Облыс әкімі

Бизнеске қолайлы ахуал қажет

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлер ашық микрофон форматында өзекті мәселелерді талқылады. Бас қосуда бизнесті қолдау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүйелі шаралар ортаға салынды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні өткізіледі. Бұл диалогтық алаң тексеру рәсімдері жөнінде кері байланыс орнатуға, бизнеске жүктемені төмендетуде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің өтінішімен пилоттық тәртіпте энергоХҚКО құрылады, облыс орталығында оны биыл іске қосу жоспарлануда. Жергілікті бюджет, «Даму» қоры, ірі компаниялар есебінен бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы қабылданады. Біз бүгін бизнестің өзекті мәселелерін анықтау, шешу жолдарын бірлесіп талқылау үшін жиналып отырмыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Кәсіпкерлерде құқықтарды қорғау туралы көптеген мәселе бар. Сондықтан кездесуге құқық қорғау органдары мен бақылаушы ұйымдардың өкілдері арнайы шақырылды. Сондай-ақ, облыстық соттың төрағасы қатысты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің айтуынша, бірінші тоқсанда бизнес субъектілерінің 40-қа жуық өтініші шешілген. Сұрақтардың басым бөлігі салық салу, сатып алу, жер қатынастарына байланысты.

Құрылыс сметаларын түзету, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі, жұмыс күшінің тапшылығы өзектілігін жойған жоқ. АӨК субсидиялау мәселелері де кәсіпкерлерді алаңдатады. Жергілікті өндірушілерді қолдауды жетілдіру, заңнамаға өзгерістер енгізу, халықаралық көрмелерге сапарларды ұйымдастыруға көмек көрсету бойынша ұсыныстар айтылды.

– Пандемияға туындатқан қиындықтарға қарамастан, өңірде шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Жұмыстарыңыз үшін, жұмыс орындарын құрғандарыңыз үшін рахмет. Барлық мәселелеріңізге қанықтық. Құқық қорғау блогымен дөңгелек үстелдер өткізуді қажет ететін проблемалар баршылық. Бизнес үшін қолайлы ахуал жасау – аса маңызды міндет. Мұндай кездесулер әлі де жалғасады, – деді облыс әкімі кәсіпкерлерге.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button