Облыс әкімі

Саз мектебіндегі салиқалы жүздесу

Республика күні қарсаңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек №1 балалар музыка мектебіне барып, мұғалімдер мен оқушыларды мерекемен құттықтады. Жас музыканттар концерт қойып, жетістіктерімен бөлісті.

 

№1 музыка мектебінің таланттарды тәрбиелеп келе жатқанына 44 жыл толып отыр. Аталған оқу һәм өнер ордасы әншілер әулетімен танымал. Шакеновтер, Бибичевтер, Файзурахмановтар секілді. Бұл мектептен қанат қаққан түлектер әлемнің жетекші консерваторияларына түседі. Биылдың өзінде 40-тан астам оқушы түрлі деңгейдегі байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды.

Бүгінгі күні 17 музыкалық бағыт бойынша 700-ге жуық бала оқиды.

Жеңіс Қасымбек келесі жылы музыка мектебінің ғимаратын жөндеп, аумақты абаттандыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Жаңа музыка құралдарын сатып алуға да қолдау көрсететінін айтты аймақ басшысы.

Балалар жылының құрметіне және Республика күніне орай мектепке жаңа чех роялі Petrof сыйға тартылды.

– Сыйлық ерекше ұнады. Бұл – ең жақсы брендтердің бірі. Дыбысы керемет. Бізде бірнеше жыл бұрын бюджет қаражатына сатып алған Petrof бар. Бірақ, оған біршама уақыт болды. Ескі фортепианомен мүлдем үйлесе алмайды. Енді концерттерге екі заманауи фортепианода нөмірлер дайындай аламыз, – дейді мектеп ұстазы Галина Бибичева.

Жаңа фортепианода жас талантты пианист Малика Күзембаева ойнады алғаш рет. Әнші балақай халық әні «Япур-айды» тамылжыта орындады. Композитор Марат Сүтішев «Атамекен» пьесасын орындады.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button