Облыс әкімі

“Уәде орындалуы керек”

Соңғы уақытта облыста құрылыс материалдарының қымбаттауынан және әлемді дүрліктірген пандемия салдарынан AMANAT партиясының Жол картасындағы бірнеше жоба іске аспай тұр. Дегенмен, міндет орындалуы керек. Бұл туралы партияның Қарағанды облыстық мәслихатындағы фракциясының мәжілісінде айтылды.Жиынға Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов, депутаттар, облыстық басқармалар басшылары қатысты. Қала, аудан әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының жауапты хатшылары онлайн режимде қосылды. Қарағанды облысының әкімі, AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек:

– Өткен жылдан бастап біз AMANAT партиясының Жол картасын белсенді түрде жүзеге асырудамыз. Жол картасы 2025 жылға дейін есептелген. Ол 7 басым бағыт пен 132 іс-қимыл тармағынан тұрады. Бүгінгі күні 2021 жылға жоспарланған 124 іс-шараның 106-сы орындалды, 15-і орындалмады, 3-і жүзеге асырылуда. Халыққа берген сайлауалды уәдемізді орындауымыз керек, – деді.

Жиынға депутаттық корпустағы партия фракциясының жетекшісі Қадиша Оспанова модераторлық етті.

– 6 сәуірде 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы индикаторлардың орындалуын бақылау мақсатында Жол картасының орындалуына жауапты бағдарлама әкімшілерімен кеңес өткіздік. Ұлттық жобалардың бес бағыты бойынша мониторингтік топ құрылды, олар жобалық кеңсе басшылығымен бірлесіп орындаудың ықтимал тәуекелдерін қарастырады, – деді Қадиша Оспанова.

Сонымен қатар, фракция жетекшісі партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру парламенттік фракция мен партия филиалы төрағасының тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасының іс жүзінде барлық саланы қамтитынын айтты. «Бүгінде Ұлытау өңірінің құрылуына байланысты Жол картасын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде», – деп атап өтті.

Келесі кезекте қатысушылар кейбір жобаның орындалмау тәуекелдерін қарастыруға көшті. Мәселен, қаржыландырудың жоқтығынан 124 мың тұрғынды қамтитын көпқабатты тұрғын үйлердің кемінде 440 қасбетіне және шатырына жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін еместігі айтылды. Дәл осы себеппен биыл 108 лифтіні қалпына келтіру және ауыстыру да тәуекел тобына енді. Жоспарланған көрсеткіштерді түзету жоспарлануда.

Депутаттар осы жылы облыста алты спорт нысанының құрылысы орындалмай қалу қаупі бар екенін айтты. Мысалы, Жезқазған қаласындағы ескек есу спорт кешенінің жобасы реттеліп жатқанын, жоба аяқталғаннан кейін жүзеге асыру жоспарлануда. Ал, Қарағандыдағы Күрес орталығы сараптамадан өтуде. Жобаны жүзеге асыру оның оң қорытындысын алғаннан кейін басталады. Саран қаласының Ақтас ауылындағы 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сараптаманың оң қорытындысы берілген жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп бітті, бірақ құрылысты бастауға қаражат жоқ. Нұра ауданы, Нұра ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысында да күрделі жағдай туындады. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасының» қолдауымен құрылысы басталғанымен әлі аяқталған жоқ. Биылғы жылы сот дауларына байланысты құрылыс толығымен тоқтатылды. Сонымен қатар, жоба құрылыс материалдарының құнының өсуіне байланысты түзетуді қажет етеді. Ал, Қарағандыдағы 50 метрлік бассейнге қосымша жер телімін бөлу қажет. Құрылыс келесі жылы басталады деп жоспарлануда. Биыл Қарағандыда ипподром құрылысы басталады. Инвестициялық жоба әзірленіп, қаржы бөлу үшін қаржы бөліміне жіберілді.

Сондай-ақ, депутаттар Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылында өрт сөндіру бекетін құру шараларының орындалмай қалу қаупін де талқылады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы жылға Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылында, Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында, Нұра ауданының Жараспай, Мұзбел ауылдарында өрт сөндіру бекеті жоспарланған.

Жиынға қатысушыларды Жезқазған қаласындағы Кеңгір ауылындағы биоэлектр стансасы құрылысының барысы, өңірде қоқыс сұрыптау желісі мен кешенін ұйымдастыру, сондай-ақ, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту мәселелері қызықтырды. Сондай-ақ, депутаттар бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамтуды 100 пайызға жеткізу үшін мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту мәселесін көтерді. Қамту жоспары 86% болса, факт 78,6% құрады. Шенеуніктер мұны 2020-2021 жылдары індетке байланысты кейбір жекеменшік балабақшалардың ашылмағандығымен түсіндірді. Оның үстіне облыста 26 балалар шағын орталығы балаларды қабылдай алмағандықтан жабылды. Ал, бұл салада айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, мектепке дейінгі мекемелердің барлық қызметтері автоматтандырылды. Енді ақпараттық жүйеден толық үзіндіні алуға болады.

Облыс әкімі өз кезегінде партияның Жол картасы тармақтарының орындалуын қамтамасыз етуде атқарған жұмыстары үшін депутаттарға алғыс айтты.

Жол картасын уақытында орындау тәуекелдерін ескерген аймақ басшысы экономика басқармасына, бағдарлама әкімшілеріне, қала және аудан әкімдеріне оның мерзімінде және сапалы орындалуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Жеңіс Қасымбек AMANAT партиясы фракциясының депутаттарына өздеріне бекітілген көрсеткіштер мен нысандарды бақылауға алуды тапсырды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button