Ерлік даңқы өшпейді

9 мамыр күні қарағандылықтар Мәңгілік алауға жиналды. Тұрғындар Ұлы Отан соғысына қатысқан әке, аталарының портреттері мен гүл шоқтарын әкелді. Арда ардагерлердің ерлігін еске алған әскери қызметшілер, билік өкілдері мемориалға гүл шоқтарын қойды. Рухтарына тағзым етті. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысқан Мәңгілік алау алаңындағы шарадан ауған жауынгерлері де қалыс қалған жоқ.

– Бұл – біздің аталарымыз бен әкелеріміздің Ұлы Жеңісі. Олар бізге бостандық сыйлаған жандар. Жер бетінде соғыс болмасын! Балалар бейбіт әлемде өмір сүруі керек! – деді «Ардагер» ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Талғат Хасенов. Әр отбасында соғысқа қатысты естеліктер аз емес. Сұрапыл соғыс кезінде басынан өткерген қайғы-қасірет те жылдар өтсе де, ұмытыла қойған жоқ.

– Менің бір атам Берлинге дейін жеткен, екіншісі Сталинград түбінде қаза тапты. Бұл бүкіл елдің ерлігі еді. Мен үшін Жеңіс күні бізге өмір, бейбітшілік пен еркіндік сыйлағандарды еске алу күні, – дейді Евгений Ермашев.

– Біз бүкіл отбасымызбен келдік. Немерелеріміз де, шөберелеріміз де қасымызда. Ұрпағы аталарының портреттерін алып келді. Олардың бірі соғыстан оралмай, майдан даласында қайтты. Екіншісі елге қайтып, әкемізді тәрбиеледі. Отбасымызбен Жеңіс күнінің қадірін білеміз. Қазақстандықтарға: «Батырлардың ерлігін ұмытпаңыздар!» дегім келеді, — дейді Нұрбек Рахымжанов.

Барша қаза тапқандар мен атамды еске алуға келдім. Атам Литвада ұрыс кезінде қаза тапты. Командирін құтқарыпты. Бұл туралы маған туғандарымыз айтатын, кейін «Халық естелігі» («Память народа») сайтынан ақпарат таптым. Баршаңызды осы ұлы күнмен құттықтап, бейбітшілік, мықты денсаулық, амандық және сәттілік тілеймін! – дейді Наталья Комарова.

Қарағанды облысында 24 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі тұрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.