Акция

«Мен және менің полицейім»

Полиция қызметкері өзінің кәсіби қызметінде немқұрайдылыққа, ұқыпсыздыққа бой алдырмай, құқыққа қайшы әрекеттерді саралай алуы тиіс. Қызметі көптің алдында өтетіндіктен, адамгершілік тұрғыдан қателіктерге жол беруге еш құқығы жоқ. Кез келген жағдайда оның мінез-құлқы жалпы адамдықтың жоғары стандарттарына сай мінсіз болуы шарт. Өйткені, ол күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнде әрдайым адамдармен қарым-қатынас жасайды, көпшiлiктiң алдында, қалың ортасында жүредi, өйткені ол жұртшылыққа бірден-бір құқықтық қызмет көрсетуші. Осы бағытта полицейлердің тындырымды істері көп.

Сурет автордікі

Сондай игілікті іс-шара 2022 жылғы 15 сәуірде болып өтті. Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторлары Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданы №12 жалпы білім беру мектебінің 8-сынып оқушыларына викторина сабағын жүргізді. Бұл шара – биылғы Балалар жылы аясында «Мен және менің полицейім» акциясы негізінде ұйымдастырылды. Сабақта ойындық тапсырмалар беру, оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру арқылы теміржол бойындағы қауіпсіздік шараларына үйрету мақсаты көзделді.

Оқушыларға алдымен бейнеролик көрсетілді. Оның басты идеясы анықталып, балалардың пойызға тас лақтырғанын, оның неге апарып соқтыратыны талданды. «Сендер осындай іске барар ма едіңдер?» деген сұраққа толыққанды жауап алынды. Сондай-ақ, теміржол бойындағы ана мен бала, вагонның үстіндегі бала секілді әртүрлі ситуациялық жағдайлар ашып айтылды. Сол арқылы теміржол бойындағы құқық бұзушылықтарға оқушылар назары аударылды. Білім алушылар да, мектеп әкімшілігі де полиция қызметкерлерінің бұл ісіне ризашылық танытқанын атап өткен жөн. Шара соңында оқушыларға түрлі сыйлықтар мен мадақтау грамоталары тапсырылды.

Ж.СӘДУАҚАСОВА,

полиция майоры, Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы.

Басқа материалдар

Back to top button