Ләззат САҒЫМБЕКОВА: «Судья – сот саласының тірегі»
Биыл алғаш рет еліміздің судьялары мен сот қызметкерлері мерекесі аталып өтті. Заң жоқ заманда билер билігін жүргізіп, дұрысы мен бұрысын айтып, жұртты сабырға шақырып, әділдікке бастады. Сол билердің бүгінгі жалғасы әділдікті, теңдікті сақтап отырған билері – қазіргі судьялар. Сондықтан, өз кезегінде Мемлекет басшысы сот саласындағы ауқымды жобаларды енгізу, ұдайы дамыту, судьялардың біліктілігін, аталған саланы модернизациялауды тапсырған болатын. Және «Жаңа Қазақстан» құру жолында халық алдындағы абыройын арттыруда үлкен бастама көтеріліп, жауапты шаруаларды атқару жүктелді. Айтулы сала мамандарының төл мерекесіне орай Балқаш қалалық сотының төрағасы Ләззат САҒЫМБЕКОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Ләзат Абзалбекқызы, әңгімемізді мекеменің құрылу тарихынан бастасақ…
– Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Балқаш өңірінде 1932 жылы «бесжылдықтың» үлкен құрылысы басталды. Содан кейін «Прибалхашстрой» Халық соты құрылды. 1937 жылдың 12 сәуірінде Қазақ ССР Орталық Атқару комитетінің шешімімен Балқаш маңы құрылысы Балқаш қаласы болып қайта құрылды. Үлкен қалалық жерлерде сот ісін жүргізу туралы заңмен бірнеше халық соттарының учаскелерін құруға рұқсат етілді. Осылайша, 1939 жылы «Прибалхашстрой» халық соты Балқаш қаласының халық соттарының 3 учаскесіне бөлінді. Сол уақытта Балқаш қаласының 1-ші учаскесінің бірінші халық судьясы Ғабдулла Имамбаев, 2-ші учаскенің судьясы Маткен Рахимжанов және 3-ші учаскенің судьясы Құсайын Өтегенов болды. Соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі бүлінуді қалпына келтіруде Балқаш қаласының нарсуд учаскелерінің халық судьялары М.Ишмурадов, И.Восковцов, А.Ермошкина, В.Шматков, Л.Ткачева, Ш.Сұлтанбаев, А.Тойшыбеков, К.Сәрсенов, В.Алешин, Л.Ефремова, А.Каукенов, З.Кузнецова елеулі еңбек етті. Ал, 1960 жылдан бері қарай Балқаш қалалық сотында төраға лауазымында қызмет атқарған Абдрахман Каукеновтен бастап, маған дейін 13 адам басшылық қызмет атқарған. Мен 2021 жылы 14-інші басшы болып Балқаш қалалық сотының төрағасы қызметін жалғастырдым. Негізі, бұл салаға 17 жасымда келген едім. Еңбектің қазанында қайнап, барлық еңбектің сатысынан өттім. Бүгінде мамандар үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамыту үшін еңбек етуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құруда заң үстемдігіне жете мән беріп отыр. Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар аясында заң жобасына байланысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Ежелден қазақ қоғамы заңға арқа сүйеп, тәртіпке тәуелді болған. Көненің көзі қалыптасқан жарғылардан бастап, әділдік іздеген жанның сүйенішіне айналған. Сондықтан, «Жаңа Қазақстан» құру жолында заң саласының дамуы, халыққа қолайлы етіліп, жүйеленуі азат елдің әрі қарай өркендеуіне үлесін қосады. Оның ішінде, халықпен санасып, елдің талқысына салып, заң аясында жаңа редакция бекігеннен кейін бұл салада өрлеу басталатындығына сенім артамын. Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын!
– Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында 2016 жылдан бастап бес сатылы сот жүйесі үш сатылы сот жүйесіне көшті. Үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары мен пайдасына тоқталып өтсеңіз…
–Үш сатылы сот жүйесіне көшу барысында барлық заңның тетіктері ескерілді. Бұл шешім бір сәтте ойлап тауып, шұғыл қабылданған жоқ. Талқыланды, ой таразысына тартылды. Бірінші саты – аудандық және оларға теңестірілген соттар, апелляциялық саты – облыстық сот, кассациялық саты – Жоғарғы сот болып бекітілді. Атап айтқанда, сот сатыларының бес сатыдан үш сатыға азаюы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге зор мүмкіндік береді. Үш сатылы сот жүйесіне көшуімізді құқықтық қоғамды дамытуға бағытталған басты қадамға және жетістікке балаймын.
– Сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігі – қос тарапты бітімгершілікке шақыру. Соттың осы бағыттағы жұмысы бойынша не айтар едіңіз?
– Өмір болған соң әртүрлі пікірдегі адамдар сотқа жүгінеді. Бірақ, дені істерді заңды түрде қаратып, әділ шешімдерін алып жатады. Дауласып, ұрысып келгендердің дені сот процесі үстінде татуласып, бір мәмілеге келгендері де көп болды. Біз сотқа дейін екі тараптың дауын шешуге сараптау жұмысын атқарамыз. Бұл жерде медиацияның рөлі жоғары. Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескеретін жайт, бұл жерде екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен, шешімнің орындалу деңгейі жоғары болады. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация еркін процесте жүргізіледі. Осы бағыттарда жұмыс жасап, біз істі сотқа жеткізбей мәселені шешуге тырысамыз.
– Ұзақ жылдан бері судьялық қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіз. Сөз басында өзіңіз жұмыс жасап жатқан салаға 17 жасымда келдім деп айтып қалдыңыз. «Судья – халықтың ары» демекші, бүгінгі судьяға қойылар талап қандай?
– Бұл салада еңбек етіп жатқаныма биылғы жылы 40 жыл болады. Сот жүйесі заң үстемдігін толық қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан, қазіргі таңда жалпы судьяларға және судьяға үміткерлікке кадрларды іріктеу мен орналастыруға айрықша назар аударылып отыр. Әр судья қара қылды қақ жарып, әділдікті ту етуге тиісті. Сол себепті де, республикада Жоғарғы сот кеңесі қайта құрылды. Сот судьясы лауазымына үміткерлерді іріктеу механизмі де күрделенді. Енді, сотқа төрелік ету – кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еншісінде. Қазір судья болу үшін екі үлкен мүмкіндік бар. Бірі – біліктілік емтихандарын тапсыру болса, екіншісі – мамандандырылған магистратураны бітіру. Бұл жүйе аясында тәжірибелік сынақ арқасында сот жүйесі біліктілігі мықты мамандармен қамтамасыз етіледі деп ойлаймыз.
– Өзіңіз басқаратын сот ұжымының қандай жетістіктері бар? Кейінгі жылдарда қол жеткізген жетістіктерге қысқаша тоқталып өтсеңіз…
– Сот жүйесін цифрландыру қарқыны, соттардың материалдық-техникалық қамтамасыздандырылу деңгейі мен көлемі, соттың қолжетімділігі пен ашықтығы сапалы, жаңа деңгейге көтерілді. Сот органдарының сервистері мен қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі – «Сот кабинеті», 32 мемлекеттік органның мәліметтер базаларымен интеграцияланған «Төрелік» жүйесі, сотқа келушілер үшін жасалған «Фронт офистер» және «Медиаторлар кабинетінің» жұмысы, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» және «Түнгі сот» жобаларының жұмысы – оң өзгерістердің дәлелі. Нақты айтқанда, 2019 жылы Балқаш қалалық сотында «Фронт-кеңсеcі» ашылды. Фронт-кеңседе сотқа келушілерге ыңғайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалған. Ол қажетті кеңсе жабдықтарымен жабдықталған, мұнда сотқа өтініштерді ресімдеу және беру тәртібі, сот өндірісіндегі істер мен материалдардың қозғалысы мен оларды қарау барысы, сот отырыстарын өткізу уақыты, кіріс хат-хабарлар мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы туралы мәліметтерді ұсыну бойынша қызмет көрсететін ақпараттық орталық орналасқан. Бұл жерде медиаторлар мен адвокаттарға арналған жеке кабинеттер бар. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар «Сот кабинеті» АЖ қызметін еркін пайдалана алады, WI-FI өткізіліп, гаджеттер үшін қуаттандыру құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар жыл сайын дамып өз жемісін беріп келеді. Бүгінгі күнде Балқаш қалалық сотында 11 судья сот төрелігін жүзеге асырады. Қалалық сот қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарауға мамандандырылған. Балқаш қалалық соты өз жұмысы арқылы жоғары бағасын алып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының 10 жылдығына орай Қарағанды облыстық соты ұйымдастырған ақпараттық бейнероликтер байқауында Балқаш қалалық соты 18 бейнероликтің ішінен I орынды иеленді. Сондай-ақ, Балқаш қалалық сотының судьясы Лаура Исабекова Алғыс хатпен марапатталды.
– Осы жылы тұңғыш рет еліміздің судьялары мен сот қызметкерлері күні мерекеленді. Өз әріптестеріңізге осынау ортақ мерекеге орай бір ауыз жылы лебізіңізді білдірсеңіз…
– Иә, биылғы жылы алғаш рет еліміздің судьялары мен сот қызметкерлері мерекесі аталып өтті. Аталған салада еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері аса қатты жауапкершілікті талап етеді. Оны әріптестеріміз жақсы біледі. Судья – сот саласының тірегі, әділдік – халықтың тілегі. Кеңсе меңгерушісі – сот кеңсесінің жұмысы мен соттағы іс жүргізуді ұйымдастыратын маманға дейін табаны тозып еңбек етеді. Осындай сала мамандары үлкен істердің басын құрап, еліміздің сот жүйесін ілгері дамытуда тер төгуде. Барша әріптестерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы