Қызылжарға ауыз су жетеді

Ростов ауылдық округінің Қызылжар бөлімшесінің тұрғындары жаңа су құбырына қосылуға дайындалуда. Бұл елді мекенде осыған дейін орталықтандырылған су болған емес. Халық суды бұлақтан ішкен.

Қызылжарда барлығы 800-ден астам адам тұрады. Бөлімшеде орта мектеп, шағын орталық, амбулаториялық пункт бар. Бірақ, су құбыры тартылмаған. Ауыл ақсақалдары өмір бойы жеті шақырым жердегі бұлақтың суын ішкенін айтады. Бар үйде құдық болса да, ондағы су ішуге жарамсыз. Ол тек тұрмыстық қажеттіліктерді өтеген.

– Жазда әйтеуір су тасымалдау жеңілірек. Қыста қиын. Боран, аязда бұлаққа жете алмай қаламыз. Мұндай күндері әкімдік бізге жолды тазалайтын техника жалдайды, – дейді жергілікті тұрғын Бейбіт Әбілғажы. – Үш жыл бұрын бұл мәселені шешу үшін облыс әкіміне жүгіндік. Су тартуды сұрадық. Ол тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмады. Өткен жылы жұмыстардың бір бөлігі жасалды. Су құбыры желілерін жүргізді. Биыл үйлерді қосуға кірісті. Міне, енді жақында ел қатарлы жағдайымыз түзелмек.

Ростов ауылдық округі әкімінің айтуынша, су құбырын толық іске қосу қыркүйек айына жоспарланған. Қазір ауыл тұрғындары үй ішілік желілер жүргізіп, жапқыш ысырмалар орнатып, басқа да жұмыстар атқаруда.

– Желілер барлық үйлерге жеткізілді. Клапандарды, крандарды өз бетінше орната алмағандар жергілікті сантехниктің көмегіне жүгінуге дайын. Біз қаладан өздеріне қажеттісін сатып ала алмайтын тұрғындарға көмек беруге дайынбыз, – дейді Ростов ауылдық округінің әкімі Төлеген Іргебаев.

Ростов ауылдық округінің басқа екі ауылында – Ростов пен Красная Нивада тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

– Ростовта тұрғындар екі ұңғыманы пайдаланады, олардың біріндегі су қажетті нормаларға сәйкес келмейді. Содан жаңасын бұрғыладық. Біз оны қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Төлеген Іргебаев. – Красная Нива ауылында көптеген жылдар бойы тұрғындар жазда ауыз су тапшылығын көрді. Көкөніс бақшаларын суару үшін мәселесін шештік. Суаруға техникалық су тартылды. Осы шаралардың барлығы біздің тұрғындарды сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ростов ауылдық округінің басқа да мәселелері біртіндеп шешілуде. Қызылжарда тұрақты ұялы байланыс болған жоқ. Тұрғындар облыс әкіміне хабарласқаннан кейін бөлімшеде Beeline компаниясының мобильді байланыс мұнарасы орнатылды. Жақын арада жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады. Сондай-ақ, жергілікті жастардың спортпен айналысуына арналған зал ашылады. Ол үшін дайын ғимарат жөнделеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Биылғы жылы Бұқар жырау ауданында Асыл, Қызылжар, Сарытөбе және Жаңаталап ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл 2916 адамды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.