271 кәріс ұлтының өкілдері, 250 литвалық және басқада өзге ұлттар қаралы жылдардың қасіретін Балқаш жерінде басынан кешірді.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.