Бас тақырыпКөкейкесті

Әлем әдебиетімен әлдилейікші…

Мектепке «Әлем әдебиетін» енгізу – жылдар бойы айтылып жүрген мәселе. Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «Балалар әлем әдебиетін де білуі керек» деген сөзі көпшілікке майдай жақты. Оқушыларға «Әлем әдебиетін» оқытудың артықшылықтары қандай?

ТОЛСТОЙДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ТАНЫТУ КЕРЕК

Балаларға «Әлем әдебиетін» оқыту керек деген бастаманы Жанат Жаңқашұлы 2019 жылы Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жас ақын-жазушылар форумында көтерген еді. Қаламгердің айтуынша, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де бұл туралы жазылды. Оған қазақ әдебиетінің классиктері Төлен Әбдік, Темірхан Медетбек оң пікір білдірген. Астанада өткен Азия ақын-жазушыларының форумында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжинге жеткізсе, Жанат Жаңқашұлы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жазған. Биыл, міне, нәтижесі бар секілді.

– Біздің елдің мектеп оқулығынан «Русская литература» деген пәнді жойып, орнына «Әлем әдебиеті» пәні кіргізілуі керек. Қазақ балалары не себепті Пушкинді, Толстойды, Достаевскийді орысша оқуы керек? Ауылдың балалары «Русская литератураны» онсыз да оқымайды. Сол себепті, мектепке «Әлем әдебиетін», оның ішіне орыс әдебиетін енгізіп, балаларға орыс ақын-жазушыларын қазақ тілінде таныту керек, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлы.

Бұл – бір жылда шешіле салатын нәрсе емес. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келетін шетел шығармаларын таңдап, талдап, аударма жасау үшін қаншама жылдар керек.

«Әлем әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасын, оқулығын әзірлеу, пәнді оқытатын маман даярлау – ұзақ процесс. Жанат Жаңқашұлы: «Бұл істі қазір бастамаса, жиырма жылға кешігер түріміз бар», – дейді.

ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ «ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІН» ОРЫСША ОҚЫП ЖҮР…

Ал, мектеп мұғалімдері оқушыларға «Әлем әдебиетін» оқытуға қарсы емес. Керісінше, бұл әлемді танып-білуге мүмкіндік береді дейді ұстаздар.

Көпжылдық тәжірибесі бар С.Саттаров атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анар Мусинаның айтуынша, бүгінгі күні әлем әдебиетін оқитын балалар көп. Бір өкініштісі – олар орысша оқиды екен…

– Мектептерде «Әлем әдебиеті» жеке оқытылса, оған ешқандай да қарсылық жоқ. Балалар әлем әдебиетін қазақ тілінде таныса құба-құп. Қазірдің өзінде оқушылар мектепте 5-сыныптан бастап әлем әдебиетімен танысады. Оқулыққа қазақ жазушыларымен бірге, Джек Лондон, Даниел Дефо секілді шетел қаламгерлерінің шығармалары енгізілген. Сабақтан тыс уақытта оқушылар, жасыратыны жоқ, орысша кітаптарды оқиды. Олар шетелдің шығармаларын орыс тіліндегі нұсқасынан танып-біледі, – дейді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, өз оқушылары Гарри Потерді, Гулливердің саяхатын, Ромео мен Джульетта, Робинзон Крузо, Илон Маск, Граф Монте-Кристо, Полианна, Мара мен Морок секілді шығармаларды орысша оқыпты.

Біз мына түрімізбен «Орыс әдебиетін» алып тастап, «Әлем әдебиетіне» енгізе аламыз ба? Бұл да бір түйіні әзір шешіле қоймайтын мәселе. Оқушылардың өзі орысша оқуға дағдыланып алыпты. Балаларды қалайша кінәламақпыз? Бәлкім, олар әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған шығармаларын білмейтін де шығар… Мұндай аударма туындылар бізде бар ма өзі?

ОҚУЛЫҚ ЖАСАУ – ОРТАҚ ІС

Оқу бағдарламасы жасалып, «Әлем әдебиеті» пәні мектептерде қашан оқытылатыны әлі белгісіз. Бұл – ұзаққа созылатын процесс. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов мектепте «Әлем әдебиеті» жеке пән ретінде енгізілсе, «Қазақ әдебиетіне» ешқандай нұқсаны келмеуі керек дейді:

– «Әлем әдебиеті» пәні енгізілетін болса, оның «Қазақ әдебиеті» пәніне ешқандай зияны тимеуі керек. Аптасына 2 рет оқытылатын әдебиеттің сағаты қысқаратын болса, онда «Әлем әдебиетін» енгізбеген әлдеқайда жақсы. Тақырыптық-идеялық, көркемдік деңгейі жағынан сәйкес келетін «Әлем әдебиеті» ұлт әдебиетімен қосарлап оқыту қолға алынса деймін. Бір ескеретін жайт бар, ұлт әдебиетінің уызына жарымаған балаға әлем әдебиетін оқытса, ол еуропоцентристік көзқараста ойланады. Сондықтан, шетел шығармаларын оқулыққа енгізерде елеп-екшеп, сараптамалық талдаудан өткізу қажет. Жаңа пән енгізілсе, балалар әрбір сыныпта батыс, шығыс, еуропа, түркі халықтарының әдебиетімен танысуға мүмкіндік туады, – дейді ғалым.

Сондай-ақ, ғалым Жандос Қожахметұлы оқулық дайындағанда сала мамандары қамтылуы тиіс екенін айтады. Қазіргі жаңартылған бағдарламаға сәйкес жасалған оқулықтар сапасы сын көтермейді. Оқушының танымына, жас ерекшеліктеріне сай келмейтін шығармалар бар. Жаңа пәннің оқулығын әзірлеуде мұндай қателіктерге жол берілмеуі қажет екенін айтады ғалым. «Оқулық жасау – ортақ іс. Сала мамандары біріге отырып, әлем әдебиеті пәнін оқытудың жобасын жасау қажет. Содан соң бүкіл педагогтің талқысына ұсынылуы керек. Баланың болашағына бейжай қарауға болмайды», – дейді профессор.

Әрине, ұлт болашағының іргетасы дұрыс қалансын десек, ешнәрсеге бейжай қарауға болмайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button